Мемлекет басшысы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің жоспарымен танысты, - деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
– Зерттеу бағыттарыңыз дұрыс деп есептеймін. Сумен қамту – шешуді қажет ететін маңызды әлеуметтік мәселе. Мен Жолдауымда осы туралы айтқанмын. Үкімет тиісті тапсырма алды. Менің ойымша, Үкімет әкімдікпен және сіздермен бірлесіп, қысқа мерзім ішінде, ары кеткенде 1,5 жылда осы мәселені шешуі керек. Біз азаматтарымызды таза ауызсумен қамтамасыз етуіміз қажет. Мен бұл мәселені өз бақылауыма аламын, – деді Мемлекет басшысы.Президент «Қазақмыс» корпорациясының білім саласындағы жобаларға қолдау көрсетіп отырғанын оң бағалады.
– Шын мәнінде, білім – мемлекетіміздің болашағы. Бұл жерде, ең алдымен, мұғалімдер дайындауға көңіл бөлінуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Мемлекет басшысы азық-түлік бағасының қымбаттауына және ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселесіне қатысты пікір білдірді.
– Бұл, әрине, әлем нарығында болып жатқан күрделі мәселе. Әлемде барлық тауардың бағасы шамамен 40-50 пайызға қымбаттады. Біздің еліміздегі қордаланған мәселелердің салдарынан азық-түлік қымбаттап отыр. Бұл мәселені шұғыл шешуге қанша тырыссақ та, жағдайды өздеріңіз де көріп отырсыздар. Аталған мәселені жүйелі түрде шешуіміз қажет. Ауыл шаруашылығы саласына қыруар қаржы бөлсек те, азық-түліктің басым бөлігін сырттан аламыз. Өзге елдер субсидияның не екенін де білмейді. Білсе де, дәл осындай мол қаржы бөлінбейді. Бір жағынан, адамдарды босаңсытып жібердік, екінші жағынан, сыбайлас жемқорлыққа жол беріп алдық. Бұл мәселемен түбегейлі айналысуымыз керек. Мен Үкіметке, Ауыл шаруашылығының жаңа министріне міндет жүктедім, – деді Президент.Іс-шара барысында экологияға және ірі кәсіпорындардың шығаратын қалдықтарына қатысты мәселеге ерекше назар аударылды.
– Біз 2060 жылы карбонизация деңгейін нөлге түсіреміз деп жарияладық. Экономикамыздың ерекшелігін және оның құрылымын ескеруіміз қажет. Энергиялық теңгерімнің 70 пайызы көмірге тиесілі екені белгілі. Біз ертең бәрін жауып тастап, көміртегінен арылдық деп айта алмаймыз. Бұл сіздердің кәсіпорындарыңызға да қатысты. Бірақ 2060 жылға қарай көміртегінен арылу бағыты бойынша жүруге тиіспіз. Әйтпесе, әлемдік дамудың көшінен қалып қоямыз. Бұл негізгі кәсіпорындардың мүддесін ескере отырып, Үкіметке және Мемлекет басшысы ретінде маған да жүктелген аса жауапты міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Президент жиынды қорытындылай келе, барлық бекітілген бағыттар бойынша мемлекет отандық жетекші кәсіпорындармен бірлесіп, тиісті жұмыстарды белсенді жалғастыруы керек екенін айтты.