Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстан зардап шеккен 35 үйдің 24-і қалпына келтіріліп, тұрғындарға берілді. Оның төртеуі Үшбұлақ елді мекенінде болса, 12-сі Жібек жолы және 8-і Қайнар ауылында. Қалған 11 үйдегі жұмыстар қараша айында аяқталады деген жоспар бар.
Жалпы, ауыл тұрғындары жөндеуден өткен үйлеріне дән риза. Қайнар ауылы Бірлік көшесінің тұрғыны Ержан Айдарқұлов баспанасының бұрынғыдан да жақсарып қалғанына қуанып отыр.– Сол күнгі оқиғадан үйіміз қатты бүлінген еді. Үй мен қоражайдың 50 пайызы қирап қалған болатын. Жарылыстан кейінгі үшінші күні құрылысшылар келіп, үйімізді қалпына келтіру жұмыстарын бастап кетті. Бүгін, міне баспанамызға қайта оралып, құрылыс жұмыстарына көңіліміз толып отыр. Үйдің ішіне таза ауызсу кіріп тұр. Бұрын қаржымыз болмай көгілдір отынға қосыла алмап едік, оны да кіргізіп берді. Қора-қопсымызды реттеп, шарбағымызды қоршады. Басымызға түскен қиын сәтте қолдау көрсеткен халыққа, мемлекет, облыс басшылығына айтар алғысымыз шексіз, – дейді үй иесі.Тұрғындар Амангелді Нәдірбеков пен Асхат Мәмбетов те үйлерінің жаңа кейіпке енгенін айтып, ризашылықтарын жеткізді. Қайта жаңғыртудан өткен үйдің барлығы бірсәулеттік үлгіге келтірілген. Қасбеті сарғыш, іргетасы қызыл түспен боялып, шатыры қызыл жабындымен жабылған. Тұрғын үйлерден бөлек, 12 кәсіпкерлік нысанның бүгінде үшеуі жөнделіп, қайта жұмысын бастаған. 9 нысанда құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұдан бөлек, Қайнар ауылындағы көшелер толық жарықтандырылған. Бұрын асфальт жабыны орталық көшеде ғана болса, енді барлық көше тақтайдан тегіс.
– Облыс әкімі әлеуметтік қолдауларды ұйымдастыруды тапсырды. Осы тұрғыда ауылдағы әлеуметтік осал топтағы отбасыларды газбен қамту жұмыстары жүзеге асып жатыр. Толығымен орталықтандырылған таза ауызсумен қамтылды. Әлеуметтік көмек ретінде біздің тарапымыздан зардап шеккен әр отбасына 300 мың, кәсіпкерлер тарапынан 200 мың теңгеден көмек көрсетілді. Әр оқушы балаға 50 мың теңгеден берілді. Сонымен қатар «Сенім Байзақ» қорына түскен қаржы есебінен тұрғындардың қора-қопсысы қайта қалпына келтіріліп жатыр, – дейді Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.Құрылыс жұмыстарына 12 мердігер, 200-ге жуық құрылысшы мен 22 техника жұмылдырылған.
– Құрылыс жұмыстары барлық бағытта, бір мезгілде жүргізіледі. Бір бригада алғашқы қабаттың кірпішін қалауға кірісіп кетсе, енді бірі монтаждау, келесі топ дәнекерлеу жұмыстарымен айналысады. Құрылыс басында 95 құрылысшы жұмыс істейді. Олардың 25-і осы елді мекеннің тұрғындары. Қазір құрылыс жұмыстарының 50 пайызы аяқталған. Жалпы, нысанды желтоқсан айының соңында тапсырмақ ниеттеміз. Құрылысқа негізінен жергілікті құрылыс материалдары пайдаланылады, – дейді ЖШС директоры Елмұрат Күнібеков.Міне, осылайша әскери қоймаға жақын орналасқан ауылдарда тіршілік қайта оянды. Енді тек құрылыс жұмыстары қар астында қалмай, қалған үйлердің де тұрғындары баспаналарына ертерек қоныстанса игі. Еске сала кетсек, 14 қазаннан бастап таулы аймақта жарылыстан кейін жиналған оқ-дәрі бөлшектерін жару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бір ай уақытты қамтитын жарылыстардан елді мекен тұрғындарына еш қауіп төнбейді. Ал жарылыс кезінде жоғалып кеткен сарбазға қатысты әзірге тың ақпарат болмай тұр.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы