«Уикипедия» ашық энциклопедиясында «егемендік» (фр. souverainete) деген сөзге «Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаттағы саяси тәуелсіздігі. Ол шетелдің ішкі іске араласпауын қамтамасыз етуі қажет» деген түсініктеме берілген. Бұл – шекарасы айқын, конституциясы бар, құндылықтары, соның ішінде мемлекеттік тілі сол конституцияда белгіленген барша мемлекет ұстанатын қағида. Сондықтан да мен кейбір елдердің ресми кездесулерде, жиындарда «достық, ынтымақтастық» деп жалаулатып, іс жүзінде көршілес мемлекеттерде болып жатқан ішкі реформаларға араласып, шу шығарып, жағымсыз пікір тудыруын түсінбеймін. Бұл не – саяси сауатсыздық па, әлде сол елдердегі қалыпты өмірді бұзып, адамдар арасына іріткі салу ма?
Соңғы кездері Ресей баспасөзіндегі қазақтың тіліне қатысты, билік басында, ел алдында жүрген тұлғаларымызды өз азаматтарына жеккөрінішті етуге тырысқан жарияланымдары көбімізге ой салғаны рас. Бәріміз ол жарияланымдардың қазақ-орыс арасындағы келісімдерде, меморандумдарда жария етілген «достық, ынтымақтастықты» бұзып, бүлдіруге бағытталғанын көріп, біліп отырмыз. Олардың астарында не жатқаны да көбімізге түсінікті. Егемендік қағидатын білетін болса, басқа мемлекеттің ішкі саясатына «есі кеткендер» ғана араласуы тиіс еді – сонда бұны қалай түсінуге болады? Толеранттылық қанында бар халық екендігімізді жүріп өткен жолымыз әлдеқашан дәлелдеген. Этносаралық қатынастардың бірегей моделі де бізде қалыптасқан. Тіл саясатында да басқа елдер сияқты үзілді-кесілді шешім қабылданбай, байсалды саясат жүргізіліп келеді. Бірақ, соның өзіне біздің реформаларға «ыстықтап» отыратын және түрлі науқандар арқылы өзімізді өзімізге айдап салуға, сананы улауға ұмтылатындар табылады. Менің бұл мақаланы жазуыма да «егемендік» деген ұғымның бар екенін білмейтін, сенсация қуып, «өтірікті шындай, ақсақты тыңдай» етіп жазатындардың арзанқол жарияланымдары емес, бір жеткіншектің: «Если в лентах пишут, что русский язык нужнее, чем казахский, так и должно быть» деген сөзі және оған қатарластарының қол шапалақтағаны себепші болды. Бастапқыда ол жарияланымдар «сайлауалды науқанға дайындықтары, дауыс жинау үшін жасаған әрекеттері (өкінішке қарай, «лас технология» дегеннің бар екені де белгілі) болар дедік. Қызуланып, сөз сөйлегендерге «Жарайды, ел болған соң жақсысы да, жаманы да болады» деп басу айтқандардың ішінде өзім де бармын. Бәрібір қитұрқы амалдары олар ойлағандай ұпай әкелген жоқ: тіл мәселесін жалаулатқан Жириновский партиясының жеңілісі – Қазақстандағы орыс тілі тақырыбының электоратқа қызықсыз екенінің, оның ресейлік ақпарат кеңістігінде қолдан жасалғанын көрсететін дәлелдердің бірі. Бірақ, уақыт өтті – ығыр қылған науқан басылар емес. Бізді оның басылмауы ғана емес, ұлардай шулағандарға сол елде «тәйт!» дейтін ешкімнің болмауы таңқалдырады. «Әр тілдің өркендеуіне өз мемлекетінде жағдай жасалғаны дұрыс» дейтін өрелі ой иесі табылмады. Кеңестік «аға» ұлт болу синдромынан арыла алмағандар білім саласында қазақтың тілі басым болуы туралы айтқан министр А.Аймағанбетовті, қолдан жасалған ашаршылықтың құпия сырларын ашқан депутат Б.Әбдіғалиұлын «қара тізімге» кіргізіпті. Бұл әрекеттерінен де түк шықпады, қайта ол азаматтардың елдегі беделі бұрынғыдан бетер арта түсті. Елшілігіміздің алдына тіл туралы ашық пікір айтып жүрген танымал азаматтарымызға арналған табыт әкелгенде де көрші мемлекетте «бұлары ұят болды-ау» деген сөз естілмеді. Ашық ақпарат көздерінен оны істеген адамдар тіпті жауапқа да тартылмағанын білдік. Науқанның өз елімізге әсеріне келетін болсақ, көпшіліктің көзқарасын әлеуметтік желіден байқауға болады. Қандастарына «жаны ашығансыған» жарияланымдарға негізгі нысаналы топ – қазақстандық этностар өкілдерінің салмақты, байсалды, тіпті, таңқалысқа және эмоцияға толы пікірлері бірінен кейін бірі жарияланып жатыр. Бұл жерде олардың бәрін тізбелеу шарт емес. Қазақстандық орыстардың пікірі мен ұстанымын және таяқтың екі ұшы болатынын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Юрий Жулин жақсы тұжырымдаған: «... всю тяжесть и негативные последствия таких провокаций и оскорблений будут испытывать, прежде всего, именно такие как я, русские Казахстана». Депутат іс қағаздарының, жарнаманың қазақ тілінде жазылуынан, қазақ тілді білу талабынан астар іздегендерге: «... Есть справедливое, логичное с точки зрения здравого смысла, истории, современных реалий требование – знать и изучать государственный язык» дей келе, осындағы қандастарына: «... казахским русским нужно всегда публично давать отпор любым агрессивным и оскорбительным попыткам со стороны российских политиков и журналистов спекулировать на теме русского языка в Казахстане. ...