Театр фестивалі елордада 28 қазан мен 1 қараша аралығында өтеді. «Астана Опера» театры мен қазақ драма театры үздік қойылымдарын көрсетеді. Қ.Қуанышбаев атындағы комедия театры, Ә.Мәмбетов атындағы орыс драма театры, сондай-ақ елордалық қуыршақ театры, МТЖО, «Жастар», «Наз», Astana Musical театры да өз өнерлерін ортаға салады.
«Бұл шараның мақсаты – мәдениет қайраткерлерін қолдау, көрермендер үшін де, фестиваль қатысушылары үшін де мерекелік көңіл күй қалыптастыру. Бұл фестивальді өткізуге алғаш рет қаланың барлық инфрақұрылымы, оның ішінде шағын және орта бизнес тартылады. Театр апталығы кезінде көрмелер, театр сахнасының жетекші театрлары мен мэтрлерінің түрлі шеберлік сыныптары ұйымдастырылады, сондай-ақ қала тұрғындары арасында спектакльдердің қызықты премьералық қойылымдарына билеттер ойнатылады. Театр апталығын ұйымдастыруға қатысты барлық ақпарат www.visitnursultan.kz сайтында жарияланды»,– деген еді елорда әкімі Алтай Көлгінов.
Театр фестивалі Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған. Оған құрметті қонақ ретінде Малая Броннаядағы Мәскеу драма театрының және С.Образцов атындағы Мемлекеттік академиялық орталық қуыршақ театрының ұжымдары қатысады.
Фестиваль бағдарламасында танымал спектакльдер, шеберлік сыныптары, заманауи және бейнелеу өнерінің көрмелері және тағы басқалар бар. Олардың қатарында «Қыз Жібек» операсы, «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы, «Құнанбай», «Жарқанат», «Ромео мен Джульетта», «Жібек» спектакльдері, «Жизель» балеті және басқалары бар.
Бағдарлама аясында 30 қазан күні кешкі сағат 19.00-де жас көрерменнің музыкалық театры Н.Мошиннің «Дүние-ғапыл» метафизикалық драмасын көруге шақырады. Қойылым авторлары өмірдің маңызын, адамның жай-күйін көрсете отырып, бүкіл адамзат үшін ортақ тақырыпқа жүгінеді. Қоюшы-режиссер және сценограф – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.
Күндіз сағат 17.00-де театр әртістері Федор Достоевскийдің «Братья Карамазовы» романының желісі бойынша «Улдар» драмасын көрсетеді. Спектакль жасөспірімдердің өмірі туралы баяндайды, тәрбиелеудің, балалармен өзара қарым-қатынас жасаудың өзекті мәселелерін көтереді. Қоюшы режиссері – Ерназар Жаңатілек, аудармасын жасаған – А.Омаш.
31 қазан күні сағат 19.00-де «Жастар» театрының сахнасында Т.Ахметжанның «Таптым. Ғашық болдым. Жоғалттым» мюзиклі өтеді. Сюжет желісінде кедергілер мен драманы бастан кешіретін екі жас жүректің махаббат тарихы жатыр. Әуенмен толтырылған, қайғыға толы – бұл махаббат тарихы көрермендердің жүрегін бейжай қалдырмайды. Қоюшы режиссері – Нұрқанат Жақыпбай, қоюшы суретшісі – Қабыл Халықов, хормейстер – Әнел Сіргебаева, балетмейстер – Гюзел Мұхамеджанова.
Сол күні «НАЗ» мемлекеттік би театры «Тұғырғындар» хореографиялық спектаклін ұсынады. Қойылым қазақ халқының Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі ежелгі тарихы, біздің жерлеріміз сақтар, ғұндар, қаңлылар мекендеген VI-XI ғасырлар аралығындағы кезең туралы баяндайды. Көрермендер Түрік қағанатының қалай құрылғанын және қалыптасқанын көреді. Қоюшы хореографтар – Е.Ағымбаев, К.Ағымбаева, М.Айтмағамбетова. Басталуы сағат 17.00.
Astana musical мемлекеттік театры көрермендерді 31 қазан күні сағат 18.00-де COVID-19 би-перформансына Qazaqstan ОКЗ камералық залына шақырады. Хореографиялық спектакль карантин кезіндегі адамның мәңгілік құндылықтары, ішкі жағдайы, санасындағы өзгерістер, халықтың абсурд әрекеттері мен сенімдері, жақындары мен туыстарынан айырылған кездегі азабы туралы ойларды ұсынады. Спектакльдің режиссері – Әнел Мырзағұлова, музыкалық шығарма авторы – Ақжол Өмірзақов. Сол күні сағат 11.30-да қуыршақ театрында қазақ халық эпосының желісі бойынша қойылған «Ер Төстік» спектаклі көрсетіледі. Қойылымда қазақтың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрпы, ата-аналар мен аға ұрпаққа деген қарым-қатынасы көрініс табады. Көрермендерге батырлардың ерлігі, олардың өз жеріне деген махаббаты туралы айтылады. Сонымен қатар көптеген қазақ мақал-мәтелі айтылған. Режиссері – Құралай Ешмұратова.
Фестивальдың соңғы күні, 1 қараша күні «Жастар» театрының сахнасында «Қанаттылар» музыкалық-поэтикалық қойылым өтеді. Тағы да көрермендер жалпыадамзаттық құндылықтар, өмірдің мәні және тағдырдың белгілері туралы тәжірибе әлеміне енеді. Спектакль инклюзивті «Қанаттылар» театры үшін премьералық қойылым. Авторы – Г.Салықбай, режиссері – Н.Вахитов.
Айта кету керек, іс-шараларға кіру міндетті түрде Ashyq қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ келушілер бетперде режимін және әлеуметтік қашықтықты сақтауы керек.
Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде елорданың мәдени өмірі айтарлықтай өзгергенін атап өткен жөн. Осы жылдар ішінде қалада 10-нан астам театр ашылды, өнер ұжымдарын көрермендері де жылы қабылдауда. Сондай театрдың бірі – Музыкалық жас көрермен театры. Театр биыл екінші маусымын ашты.
«Нұр-Сұлтан қалалық Музыкалық жас көрермен театрының екінші маусымы салтанатты жағдайда ашылды. Биыл біз үшін ерекше жыл. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы келе жатыр. Ал театрымызда егемендігіміздің құрдастары еңбек етіп жүр. Олар тәуелсіз еліміздің өнердегі әлеуетін, шығармашылық келбетін көрсетеді. Сол себепті олардың алдында үлкен мақсат бар. Алғашқы маусымымызда жұрт назарына жеті қойылым ұсынғанбыз. Биыл тағы бірнеше қойылым жоспарлап отырмыз», – деді театр директоры Асхат Маемиров.
Театр басшысы жаңа маусымда жұртшылық назарына қандай қойылымдар ұсынылатынын айтып өтті.
«Биылғы маусымда Гоголь секілді әлемдік классиктің «Үйлену» комедиясын, Жүсіпбек Аймауытовтың «Сылаң қыз» комедиясын, сол сияқты Мұхтар Әуезовтің, өзге де әлемге танымал классиктердің шығармаларын сахналау алдағы күннің жоспарында тұр», – деді ол.
Айта кетейік, Музыкалық жас көрермен театры өткен жылдың соңында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ашылған болатын.
Г. БЕКЗАТ