Жапа шеккендерге үй берілді
Жапа шеккендерге үй берілді
145
оқылды

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстан зардап шеккен 35 үйдің 24-і қалпына келтіріліп, тұрғындарға берілді. Оның төртеуі Үшбұлақ елді мекенінде болса, 12-сі Жібек жолы және 8-і Қайнар ауы­лында. Қалған 11 үйдегі жұмыстар қараша айында аяқ­талады деген жоспар бар.

Жалпы, ауыл тұрғындары жөн­деуден өткен үйлеріне дән риза. Қайнар ауылы Бірлік кө­шесінің тұрғыны Ержан Ай­дар­құлов баспанасының бұрынғы­дан да жақсарып қалғанына қуа­нып отыр.
– Сол күнгі оқиғадан үйіміз қатты бүлінген еді. Үй мен қора­жайдың 50 пайызы қирап қалған болатын. Жарылыстан кейінгі үшінші күні құрылысшылар келіп, үйімізді қалпына келтіру жұмыс­тарын бастап кетті. Бүгін, міне баспанамызға қайта оралып, құ­рылыс жұмыстарына көңіліміз то­­лып отыр. Үйдің ішіне таза ауызсу кіріп тұр. Бұрын қаржымыз болмай көгілдір отынға қосыла алмап едік, оны да кіргізіп берді. Қора-қопсымызды реттеп, шар­бағымызды қоршады. Басымызға түскен қиын сәтте қолдау көрсет­кен халыққа, мемлекет, облыс басшылығына айтар алғысымыз шексіз, – дейді үй иесі.
Тұрғындар Амангелді Нәдір­беков пен Асхат Мәмбетов те үй­лерінің жаңа кейіпке енгенін ай­тып, ризашылықтарын жеткізді. Қайта жаңғыртудан өткен үй­дің барлығы бірсәулеттік үлгіге кел­тірілген. Қасбеті сарғыш, ірге­тасы қызыл түспен боялып, ша­тыры қызыл жабындымен жа­былған. Тұрғын үйлерден бөлек, 12 кәсіпкерлік нысанның бүгінде үшеуі жөнделіп, қайта жұмысын бастаған. 9 нысанда құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұдан бөлек, Қайнар ауы­лын­дағы көшелер толық жарық­тан­дырылған. Бұрын асфальт жабыны орталық көшеде ғана болса, енді барлық көше тақтайдан тегіс.
– Облыс әкімі әлеуметтік қол­дауларды ұйымдастыруды тап­сырды. Осы тұрғыда ауылдағы әлеу­меттік осал топтағы отба­сы­ларды газбен қамту жұмыстары жүзеге асып жатыр. Толығымен орталықтандырылған таза ауыз­сумен қамтылды. Әлеуметтік кө­мек ретінде біздің тарапымыздан зардап шеккен әр отбасына 300 мың, кәсіпкерлер тарапынан 200 мың теңгеден көмек көрсетілді. Әр оқушы балаға 50 мың теңгеден берілді. Сонымен қатар «Сенім Бай­зақ» қорына түскен қаржы есе­бінен тұрғындардың қора-қоп­сы­сы қайта қалпына келтіріліп жа­тыр, – дейді Байзақ ауданы әкі­мінің орынбасары Қайрат Исмаил.
Құрылыс жұмыстарына 12 мердігер, 200-ге жуық құрылысшы мен 22 техника жұмылдырылған. үй Жібек жолы елді мекеніндегі жарылыстан үлкен зардап шеккен 150 орындық мектеп құрылысы да жоспарға сай жүріп жатыр. Мердігер «Сырым Белеке» ЖШС-ның жұмысшылары бірінші қа­баттың қабырғаларын қалау жұмыстарын бастап кеткен.
– Құрылыс жұмыстары бар­лық бағытта, бір мезгілде жүргіз­і­леді. Бір бригада алғашқы қабат­тың кірпішін қалауға кірісіп кетсе, енді бірі монтаждау, келесі топ дәнекерлеу жұмыстарымен ай­налысады. Құрылыс басында 95 құрылысшы жұмыс істейді. Олар­дың 25-і осы елді мекеннің тұр­ғындары. Қазір құрылыс жұмыс­тарының 50 пайызы аяқталған. Жалпы, нысанды желтоқсан айы­­ның соңында тапсырмақ ниет­теміз. Құрылысқа негізінен жергі­лікті құрылыс материалдары пай­даланылады, – дейді ЖШС ди­ректоры Елмұрат Күнібеков.
Міне, осылайша әскери қой­маға жақын орналасқан ауылдарда тіршілік қайта оянды. Енді тек құрылыс жұмыстары қар астында қалмай, қалған үйлердің де тұр­ғындары баспаналарына ертерек қоныстанса игі. Еске сала кетсек, 14 қазаннан бастап таулы аймақта жарылыстан кейін жиналған оқ-дәрі бөлшек­терін жару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бір ай уақытты қамтитын жарылыстардан елді мекен тұр­ғындарына еш қауіп төнбейді. Ал жарылыс кезінде жоғалып кеткен сарбазға қатысты әзірге тың ақпарат болмай тұр.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы