Тіл саласына тұлға керек!
Тіл саласына тұлға керек!
199
оқылды

«Қазақтың тілі – қазақ­тың жаны!»

 Қасым-Жомарт Тоқаев

«Уикипедия» ашық энци­клопедиясында «егемендік» (фр. souverainete) деген сөзге «Мем­лекеттің ішкі және сыртқы сая­саттағы саяси тәуелсіздігі. Ол шетелдің ішкі іске араласпауын қамтамасыз етуі қажет» деген түсініктеме берілген. Бұл – шек­арасы айқын, конституциясы бар, құндылықтары, соның ішін­де мемлекеттік тілі сол консти­туцияда белгіленген барша мем­ле­кет ұстанатын қағида. Сон­дық­тан да мен кейбір елдердің ресми кездесулерде, жиындарда «дос­тық, ынтымақтастық» деп жалау­латып, іс жүзінде көршілес мем­лекеттерде болып жатқан ішкі ре­формаларға араласып, шу шы­ғарып, жағымсыз пікір тудыруын түсінбеймін. Бұл не – саяси са­уат­сыздық па, әлде сол елдердегі қалыпты өмірді бұзып, адамдар арасына іріткі салу ма? Соңғы кездері Ресей баспасө­зіндегі қазақтың тіліне қатысты билік басында, ел алдында жүрген тұлғаларымызды өз азаматтарына жеккөрінішті етуге тырысқан жа­рияланымдары көбімізге ой сал­ғаны рас. Бәріміз ол жарияла­ным­дардың қазақ-орыс ара­сын­дағы келісімдерде, меморан­дум­дарда жария етілген «достық, ынты­мақ­тастықты» бұзып, бүлді­руге ба­ғытталғанын көріп, біліп отырмыз. Олардың астарында не жатқаны көбімізге түсінікті. Еге­мендік қағидатын білетін болса, басқа мемлекеттің ішкі саясатына «есі кеткендер» ғана араласуы тиіс еді, сонда мұны қалай түсі­нуге болады? Толеранттылық қанында бар халық екенімізді жүріп өткен жо­лымыз әлдеқашан дәлелдеген. Этносаралық қатынастардың бі­регей моделі де бізде қалыптасқан. Тіл саясатында да басқа елдер сияқты үзілді-кесілді шешім қа­былданбай, байсалды саясат жүр­гізіліп келеді. Бірақ соның өзіне біздің реформаларға «ыстықтап» отыратын және түрлі науқан ар­қылы өзімізді өзімізге айдап са­луға, сананы улауға ұмтылатындар табылады. Менің бұл мақаланы жазуыма да «егемендік» деген ұғым­ның бар екенін білмейтін, сенсация қуып, «өтірікті шындай, ақсақты тыңдай» етіп жазатын­дардың арзанқол жарияланым­дары емес, бір жеткіншектің: «Если в лентах пишут, что русский язык нужнее, чем казахский, так и должно быть» деген сөзі және оған қатарластарының қол шапа­лақтағаны себепші болды. Бастапқыда ол жарияланым­дар «сайлауалды науқанға дайын­дықтары, дауыс жинау үшін жа­саған әрекеттері (өкінішке қарай, «лас технология» дегеннің бар екені де белгілі) болар дедік. Қы­зуланып, сөз сөйлегендерге «жа­райды, ел болған соң жақсысы да, жаманы да болады» деп басу айт­қандардың ішінде өзім де бармын. Бәрібір қитұрқы амалдары олар ойлағандай ұпай әкелген жоқ: тіл мәселесін жалаулатқан Жири­нов­ский партиясының жеңілісі – Қазақстандағы орыс тілі та­қырыбының электоратқа қызық­сыз екенін, оның ресейлік ақ­парат кеңістігінде қолдан жасал­ғанын көрсететін дәлелдің бірі. Бірақ уақыт өтті, ығыр қыл­ған науқан басылар емес. Бізді оның басылмауы ғана емес, ұлар­дай шулағандарға сол елде «тәйт!» дейтін ешкімнің болмауы таң­ғалдырады. «Әр тілдің өркенде­уі­не өз мемлекетінде жағдай жа­салғаны дұрыс» дейтін өрелі ой иесі табылмады. Кеңестік «аға» ұлт болу синдромынан арыла ал­мағандар білім саласында қазақ­тың тілі басым болуы туралы айт­қан министр А.Аймағам­бе­товті, қолдан жасалған ашаршы­лықтың құпия сырларын ашқан депутат Б.Әбдіғалиұлын «қара тізімге» кіргізіпті. Бұл әрекет­те­рінен де түк шықпады, қайта ол азаматтардың елдегі беделі бұ­рынғыдан бетер арта түсті. Елшілігіміздің алдына тіл туралы ашық пікір айтып жүрген танымал азаматтарымызға ар­налған табыт әкелгенде де көрші мемлекетте «бұлары ұят болды-ау» деген сөз естілмеді. Ашық ақпарат көздерінен оны істеген адамдар тіпті жауапқа да тартыл­мағанын білдік. Көпшіліктің көз­қарасын әлеуметтік желіден бай­қауға болады. Қандастарына «жа­ны ашығансыған» жарияла­ным­дардың негізгі нысанасы– қа­зақстандық этнос өкілдері­нің салмақты, байсалды, эмоцияға толы пікірлері. Бұл жерде олар­дың бәрін тізбелеу шарт емес. Қа­зақстандағы ұлты  орыс аза­маттардың пікі­рі мен ұстаны­мын және таяқтың екі ұшы бо­латы­нын Парламент Мәжі­лісінің депутаты Юрий ­Жу­лин жақсы тұ­жырымдаған: ­«... всю тяжесть и негативные послед­ствия таких провокаций и ос­корблений бу­дут испытывать, прежде всего, именно такие как я, русские Казахстана». Депутат ісқағаздарының, жар­наманың қазақ тілінде жаз­ы­луынан, қазақ тілді білу талабы­нан астар іздегендерге: «... Есть справедливое, логичное с точки зрения здравого смысла, исто­рии, современных реалий тре­бование – знать и изучать госу­дар­ственный язык» дей келе, осын­­дағы қандастарына: «... ка­зах­­ским, русским нужно всегда пуб­лично давать отпор любым агрессивным и оскорбительным попыткам со стороны российских политиков и журналистов спе­кулировать на теме русского язы­ка в Казахстане. ...Должно быть отчетливое понимание того, что эти люди покушаются на вашу жизнь, провоцируя социальную рознь в Казахстане...», – деп ақ­па­раттық шабуылдың бетін ашады. Бұл – ресейлік ақпарат кеңіс­тігіндегі науқаннан кейін келген бір ой. Жағымды ой. Екіншісін олай демес едім. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде түрлі жиында бо­лып тұрамын. Ел бірлігін ту етіп, дәстүрімізді құр­меттеп, қазақша сөйлеп тұрған қандастармен кез­дескенде Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы Жолдау­да айтқан: «Қазақ тілінің ұлт­ара­лық қатынас тіліне айналатын уақыт келді. Бұл үшін барлығымыз жұ­мыла әрекет етуі­міз қажет» деген сөзінің іске асып жатқанын көремін. Иә, этнос өкілдерінің мемле­кеттік тілде сөйлеу көрсеткіші­нің ар­­туы – «жұмыла әрекет етудің» арқасы. Өзіміз таяуда болған Жам­был облысының Масаншы ауы­лында қазақ мектебінің ­ашы­луы, бал­а­бақ­шаларда қазақ то­бының көбеюі, мемлекеттік тілді үйре­тетін үйір­мелерге қа­тысушы­лар­ санының күрт өсуі – сондай жұмыстар жүйе­лі жүргізіліп жат­қанының бір белгісі. Осындай жағымды үрдісті көзбен көргеннен кейін бір жиында естіген «бұл қазақ тілі тез арада ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек» деген сияқты пікірлерге таңғалдым. Прези­дент­тің Жолдауын бұлай мәй­мөң­келетіп түсіндіру не үшін қажет? Ол халықтың мемлекеттік тілді үйренемін деген ынтасына кері әсер ететіні неге ескеріл­мей­ді? Бәлкім, бұл да көрші мемле­кет­тегі науқанның әсері ме? Ілеспе аудармашы болған­дықтан, елімізді өркендетуге ба­ғытталған стратегиялық жос­парлар, жолдаулар жарияланған, мемлекеттік маңызы бар бас­тамалар қабылданған жиындарға қатысқандардың көтеріңкі көңіл күйін, көтерілген мәселеге құл­шына кірісу мысалдарын талай көрдім. Қазақ мектептерінің саны осылай өсті. Достық үйлері осылай салынды. Тіл үйрету ор­талықтары көбейді. Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне ай­налуы бағытындағы жұмыстар да осылайша жанданып келе жат­қанда Жолдауда айтылған сөздің «жігін жатқызу» қаншалықты қажет? Бұлай деу тұтастай алған­да мемлекеттік тілдің дамуына кедергі келтіретіні неге ойға келмеді? Маған хабарласқан аудар­машылар (орталық мемлекеттік органдардың қызметкерлері) Қазақстанның Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төраға­сының 2021 жылғы 11 тамыздағы №138 бұйрығында да мемлекеттік тілдің дамуына жасанды түрде кедергі келтіру бар дейді. Бұл – біраз уақыт бұрын бір-екі облыста және астаналық әкімдікте пи­лоттық жоба ретінде іске асы­рыл­ған, қызметкерлерге жалақыны факторлық-балдық шкала бо­йынша төлеу жобасы. Құжатта А, Б және С деген блоктар бар, жа­лақы мөлшері де блоктарға сәйкес айқындалады. Бір таңғаларлығы, «аударма қызметін жүзеге асыру және мем­лекеттік тілді дамыту» (мем­лекеттік органдардағы қыз­меттердің әлі де аударма арқылы жүргізіліп отырғаны баршаға белгілі) ісімен айналысатын ма­мандар «материалдық-техника­лық қамтамасыз ету; есептеу және ұйымдастыру техникасына, сондай-ақ ақпараттық жүйелерге қызмет көрсету» сияқты техника­лық мамандармен бірге «С» бло­гына қойылған. Мұны беріден айтсақ, мемлекеттік тілді дамы­тумен айналысатын мамандарды төмендету, әріге барсақ, мемле­кеттік тіл мәртебесін арттыруға қойылған жасанды кедергі деп қабылдауға болады. Мемлекеттік органдарда құ­жат­тарды қабылдаудың белгілі бір рәсімі бар. Сонда осы құжатты әзірлеген кезде, талқылағанда, виза жинағанда, қол қойғанда мемлекеттік тілге қатысты осын­дай ой ешкімді мазаламағаны ма? Әлде бұл мемлекеттік тілдің өз мәртебесіне сәйкес, толық қол­даныста болуын «ұната қоймай­тындардың» ықпалымен жасал­ған құжат па? Қалай болғанда да бұл құжатта мемлекеттік тілді дамыту, аударма ісі мамандары еңбегінің осылайша тұжы­рым­далуы мемлекеттік тілді үшінші орынға қойғандай әсер етеді екен. Ендеше тілге жанашыр жұрт неге үнсіз? Расул Ғамзатовша «Егер тілім ертең болса құрымақ, Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ» деп дауыс көтеретін тұлға жоқ па? Кезінде Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің маңдайындағы «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұранды алып тастап, ата-ба­ба­ларымыздың «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген сөзін қойған Нұрмахан Оразбековтің ізбасарлары қайда? Туған тілімізді төпеп жатқандардың сөздеріне біз, ересектер, елең етпеспіз, ал жоғарыда мысалға келтір­гені­міздей, орыстілді жеткіншек­теріміздің санасы уланып жат­қаны ойландыруы керек. Қазақ «Айтпасаң сөздің атасы өледі» дегенде осындай жағдайды меңзеген шығар.

Камал ӘЛПЕЙІСОВА, жазушы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі