Үздік 30 ауыл
Үздік 30 ауыл
885
оқылды

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Тұлға-достық» қоғамдық қоры «Үздік 30 ауыл» республикалық жобасын өткізді. Саралаудан кейін әр өңірдегі болашағы зор елді мекендер анықталды.

Жобаның мақсаты – үздік ауылдарды анықтап, өзгелерге үлгі-өнеге ету, ауылын көркейтуге үлесін қосып жүрген азаматтарды дәріптеу, сол арқылы кәсіпкерлердің, жастардың назарын туған ауылға бұру. Бұл жобаның авторы – ақын, «Тұлға-достық» қоғамдық қорының директоры Мұратхан Шоқан. Жоба аясында үздік ауылдар енген анықтамалық альбом жасалды. Оған әр облыстан 2-3 елді мекеннен кірді. Мәселен, Алматы облысында Қарасай ауданының Шамалған ауылы, Алакөл ауданының Жыланды ауылы мен Панфилов ауданының Көктал ауылы үздік елді мекен атанды. Солтүстік Қазақстан облысында Аққайың ауданындағы Дайындық ауылы және Қызылжар ауданындағы Новоникольск ауылы үздіктер қатарынан көрінді. Ақмола облысынан Целиноград ауданының Родина ауылы, Жақсы ауданының Жақсы ауылы тізімге енді. Ақтөбе облысының үздік ауылдары қатарында Қобда ауданының Қобда ауылы, Мәртөк ауданының Мәртөк ауылы бар. Атырау облысының үздік ауылдары – Махамбет ауданының Махамбет ауылы, Жылыой ауданының Шоқпартоғай ауылы. Батыс Қазақстан облысының үздік ауылдары қатарына Бәйтерек ауданының Дариян ауылы, Тасқала ауданының Шежін ауылы кірген. Сондай-ақ Жамбыл облысының үздік ауылдары – Қордай ауданының Әлжан ана ауылы, Т.Рысқұлов ауданының Абай ауылы. Қарағанды облысының үздік ауылдары: Нұра ауданының Шахтер ауылы, Нұра ауданының Қайнар ауылы, Жаңаарқа ауданының Ералиев ауылы. Қостанай облысының үздік ауылдары: Қарасу ауданының Қарасу ауылы, Федоров ауданының Федоров ауылы. Қызылорда облысының үздік ауылдары: Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылы, Қармақшы ауданының ІІІ Интернационал ауылы. Маңғыстау облысының үздік ауылдары: Маңғыстау ауданының Онды ауылы, Түпқараған ауданының Таушық ауылы. Павлодар облысының үздік ауылдары: Шарбақты ауданының Орловка ауылы, Ақсу ауданының Евгеньевка ауылы. Түркістан облысының үздік ауылдары: Төлеби ауданына қарасты Бірінші Мамыр ауылы, Кентау ауданының Байылдыр ауылы. Шығыс Қазақстан облысының үздік ауылдары қатарында Шемонаиха ауданының Камышинка ауылы, Жарма ауданының Шалабай ауылы бар. Үздік деп танылған ауылдардың өкілдері Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада марапатталды.

Айбике ЖАНАСЫЛ