Должно быть отчетливое понимание того, что эти люди покушаются на вашу жизнь, провоцируя социальную рознь в Казахстане...», - деп, ақпараттық шабуылдың бетін ашады. Бұл – ресейлік ақпарат кеңістігіндегі науқаннан кейін келген бір ой. Жағымды ой. Екіншісін олай демес едім. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде түрлі этностардың жиындарында болып тұрамын. Ел бірлігін ту етіп, дәстүрімізді құрметтеп, қазақша сөйлеп тұрған отандастарымызбен кездескенде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2019 жылы Қазақстан халқына жасаған Жолдауында айтқан: «Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыт келді. Бұл үшін барлығымыз жұмыла әрекет етуіміз қажет» деген сөзінің іске асып жатқанын көремін. Иә, этностардың мемлекеттік тілде сөйлеу көрсеткішінің артуы – «жұмыла әрекет етудің» арқасы. Өзіміз таяуда болған Жамбыл облысының Масаншы ауылында қазақ мектебінің ашылуы, балабақшаларда қазақ тобының көбеюі, мемлекеттік тілді үйрететін үйірмелерге қатысушылардың санының күрт өсуі – сондай жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатқанының бір белгісі. Осындай жағымды үрдісті көзбен көргеннен кейін бір жиында естіген «бұл қазақ тілі тез арада ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек» деген талап емес» деген сияқты пікірлерге таңқалдым. Президенттің жолдауын бұлай мәймөңкелетіп түсіндіру не үшін қажет? Ол халықтың мемлекеттік тілді үйренем деген ынтасына кері әсер ететіні неге ескерілмейді? Бәлкім, бұл да көрші мемлекеттегі науқанның әсері болар? Ілеспе аудармашы болғандықтан, елімізді өркендетуге бағытталған стратегиялық жоспарлар, жолдаулар жарияланған, мемлекеттік маңызы бар бастамалар қабылданған жиындарға қатысқандардың көтеріңкі көңіл-күйлерін, көтерілген мәселеге құлшына кірісу мысалдарын талай көрдім. Қазақ мектептерінің саны осылай өсті. Достық үйлері осылай салынды. Тіл үйрету орталықтары көбейді. Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналуы бағытындағы жұмыстар да осылайша жанданып келе жатқанда жолдауда айтылған сөздің «жігін жатқызу» қаншалықты қажет? Бұлай деу тұтастай алғанда мемлекеттік тілдің дамуына кедергі келтіретіні неге ойға келмеген? Маған хабарласқан аудармашылар (орталық мемлекеттік органдардың қызметкерлері) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының 2021 жылғы 11 тамыздағы №138 бұйрығында да мемлекеттік тілдің дамуына жасанды түрде кедергі келтіру бар дейді. Бұл – біраз уақыт бұрын бір-екі облыста және астаналық әкімдікте пилоттық жоба ретінде іске асырылған, қызметкерлерге жалақыны факторлық-балдық шкала бойынша төлеу жобасы. Құжатта А, Б және С деген блоктар бар, жалақы мөлшері де блоктарға сәйкес айқындалады. Бір таңқаларлығы «аударма қызметін жүзеге асыру және мемлекеттік тілді дамыту» (мемлекеттік органдардағы қызметтердің әлі де аударма арқылы жүргізіліп отырғаны баршаға белгілі) ісімен айналысатын мамандар «материалдық-техникалық қамтамасыз ету; есептеу және ұйымдастыру техникасына, сондай-ақ ақпараттық жүйелерге қызмет көрсету» сияқты техникалық мамандармен бірге «С» блогына қойылған. Мұны беріден айтсақ, мемлекеттік тілді дамытумен айналысатын мамандарды төмендету, әріге барсақ, мемлекеттік тіл мәртебесін арттыруға қойылған жасанды кедергі деп қабылдауға болады. Мемлекеттік органдарда құжаттарды қабылдаудың белгілі бір рәсімі бар. Сонда, осы құжатты әзірлеген кезде, талқылағанда, виза жинағанда, қол қойғанда мемлекеттік тілге қатысты осындай ой ешкімді мазаламағаны ма? Әлде бұл мемлекеттік тілдің өз мәртебесіне сәйкес толық қолданыста болуын «ұната қоймайтындардың» ықпалымен жасалған құжат па? Қалай болғанда да бұл құжатта мемлекеттік тілді дамыту, аударма ісі мамандары еңбегінің осылайша тұжырымдалуы шын мәнінде де мемлекеттік тілді үшінші сортқа қойғандай әсер етеді екен. Ендеше, тілге жанашыр жұрт неге үнсіз? Расул Ғамзатовша «Егер тілім ертең болса құрымақ, Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ» деп дауыс көтеретін тұлға жоқ па? Кезінде Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің маңдайындағы «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұранды алып тастап, ата-бабаларымыздың «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген сөзін қойған Нұрмахан Оразбековтің ізбасарлары қайда? Туған тілімізді төпеп жатқандардың сөздеріне біз, ересектер, елең етпеспіз, ал жоғарыда мысалға келтіргеніміздей, орыс тілді жеткіншектеріміздің санасы уланып жатқаны ойландыруы керек. Қазақ «Айтпасаң сөздің атасы өледі» дегенде осындай жағдайды мегзеген шығар.Камал ӘЛПЕЙІСОВА, жазушы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі