Өзін өлімге қиғандар азаяр емес
Өзін өлімге қиғандар азаяр емес
215
оқылды

Қазақстанда суицид мә­селесі әлі күнге өзекті. Әсіресе, 30 жасқа толмаған жастар мен жас­өспірімдер арасында өз-өзі­не қол са­лушылар кө­бейген. Жас­тардың мұн­дай қадамға баруына не түрткі? Бәлкім, жасөспі­рім­дер арасында қысым көп болар? Ма­ман­дар отба­сын­дағы жанжал мен депрес­сияны себеп ретінде алға тартады. Ал оның алдын алу мүмкін бе?

Статистика адам шошытады

Бас прокуратураның мәлі­метінше, 2019 жылы еліміз­дің 3 805 азаматы суицид құр­баны болған. Басым бөлігі – Ал­маты, Шығыс Қазақстан және Түркіс­тан облыстарының тұр­ғындары. Бір қызығы, өз-өзіне қол жұм­сағандардың 3 мыңы – ер адам. 887-сі – 15-29 жаста­ғылар. 2020 жылы 3 515 суицид оқиғасы тір­келген. Оның 143-і – жасөспі­рімдер. Жалпы, өз-өзіне қол жұм­сауға талпынған 4 849 оқи­ға анық­талған. Оның 306-сын ­жас­өспірімдер жасаған. Екі жылдың есебінде аса бір қатты айырмашылық білінбейді. Пандемия кезінде «суицид азай­ды» деген мәліметтер көптеп шыққаны рас. Бірақ олай айтуға болмайтын тәрізді. Мысалы, биыл алғашқы 3 айдың ішінде 834 азамат суицид себебінен көз жұмды. Азаймады деуімізге дә­лел болсын, Finprom.kz зерт­теу­шілерінің 2021 жылы мамырда жариялаған дерегінде, Қазақ­станда кәмелетке толмағандар арасындағы суицид саны бір жылда 15%, суицидке тырыс­қан­дар саны 5% көбейгені айтылады. Биыл қаңтардан сәуірге дейін елімізде кәмелетке толмағандар арасында 53 суицид әрекеті жа­салды. Бұл былтырмен салыс­тырғанда 15,2% жоғары. Оның ішінде 32 ұл, 21 қыз бала бар. Өз-өзіне қол жұмсауға тырысқан әрекетті тағы 120 адам жасаған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсет­кіш­тен 5,3% көп. Олардың ішінде 21 ұл мен 99 қыз бала бар. Бір қы­зығы, олардың көбі толыққанды отбасында өмір сүрген. Ата-ана­сы ажырасып, не басқа отбасы­лық дау шығармаған. Қазақстан балалық шақтың ұзақтығы мен қорғалуы бойынша 180 елдің рейтингісінде 50-орын­да тұр. Балалар арасындағы суицид 100 мың тұрғынға шақ­қанда – 1,3 пайыз. Бірақ осының өзі мемлекетті суицид жөніндегі статистикаларда алдыңғы қа­тарға шығарып жүр. Бір сауал – Қазақстан расымен өз-өзіне қол жұмсағандар есебі бойынша әлем елдерінің алдында тұр ма? Рас, әлемдік антирейтингте Қазақстанның «алдыңғы орны» туралы көп айтылады. Қолда бар ақпараттар шынымен елдегі суицидтен болған өлім әлемдегі ең жоғары деңгейдің бірі бол­ғанын көрсетеді. Бірақ дәл осы тұста ақпаратты жинауда проб­лемалар бар екенін ескерген абзал. Суицид туралы деректі жинауды барлық мемлекет са­палы деңгейде жасамайды. Оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да сан рет қайталаған. Мәселе тек жауапты органдар­дың жұмысында ғана емес, әр­түр­лі қоғамның мәдени ерек­ше­лі­гін­де. Суицид тақырыбына кей елде тыйым салынған, енді бі­рінде айтылмайды немесе әдейі болма­ған жарақат ретінде тірке­леді. Осыған байланысты әлем­дегі өзін-өзі өлтіру саны туралы мәлі­меттер төмен бағалануы мүм­­кін деп болжанады. Сон­дық­тан Қа­зақстандағы суицид ста­тисти­ка­сы туралы айтқанда тек тіркелген жағдайды сөз ете­міз. Бірақ соның өзінде еліміздегі суи­цид есебін өзге елдерден аз деуге келмейді. 2016 жылы ден­саулық сақтау зерттеушісі Джон Элфлайн суи­цид деңгейі жоғары 20 ел тізімін жасағанда, Қазақ­стан 7-орынға тұрақтаған. Енді мәселенің негі­зіне қайта орал­сақ. Азаматтар бұл қадамға не үшін барады?

