Түркістан облыстық «Jas Otan» Жастар қанатының жетекшісі Жансерік Жұманов Мақтаарал ауданының өзін-өзі басқару ұйымының жетекшілерімен жиын өткізді. Одан кейін ол аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ жанынан құрылған «Жүректен жүрекке» еріктілер клубының мүшелерімен кездесті.
Бұл іс-шараға «Nur Otan» партиясы Мақтаарал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Досым Асабаев пен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы, аудандық мәслихат депутаты Сүндет Кенжебаев қатысты. Кездесу Мырзакент кентіндегі «Жастар аллеясында» ашық аспан астында өтті. «Соңғы жылдардың Түркістан облысының жұртшылығы үшін ауыртпалығы көп болды. Алдымен, Арыс қаласындағы жарылыс, сонан соң Мақтаарал ауданындағы топан су, әлемдік эпидахуалдың күшеюі – бәрі-бәрі елдің жүйкесіне салмақ түсірді. Әйтсе де, апат тұсында халқымыз тарыдай шашылмай, жұдырықтай жұмылып, сынға түскен бірлігін көрсете білді. Елдің басына түскен нәубетті мемлекетпен қатар еліміздің түкпір-түкпірінен келген волонтерлар жұмыла көтеріп, қолұшын созды. Ерікті түрде еңбек етті. Күн-түн демей апаттың салдарын жоюға атсалысқандардың ішінде өздеріңіз де барсыздар!» деген облыстық «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Жансерік Жұман мақтааралдық волонтерларға шынайы алғысын білдіріп, апаттардан кейін де аудандағы эпидахуалдың тұрақтануына, халық денсаулығын сақтаудағы тынымсыз еңбектеріне сәттілік тіледі. Жиын барысында белсенділер мемлекеттің бүгінде ел жастары үшін жасалып жатқан жағдайлар – білім мен ғылым, кәсіпкерлік, спорт пен мәдениет, әлеуметтік, IT саласымен қатар басқа да бағыттардағы мол мүмкіндіктер жайында сөз қозғап, «Мемлекет артқан сенімге қандай іс-әрекетпен жауап береміз?» деген сұрақ аясында пікір алмасты. Өзара достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған семинар-тренингке қатысып, сергіту ойындарын ойнады. Айта кетейік, Мақтаарал ауданында «Дипломмен ауылға!» мемлекеттік бағдарлама аясында жыл басынан бері 520 жас маманға бір реттік көтермеақы беріліп, баспаналармен қамтамасыз етілген. Жас спортшылар түрлі деңгейдегі жарыстарда оза шауып, аудан қоржынына 36 алтын, 75 күміс және 51 қола медаль салған. «Мұның бәрі мемлекеттің жастарға жасаған қамқорлығының жемісі», дейді іс-шараны ұйымдастырушылар.Би-Барыс КӨКШЕ