Жайықтың жағдайы қиын
Жайықтың жағдайы қиын

Үкімет ақыры Жайық өзенінің аянышты экологиялық жағдайына назар аударды. Әйтпесе, жұртшылық, ақпарат құралдары, соның ішінде Аiqyn газеті бұл мәселені талай көтерген болатын. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі соңғы жылдары суының азаюына байланысты Жайық өзенінің жағдайы шынында нашарлағанын мойындады.

«Оның экологиялық жағдайы ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап Жайық өзеніндегі су ағынының көлемі біртіндеп азайып келеді. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, бұл Жайық өзенінің бассейнінде аз сулы кезең циклінің басталуына байланысты. Өзендердегі су деңгейі төмендеуінің жиілеуіне, бассейндегі ағынды реттеуге, жерді жыртуға және орманды кесуге байланысты өзеннің гидрографиялық желісі нашарлаған», – деді ведомство. Жайық өзені бассейніндегі су жағдайын жақсарту бойынша шаралар қабылдау үшін Қазақстан Ресей тарапымен Жайық өзенінің гидрологиялық режиміне бірлескен зерттеулер жүргізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Осы мақсатта 2020 жылғы қазанда ірі өзендер бассейндерінде (Жайық, Ертіс және басқалары) зерттеулер жүргізу бойынша ынтымақ­тастықты жандандырудың Бірыңғай Жол картасы және оның тармақтарының орындалу мерзімдері мен оларды ұйымдастыру нысандарын нақтылаумен іс-шараларды іске асырудың жұмыс кестесі бекітілді. Қазір қазақстандық және ресейлік сарапшылар бірыңғай Жол картасын жүзеге асыруға кірісті. Бірыңғай Жол картасының іс-шараларын іске асыру нәтижесінде Жайық өзенінің гидрологиялық режимін және экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған бірлескен шара қабылданатын болады.

Е.СЕНБАЙ