Себеп сан түрлі

Өмірде қиындыққа тап бол­ған адамның көбі оны істемесе де бір рет өз-өзіне қол жұмсау жай­лы ойланатыны жиі айтыла­ды. Бірақ оны жасырып қала­тын­дар көп екен. Былтыр «Қа­зақ­станның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» қоғамдық қоры 14-29 жас аралығындағы 2 мың адамды қатыстырып, әлеу­меттік зерттеу жүргізген. Нәти­жесінде, респонденттердің 17 па­йызы өз-өзіне қол жұмсау ту­ра­лы ойлағанын анықтапты. Де­мек, жастардың арасында суи­цид жайлы іштей толғана­тын­дар болған. Әлеуметтік зерт­теуге қатысқандар психикалық күйзеліс, қаржы тапшылығы, жалғыздық, ата-анамен тіл та­быса алмау осындай ойға түрткі болғанын баяндаған. «Қыздардың суицид туралы көп ойланатыны белгілі. «Жастар қандай өмірлік қиындықтарға тап болады?» деген сауалға кө­біне қаржылық мәселелерге, же­ке өмірдегі және оқудағы проб­лемаларға тап болатынын айтады. Кейбірі денсаулығына бай­ланысты күйзеліске ұшы­рай­тынын айтса, енді бірінде отба­сында, ата-аналарымен және достарымен арада кикілжің бо­лады. Осыған қарап жастарды суицидке не итермелейтінін аң­ғарамыз», – дейді «Қазақ­стан­ның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ әлеумет­танушы­сы Татьяна Резвушкина. Маман сөзінше, суицид қай жерде болса, себебін де сол ар­қылы анықтауға мүмкіндік бар екен. Мысалы, бала үйінде суи­цид жасаса, отбасында дау болуы мүмкін. Ал өлім орны мектеп болса, қатарластарымен келіс­пей қалып немесе оқу үлгерімі нашар болуы мүмкін. Суицидтің себебі әртүрлі. Дегенмен елімізде көбіне суицидке итермелейтін негізгі себеп – жалғыздық. Жал­ғыздық – депрессия ауруының белгісі. Сонда кез келген қиын­дық адамды депрессияға шал­дық­тыруы мүмкін. Институт өкіл­дері есепке де күмәнмен қарайды. Мәселен, біздің қоғам­да өз-өзіне қол салғандарды немесе соған әрекеттенгендерді айыптап, сыртынан ғайбаттау көп. Осыны ескергендіктен мар­құмның жақындары өлім себебін суицидпен байланыс­тырмауға тырысады. Демек, кей деректер арнайы статистикаға ілінбей қалғанына таңғалмау қажет. Енді оның алдын қалай ала­мыз? Бұл тұрғыда екі ұсыныс бар. Біріншісі – көп психологтер айтып жүрген, былтыр осы бо­йынша оқулық әзірлеген психо­лог Алексей Лидің суицидтің алдын алудың бірыңғай ұлттық бағдарламасын құру ұсынысы. Бағдарлама аясында балалар мен жастарды қорғау мәселесімен айналысатын ұйымдардың жұ­мыстарына салыстырмалы тал­дау жүргізілуі тиіс. Әрі мектеп пен колледждердегі психолог мамандардың біліктілігін арт­тырып, оларды өзге жұмыс­тар­мен жүктемей, нақты жасөспі­рім­дердің мәселесімен айна­лы­суға мүмкіндік беру керек. Ал екіншісі – Дүниежүзілік ден­сау­лық сақтау ұйымы ұсынған LIVE LIFE тәсілі. Бұл әдіс төрт стра­тегиядан тұрады: қауіпті пре­параттар мен атыс қаруы сияқты суицид құралдарына қол жет­кізуді шектеу, суицид туралы ха­барлауға жауапкершілікпен қарау қажет екені туралы бұқа­ралық ақпарат құралдарында тү­сіндіру, жасөспірімдердің әлеу­меттік және эмоционал дағды­сының дамуына ықпал ету және суицид туралы ой мен мі­нез-құлықтан зардап шеге­тін­дерді ерте анықтап, қолдау және қадағалау. Бірақ айтқанға оңай болғанмен, бұл ұсыныстың нә­тижелі боларына күмән бар. Себебі әр адамның ішінде болып жатқан өзгерістерді уақытында анықтау қиынның қиыны екені даусыз. Жалпы, Дүниежүзілік ден­сау­лық сақтау ұйымы суицидті алдағы уақытта да жер бетіндегі өлімнің негізгі әрі басты себе­бінің бірі болып қала беретінін мәлім еткен. Бірақ осыған қарап қол қусырып отыруға болмай­тыны аян. Ол үшін әр адам жа­қын-жуығын бақылап жүрсе ке­рек-ті. Әйтпесе, көп істің нә­ти­жесі әлі бұлыңғыр күйде.

Мадияр ТӨЛЕУ