Қазақстан майнингтен әлемде 2-орынға шықты. Бұған дейін, жыл басында 4-орында тұрған. Енді бір держава ғана қалды. Қазақстан Қытай елінен қашқан майнерлер есебінен алға озып отыр. Бірақ жалған «ақшадан», яғни құнсыз криптовалютадан түсетін шын қаражат бәрібір Қытайға кетеді екен. Майнингтің кең өркен жаюы кесірінен Қазақстан қуат дағдарысына ұшырау мүмкін.
Қытайдан «қоныстанушылар» қай өңірге құмар?
Кембридж университетінің мәліметінше, жаһандық майнингтегі Қазақстанның үлесі 18%-ға жетті. Осылайша, республика криптовалюта өндірісі бойынша әлемде екінші орынға шықты. Өйткені Қазақстан бұл салаға қолдау көрсетіп отырған әлемдегі аз елдің бірі. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 2025 жылға дейін майнингке 500 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылатынын хабарлаған-тын. Аталған министрліктің вице-министрі Асхат Оразбектің түсіндіруінше, 2020 жылғы 25 маусымда күшіне енген «Кейбір заңнамалық актілерге цифрлық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес, Қазақстанда цифрлық активтердің айналымы заңдастырылды, оны реттейтін құқықтық режим заң жүзінде орнатылды. «Атап айтқанда, цифрлық актив ұғымы енгізілді, ол қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген (криптовалюта) болып екіге ажыратылады. Бүгінде елде майнингті кәсіпкерлік қызмет деп тану бойынша заңнамалық база қалыптастырылды», – деген түсініктеме берген болатын мамыр айында вице-министр Асхат Оразбек. Содан бері жағдай көз ілеспес жылдамдықпен өзгерді: Қазақстан бұл істе Қытай мен Ресейді артқа тастап, Америкамен терезе теңестіре бастады. Кембридж университетінің зерттеуінде айтылғандай, енді майнинг бойынша жаһандық көшбасшы Қытай емес, АҚШ: оның үлесі 35,4%. Ресей 11% үлесімен үшінші орынға шықты. Осыдан-ақ көрші Қытай майнерлерінің электр қуаты арзан көрші елдерге – Қазақстан мен Ресейге миграциясы басталғанын байқауға болады. Bloomberg дерегінше, Қытай майнерлерінің көбі Қазақстанға, одан қалды АҚШ, Канада, Еуропа және Ресейге қоныс аударып жатыр. Қытайлық атақты майнинг алпауыты Bit Mining биылғы маусымда 320 майнерін Қазақстанға көшіріп алды. Кейбір деректер бойынша ірі майнинг фермалары Ақтөбе, Павлодар, Екібастұз, Петропавл, Түркістан және Талдықорғанда қарқынды өркен жайып келеді.Криптовалютаға неге тыйым салынды?
Таяуда ғана дүниежүзілік лидер болған ҚХР-дің үлесі 46%-дан нөлге бір-ақ түсті. Себебі шығыс көршіде биылғы қыркүйек айынан бері криптовалюта майнингі түбегейлі доғарылды. Бұған қоса, ҚХР билігі криптовалюталық транзакциялар жүргізуге толығымен тосқауыл қойды. Биткоин сатқандар да, сатып алғандар да қаржылық қылмыс жасаған болып есептеледі және қатаң жазаланады. Сарапшылардың айтуынша, Бейжің осы арқылы келесі жылы жаппай қолданысқа енгізіледі деп жоспарланып отырған цифрлық юань үшін өрісті тазалауда. Қазіргі шытырлаған ақша күйіндегі дәстүрлі ұлттық валютаны да жоюы тиіс цифрлық юань (DCEP, Digital Currency Electronic Payment) Қытай билігіне елдегі әрбір «тиынның» қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Ал егер DCEP-пен бірге әлемдегі ешбір мемлекет бақылай алмайтын криптовалюта қатар жүрсе, мұндай қадағалау мүмкін болмас еді. Осыған орай өз елінде «қылмыс ошағына» айналған Қытайдың майнинг фермалары өзге елдерге, негізінен Қазақстанға көшіп жатыр. Осыдан болса керек, қазір интернет, әлеуметтік желілер «Майнинг фермы под ключ» деген жарнама-хабарландыруға толы. Криптовалюта өндіру ісі қазақстандықтарды ынтызар етіп, есіл-дертін жаулап алды. Олар тез байып шыға келемін деп ойлайды. Кешегі, 19 қазандағы жағдай бойынша 1 биткоинның құны 26 миллион 382 мың теңге тұрады. Демек, біраз қазақстандық бірнеше жыл шүмектеп тер төгіп, тынбай еңбек етсе де, 1 биткоинға тұрарлық табыс таба алмайтын болғаны ма? Шынында олай емес. Құнсыздануын, халвинг үрдісін ескергенде криптовалюта бағамы үнемі құлдырап тұрады. Мысалы, 2021 жылғы 28 қыркүйекте биткоин бағасы 17,4 миллион теңгеге дейін түсті. Ал 2015 жылы 99 мың теңгеге дейін арзандап кеткен болатын.Бес Қызылорда облысының қуатын «жейді»
Қытайдың майнингке тосқауыл қоюының тағы бір салмақты себебі бар: криптовалюта өндірісі елде энергетикалық дағдарыс туғызуға қабілетті. Ешбір ел мойындамаған, нақты құны жоқ бұл «елес» активтің өндірісі өте көп қуат шығындауы кесірінен нақты өнім беретін өнеркәсіптерді тоқыратады. Сондықтан 2021 жылғы шілдеде Қытайдың Мемлекеттік энергетикалық корпорациясы жеке және заңды тұлғалардан бұдан былай электр энергиясын криптовалюта майнингі үшін пайдаланбауды талап етті. Бұған бағынбағандар тоқтан түпкілікті ағытылады. Осы арқылы шығыс көрші күшейіп бара жатқан энергетикалық дағдарыспен күресіп келеді. Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда дәл қазір энергия тапшылығы жоқ. Биылғы жыл басынан бері, қаңтар-қыркүйек айларында елде 83,872 миллиард кВт/сағат электр қуаты өндірілген. Жалпы алғанда, еліміз 2021 жылы 109 млрд кВт/сағат электр энергиясын өндіруді жоспарлап отыр. «Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстан 2020 жылы 108 млрд кВт/сағат электр энергиясын өндірді, ішкі тұтыну көлемі 107,3 млрд деңгейінде болды. Яғни, еліміздің электр энергиясына деген қажеттілігі толығымен қамтамасыз етілді», – деп хабарлады министрлік. Бірақ ары қарай жағдай күрделенуі мүмкін. Себебі биыл электр қуатын тұтынудың рекордтық өсімі тіркелді. Сарапшылар электр шығынының күрт өсуін қытайлық майнинг кәсіпорындарының Қазақстандағы жұмысымен байланыстырады. Осыған дейінгі жылдары электр тұтынысы елімізде жыл сайын шамамен 2%-ға ғана артып отырса, биыл бірден 7%-ға шарықтаған. Бұл 1,5 мың мегаваттқа тең. Мұның ауқымын түсіну үшін салыстырсақ, бұл Қазақстанда тағы 5 Қызылорда облысы пайда болғанмен бара-бар! «Қытай елінен майнерлердің бақылаусыз миграциясы Қазақстанда энергетикалық дағдарыс тудыруы ғажап емес. Рас, әзірге елде электр энергиясы мол өндіріледі. Артығы экспортталады. Әйтсе де, майнинг қуат құнының қымбаттауына соқтыруы ықтимал. Биржада бұрын бір кВт/сағатты 1,5 теңгеден саудалайтын. Енді ол еселеп өсіп жатыр. Биылдың өзінде тариф екі рет көтерілді. Бір ірі майнинг кәсіпорны тұтас су электр стансасы өндіретін электр энергиясын бір өзі «жеп» қоя алады», – дейді энергетик, техника ғылымдарының кандидаты Камал Жорабаев.Бір өндіріс өзгесін құртып тынбай ма?
Биткоин өндірушілер шығындайтын қуат ағынын реттеу үшін Энергетика министрлігі мен KEGOC нормативтік актілерге түзетулер әзірлепті. Жасырын майнингпен айналысатындар да жетерлік, солардың шамадан тыс ауыртпалық түсіруі кесірінен елді мекендерде, қалаларда электр беру жүйесінде ақаулар, апаттар жиі болып тұрады. Ведомство мұндай көлеңкелі криптофермаларды қуаттан ағытып тастауға ниетті. KEGOC мамандарының пікірінше, жаңа қуат өндіруші нысандар іске қосылмаса, болашақта тез қарқынмен өскен тұтынысты өтеу мүмкін болмайды. Криптовалютаның тәуекелі көп. Сарапшылардың айтуынша, ол адамдардың жинақтарын жоғалтуына, қылмыстық әлемнің қаржыландырылуына, заңсыз трансшекаралық аударымдардың артуына, қаржының жылыстатылуына жол ашады. Бұған энергетикалық дағдарыс қосылып отыр. Мысалы, Иранда майнинг кесірінен электр жүйесі жайрап қала жаздады. Бұл экономиканың дамуына нұқсан келтірді. Желідегі апаттар қарапайым тұрмыстық техника сыртында, кәсіпорындардағы күрделі аспап, құрылғы, жабдықтардың істен шығуына әкеліп соқтырады, бизнеске шығын келтіреді. Әрі қытайлық биткоин өндірушілерден бюджетке түсетін пайда да шамалы. Мұны Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин де айтқан болатын. Майнингтен түсетін табыстың көбі бәрібір Қытайға кетеді. Мысалы, елімізге қоныстанған BIT Mining Limited компаниясының 80% акциясы – ҚХР-ға, тек 20%-ы ғана қазақстандық серіктестеріне тиесілі екен. Сондықтан биылғы мамырда Мәжіліс Салық кодексіне өзгеріс енгізіп, цифрлық майнингке алым енгізді. Бұл жерде криптовалюта өндіру үшін тұтынылған 1 киловатт-сағат қуат үшін төлем ставкасы 1 теңге ғана болмақ. Осының өзіне майнерлер үдере қарсы шыққаны есте. Дегенмен Парламентте ұлттық заңнамаға басқа да түзетулер енгізу қажет болатынға ұқсайды. Бұл саланы қатаңырақ реттеу, майнерлердің бақылаусыз миграциясын шектеу, қара ниетті майнерлердің биткоин өндіруге өзге тұтынушылардың компьютерлерін, электр желілерін заңсыз, жасырын пайдалануына тыйым салу үшін қажет. Әйтпесе, әлемдік лидер болып тұрған тұста Қытай криптовалюта өндіру үшін 84 ұсақ ел пайдаланатын бүкіл электр энергиясын бір өзі тұтыныпты. Егер Қазақстан көшбасшыға айналса, еліміздегі 204 электр стансасы сонша қуат өндіре алмайды. Онда биткоин өндірісі республиканың барлық дәстүрлі өнеркәсібінің күйреуіне әкеліп соғуы ғажап емес.Айхан ШӘРІП