Ұлттық академиялық кітапханада «OrdaGen» әлеуметтік-танымдық жобасының Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнаған «Orda ертегілері» кітабының тұсаукесері өтті.
Іс-шараға ҚР Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай, Balapan телеарнасының директоры Қымбат Досжан, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Максим Рожин, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Бижан Игенбаева, Jas Otan ЖҚ төрағасы Нұржан Жетпісбай, Jaidarman ЖҚБ президенті Есен Елеукен, Қоғамдық коммуникацияларды дамыту басқармасының басшысы Сванбаева Ақмарал, блогер Өркен Кенжебек, BTS Education негізін қалаушы Саясат Нұрбек, журналист Асхат Садырбай, «OrdaGen» жобасының негізін қалаушы, идея авторы Айбек Қуатбай, жоба директоры Парасат Тәнен, Bugin Holding жобаларының бас кеңесшісі Садық Шерімбек қатысты.
OrdaGen жобасының мақсаты – ұлттық және адамзатқа ортақ биік құндылықтарды жаңа технологиялар форматына икемдеп, аңыздар мен ертегілер арқылы болашақ ұрпақтың санасына сіңіру.
Тұсаукесердің қадірлі қонағы болған Balapan телеарнасының басшысы Қымбат Досжан: «Коммуникация саласы өте қатты дамыған заманда біздің балапандарымызға ертегі кітаптар шығарып, ұсыну бұл үлкен еңбек. Айбектің өзі айтқандай, енді бір жиырма жылда қазіргі он жасар бала отыздағы жігітке айналады екен. Сол отыздағы жігіттердің балалары, ұрпағы оқитын жоба болса екен, жоба ғұмыры ұзақ болсын деп тілеймін», – деп OrdaGen жобасына игі тілегін білдірді. Ал ҚР Мәжіліс депутаты, “Nur Otan” партиясы фракциясының мүшесі Дархан Мыңбай: "Мәдениет және спорт министрлігі жариялаған «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылын» “ORDAGEN” шығармашылық тобы нақты істерімен қолдап отыр. Бізге жарық көрген өзге де кітаптардың сапасы ғана емес, жоба авторларының, редакторларының, кеңесшілерінің айқын ойлары мен нақты ұсыныстары ұнады. Өйткені, бала – талғамы ең жоғары оқырман, көрермен және тыңдарман. Айдар тағылған айтулы жылды мәнді, есте қаларлықтай етіп өткізу, яғни тәуелсіздігіміздің отыз жылдығында кітап оқуды дәріптеу - тек балалар жазушыларына, баспагерлерге ғана емес, баршамызға, мұғалімдерге, оқытушыларға, әсіресе, ата-аналарға жүктелген үлкен жауапкершілік, берері мол елдік-идеологиялық міндет» – деп өз пікірін білдірді. «Біз мұнымен тоқтамаймыз. Алдағы уақытта бүлдіршіндерімізге OrdaGen-нің танымды дүниелерін ұсынып, ұлт үшін қызмет ете береміз. OrdaGen – 30-ға аяқ басқан азаматтардың Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнаған сыйлығы», – дейді OrdaGen жобасының директоры Парасат Тәнен өз сөзінде.
«Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылды «Балалар әдебиеті» жылы деп жариялауы бала тәрбиесіне аса зор көңіл бөлуіміз керек екенін көрсетуде. Президент жарлығын негізге ала отырып, Bugin Holding қолдауымен Orda Joly білім экспедициясы Қазақстанның әр өңірін аралап, көзінде оты бар өрендерге OrdaGen жобасының алғашқы ертегі кітаптарын үлестірді», – деді өз сөзінде Ordagen жобасының негізін қалаушы Айбек Қуатбай. Ауқымды іс-шараны белгілі журналист Асхат Садырбай: «Әйгілі компаниялар үлкен идеологиялық қаруға айналды. Олар осы уақытқа дейін назарды баурады. Енді сананы улайды. Алдағы уақытта шығатын комикстердің суперқаһармандары бұған дәлел. Біз осындай ұлттық төл туындыларымыз бен заманауи қазақша шығармаларды көбейтуіміз керек. OrdaGen бұл әлгі уға төтеп беретін вакцина» – деп өз ойымен қорытындылады.