«Әр әйел 700 мың теңгеден берген» – Түркияда араша сұраған қазақ әйелдерінің алданғаны рас па?

«Әр әйел 700 мың теңгеден берген» – Түркияда араша сұраған қазақ әйелдерінің алданғаны рас па?

Стамбұлда қалған бір топ қазақ әйелі көмек сұрайды. Олар «Ұйымдастырушылар Түркиядан тауар алып-сату ережесін үйретпек түгілі, қол жұмсап, қоқан-лоқы көрсетеді» деп шағымданып отыр. Бұл туралы Almaty.tv хабарлады.

Ақгүл Мұратқызы блогер Ұлдана Ерқасымның Стамбұлда тиімді сауда жасау жолдарын үйрететін бір айлық курсын сатып алған. Құны – 700 мың теңге. Оның айтуынша, уәде еткен зауыттарды таныстырмаған, тиісті деңгейде ештеңе үйретпепті. Жататын орнымыз да адам шошырлық дейді. Курс бағамын дұрыс білмегендіктен, тұтынушыға қарыз болып қалдым деп мұңын шақты. «Наразылық танытқаным сол еді, соққының астында қалдым» деп етегі жасқа толып отыр.

«Оны ешкімнің басына бермесін. Шетелге келіп, ақша беріп, сені ұрып, телефоныңды тартып алады. Сосын маған «Ұлдананың мінезі жаман, сіз барып кешірім сұраңыз» дейді. Мен не істерімді білмей, екі балам үшін кешірім сұраймын. Кешірім сұрадым, оны өзіне басқаша аударып алған», – дейді зардап шегуші Ақгүл Мұратқызы.

Ал Ұлдана Ерқасым Almaty.tv-ға сұхбат беруден бас тартқан. Бірақ өзінің  Instagram-парақшасында «Бір ай бойы менің панамда болып, базармен толық танысып, Стамбұлға үйреніп, сіңіп кеткенше байланыста болатындай қамқорлық танытылады. Бірақ клиентті алдап, барлық кінәні бізге жапқаны қай сасқаны?» деген жазба жариялаған. Одан бөлек, «Ешкімді ұрып-соқпадым, ол кісінің ақыл-есінде кінәрат бар деп естігенмін» деген.

Дәл осындай шағым Динара Қосжан есімді азаматшаның үстінен де түскен. Бүгінде Ақтау қаласы Полиция басқармасында сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне Қылмыстық кодекстің 190-бабы алаяқтық бойынша тіркелді.

Ал осы мәселемен айналысып жүрген заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек бір етек ақша беріп, дымсыз қалған қазақ әйелдерінің саны көп екенін айтты. «Олар сол жақтан депортация жасасын, қайтадан сол елге барып, қазақ азаматтарын алдамасын деген ниетпен біз ол жаққа да арыз түсіріп жатырмыз. Себебі, олар Динара Қосжанды, Ұлдана Ерқасымды депортацияласа, олар 5-6 жыл ол жаққа кіре алмайды. Басқа қыздарымызды, басқа әйелдерімізді алдамайды», – деді Президент жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияр блогерден зардап шеккен Ақгүл Мұратқызы Стамбұлдағы Қазақстанның консулдығына әлі хабарласпағанын айтады.

  https://youtu.be/qZP36DYjStc