Сәпиев қайда кетті?
Сәпиев қайда кетті?

Танымал боксшы, Лондон Олим­пиадасының чемпионы Серік Сәпиев Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы лауазымынан кетті. Бұл ха­барды Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз қызметі растады. Комитеттің айтуынша, ол қызметінен өз еркімен кеткен.

Сәпиев бұл қызметке 2019 жылдың қаңтарында тағайындалған болатын. Кейін арада бір жылдан аса уақыт өткен соң, яғни 2020 жылдың мамыр айында екі бірдей орынбасары істі болды. Олар Риддер қаласындағы олимпиадалық резерв бойынша респуб­ликалық мамандырылған мектеп-интернат-колледж 300 орындық оқу корпусының құрылысы кезінде 380,8 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталды. Күдіктілер нақты жұмыстар атқарылмаса да, ол ақшаны мердігердің есепшотына аудара салған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік шенеуніктерді ұстау операциясының видеосын да жариялады. Сол кездерде атал­ған жемқорлық оқиғасы бойынша қылмыс­тық іс қозғалды. Көпшілігі сол тұста Серік Сәпиевті де сынның астына алып, оны қызметінен кетеді деп күтті. Бұл туралы спортшының өзі де күні кеше YouТube-тегі Динара Сәтжанның арнасына берген сұхбатында айтып берді. Ол әңгіме барысында жемқор орынбасарлардың іс-әрекетін қалай әшкерелегеніне қысқаша тоқталды.
– Екі орынбасарымның біреуі маған дейін орынбасар болды, ал екіншісі оның орнына келген болатын. Олар былтыр ұсталды, алайда ол оқиға бұрынырақ бастау алған екен. 2019 жылы мен комитетке келдім. Сосын жыл соңында Риддердегі мектеп интернаттың құрылысында түсініксіз жағдай болып жатқанын байқадым. Құрылыс тоқтай берді, банк кепілімен қиындықтар, нысанды салып жатқан ЖШС жетекшісі ауысты. Мұнда жемқорлық жағдайы барын сездім. Сосын Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, Алик Шпекбаевтың өзіне жеке жаздым, араласып, осы жағдайды тексеруін сұрадым. Осыдан кейін тергеу басталды. Біраз уақыттан кейін орынбасар қызметінде болған екеуін де ұстады. Бұрын істегені де, сол кезде қызмет атқарып жатқаны да тергеуге алынды. Анығын айтқанда, оларға қатысты сот процесі басталды. Тексеріс бәрібір болатын еді деп ойлаймын. Өйткені ақша төленгенімен, құрылыс жүрмей қалды. 300 миллиондай сома жоқ болды. Көп өтпей екеуіне қатысты сот шешімі шығып, олар сотталды, – деп өткен істі баяндады Серік Сәпиев.
Айтпақшы, екі орынбасары істі болып жатқан тұста оның да қамауға алынғаны туралы әлеуметтік желіде түрлі қауесет тараған. Осы ақпараттарға қатысты түсініктеме берген танымал спортшы бала күтіміне байланысты еңбек демалысына шыққанын, қамауға алынғаны туралы алып-қашпа әңгімелердің бәрі жалған ақпарат екенін де жеткізді.
– Мен жан-жақты ойланып, бәрін таразылап шықтым. Ол кезде үлкен шаралар да болған жоқ. Содан жұмысты орынбасарларыма тапсырып, ресми түрде демалысқа шығып кеттім. Төртінші рет әке атандым. Балаға қарадым. Оған қоса, әкемнің жағдайы нашарлап кетті. Отбасымызда қиын жағдай (2020 жылы қазан айында Жұманғали Дәуітұлы Сәпиев өмірден озды) болды. Бұдан бөлек, аймақтарға барып, спортты дамыту жобаларымен айналыстым, – деді ол тілшілерге берген сұхбатында.
Жалпы, Сапиев ең алғаш 2014 жылы спорт менеджері болып қызметтік мансабын бастаған. Astana Arlans жартылай кәсіби бокс клубының бас директоры болған уақытта клубтың басшысы ретінде Бүкіләлемдік бокс сериясында екі рет табысқа қол жеткізді. 2017 жылғы 28 ақпаннан бастап ресми түрде Парламент Мәжілісінің депутаты атанды. Бір жылдан кейін өз еркімен отставкаға кетіп, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы болды. Алайда биылғы Қазақстан құрамасы үшін ең сәтсіз жазғы Олимпиададан кейін (жалпы командалық есепте 83-орын) Сапиев отставкаға кету туралы шешім қабылдады. Бұл шешімі туралы сұрап-білмек мақсатында боксшының өзімен сөйлесіп, пікірін білдік.
– Мемлекеттік қызметтен кету туралы бұрыннан ойлап жүретінмін. Өмірде әр нәрсенің бастауы мен аяғы болады. Мемлекеттік қызметтің не екенін түсініп, зор тәжірибе жинадым. Қайтып оралуым мүмкін, бірақ дәл қазір кетуге бел байладым. Дегенмен спорт саласында қаламын, елге пайда тигізуді ойлаймын, – деп жауап берді Серік Сәпиев.
Ол сондай-ақ алда Ұлттық Олимпиада комитетінде жұмыс істейтінін, ел спортының өркендеуіне атсалысатынын айтты. Бірақ ол комитеттегі лауазымы қандай болатынын нақтылаған жоқ. Сондай-ақ Олимпиада чемпионы 2022 жылы Қазақстанда Серік Сәпиев атындағы бокс мектебін ашуды жоспарлап отырғанын атап өтті. Біз де боксшының алдағы қызметіне сәттілік тіледік.

Абылайхан ЖҰМАШ