Солтүстік Қазақстан облысында дәрігерлер мен медицина саласы мамандары тапшы. Бұл мәселені шешу үшін өзге өңірлерден мамандар шақырылады. Алайда көшіп келген дәрігерлерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі шешілген жоқ. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жанындағы Ұлт денсаулығы мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында айтылды.
«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру үшін қабылданған Жол картасы аясында биыл Солтүстік Қазақстан облысының орталығында денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне арналған жатақхана салынуы тиіс еді. Бірақ жыл аяқталуға таяғанымен, құрылыс жұмыстары әлі күнге дейін басталған жоқ. Бұған республикалық бюджеттен қаржы бөлінбегені себеп. Ал бұдан бірнеше жыл бұрын салынған 80 пәтерлі «Дәрігерлер үйінде» бос пәтер жоқ. Солтүстік Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов өңірімізге басқа жақтан шақырылған дәрігерлерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі өзекті күйінде қалып отырғанын айтты. «Медицина саласының мамандары пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Сондықтан оларға арналған тұрғын үй құрылысын тездету керек», – деді ол. Бір жақсысы сол – басқа жақтан көшіп келіп, ауылдық аймақтарға қоныс тепкен дәрігерлерге 2,5 миллион теңге көтерме ақы мен 1 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде баспанаға арналған бюджеттік несие беріледі. Тағы бір өзекті мәселе – Солтүстік Қазақстан облысында спортшыларға арналған дәрігерлік денешынықтыру диспансері жоқ. Бүгінде өңірде 175 мыңнан астам жүйелі түрде спортпен шұғылданады екен. Соның ішінде 4 мыңнан астам спортшы республика деңгейінде, 700-ден астамы халықаралық деңгейде облыс және ел намысын қорғап жүр. Бірақ бір әттеген-айы – жыл сайын олар міндетті тереңдетілген медициналық тексерістен өту үшін Алматыға жолданады. Диспансердің медициналық қорытындысынсыз олар, әсіресе республикалық құрама командалардың мүшелері оқу-жаттығу үрдісіне қатыса алмайды. «Бүгінде спорт саласының даму деңгейі мен жоғары жетістіктерді, спортшылардың біліктілігін, жарыстарда туындайтын форс-мажор жағдайларды ескере келе дәрігерлік денешынықтыру диспансерін ашудың шұғыл қажеттілігі туындап отыр. Өйткені біздің спортшылар жарыстарға тиісті медициналық тексерусіз барады. Спорттық жарыстарға қатысу үшін спортшы арнайы медициналық тексеруден өтіп, тар профильді мамандардың қабылдауына барып, белгілі бір жарысқа қатысу мүмкіндігін көрсететін бірқатар сынақтан өтуі тиіс. Соның қорытындысы бойынша ғана оларға жарысқа қатысуға болатыны не болмайтыны туралы шешім қабылданады. Мәдениет және спорт министрінің бұйрығына сәйкес, спорттық медицина ұйымдарының құрылымында, атап айтқанда дәрігерлік денешынықтыру диспансерінде мамандандырылған бөлімшелер: функционалдық диагностика, клиникалық-биологиялық зертхана, рентгенологиялық кабинет, бейінді дәрігерлер кабинеттері, күндізгі стационар және тағы басқалары болуы қажет», – деді облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Әлдименов. Алайда Солтүстік Қазақстан облысында медицина қызметкерлерінің кадрлық әлеуеті жеткіліксіз әрі диспансер ашу үшін міндетті қымбат медициналық жабдықтарды сатып алу мүмкін емес. Осыны ескере отырып, Дене шынықтыру және спорт басқармасы облыс басшылығына дәрігерлік денешынықтыру диспансері қызметін мемлекеттік тапсырыс арқылы орындауды қарастыруды ұсынды. Жол картасында көрсетілген міндеттердің бірі – тұрғындардың өмір сүру ұзақтығын 72,9 жасқа дейін арттыру. Статистикалық мәліметтер бойынша, былтыр өңірдегі өмір сүру ұзақтығы 69,9 жасты құраған. 2019 жылғымен салыстырғанда бала туу көрсеткіші 1 пайызға артқан, сонымен бірге адам өлімі көрсеткіші 13,4 пайызға артқан. Бұл тұрғындар қартаюының жоғары индексіне байланысты болып отыр. Жиынды қорытындылай келе кеңес төрағасы Мұрат Жәкенов тиісті басқармалар басшылары мен аудандық кеңестерге Жол картасының мүлтіксіз орындалуын назарда ұстауды, сонымен қатар облыста Омбудсмен институтын құру тұжырымдамасын жасауды, спортшыларға арналған дәрігерлік денешынықтыру диспансерін ашу үшін жұмыс тобын құрып, еліміздің өзге өңірлеріндегі осындай мекемелердің жұмысын сараптауды тапсырды.Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы