Қару-жарақты сақтау саласы реттеледі
Қару-жарақты сақтау саласы реттеледі
141
оқылды

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата отырысында сенаторлар мемлекеттік сатып алу мә­селелері туралы заң жобасын екінші оқылымда қарап, түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарды. Сенаторлар ондағы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қажетті негіздердің санын қысқарту жөніндегі жаңашылдықты құптады.

Сондай-ақ мұндай сатып алу бойынша тапсырыс берушінің бірінші басшыларының жеке жауапкершілігін арттыруға және тағы басқа басымдықтарға қолдау білдірді. Сенат депутаттары бір компанияның бір құрылыс нысанында инжинирингтік қызметтер мен құрылыс-монтаждау жұмыс­тарын алу үшін мемсатып алуға қа­тысу мүмкіндігін жоюды, сон­дай-ақ электрондық дүкенді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру­дың бәсекелі тәсілдеріне қосуды қосымша ұсынды. Бұл коррупция­ қаупін азайту және салынып жатқан нысанның сапасын жақ­сарту үшін маңызды екен. «Негізгі өзгерістер мемлекеттік сатып алу саласын­дағы заңнаманы одан ары жетілдіруді көздейді. Оның ішінде байқау өткізу кезінде сыбайлас жемқорлық қаупін барынша азайтуға баса мән берілген. Заң жобасы мемсатып алу рәсім­дерін оңайлатып, артық реттеуді жоюға жол ашады. Сол арқылы мемсатып алуларды тиімді өткізіп, мемлекет қаражатын үнем­деуге мүмкіндік аламыз», – деді Мәулен Әшімбаев. Осылайша, сенаторлар қоғам­ның пікірін ескеріп, жедел әрекет етті. Сондай-ақ заң жобасы халық­тың қауіпсіздігіне арналған жаңа нормалармен толықты. Атап айт­қанда, ары қарай сақталуы айтар­лық­тай қауіп төндіретін және дереу жоюды қажет ететін оқ-дәрі­лерді анықтау қағидаларын қа­лып­­тастыру мәселесі пысық­талды. «Сенат енгізіп отырған түзе­тулер қару-жарақты сақтау және оны жою жолдарын реттеуге бағыт­талған. Бұл – соңғы уақытта елі­міздегі қару-жарақ қойма­ларында болған трагедиялық жағдайлар қай­таланбауы үшін жасалған қа­дам», – деді М.Әшімбаев. Заң жобасына отандық ғылым­ды дамытуға бағыт­талған нормалар бар. «Түзетулер Мемлекет басшы­сы­ның ғылым саласын дамытуға қатысты тапсырмаларын іске асыруды көздейді. Базалық қаржы­ландыру арқылы жетекші ғалым­дарға еңбекақы төлеу, іргелі ғы­лыми-зерттеулер жүргізетін ғы­лыми ұйымдарды тікелей қолдау үшін қаржы­ландырудың жаңа тү­рін енгізу ұсынылып отыр. Ғылы­ми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдар­ламаларды қаржы­ландыру мерзімін қазіргі 3 жылдан 5 жылға дейін ұлғайту қарастырыл­ған», – деді Сенат Төрағасы. Отырыста «Каспий теңізінің ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Каспий теңізін жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қыз­мет нәтижесінде ластанудан қорғау жөніндегі хаттаманы» ратификациялайтын заң қабылданды. Сондай-ақ Сенат депутаттары палата Спикерінің ұсынуымен Расул Рахимовті Есеп комитетінің мүшесі қызметіне тағайындады.  

Елдос СЕНБАЙ