Түркістандық балабақша иелері неге наразы?
Түркістандық балабақша иелері неге наразы?

Түркістанда 150-ге жуық жекеменшік балабақша құрылтайшылары облыс әкімдігінің алдына жиналып, наразылыққа шықты. Олар мемлекет есебінен берілетін  қаржының тым аз екенін айтып, шу шығарды. 

Түркістандықтар мемлекет тарапынан бекітілетін осынау қаржыны республика­ның өзге өңірлерінен төмен алады екен. Есесіне, жалақысы көтерілмеген бала­бақша қызметкерлерінің біразы жұмысын ауыстыруға мәжбүр. Тіпті, бірқатары жылыжайларда жұмысшы болып жалданып, жұмыс істеуде.

Тәрбиешілер базарға шығып кеткен

Шыдамның шегі таусылған құрыл­тайшылар әкімдіктен үміт күтіп отыр. Алайда олармен тілдесуге облыс әкімі Ө.Шөкеев емес, оның орынбасарлары Арман Сәбитов пен Сәкен Қалқаманов шықты. Облыс әкімінің орынбасарлары Түркістан облысының дотациялы өңір екенін еске салып, балабақша құрылтай­шыларына дәл қазір беріле салатын қаржы жоқтығын жеткізді. Әбден ашын­ған наразы топ уәдеден шаршағанын, балабақ­шалардың жабылудың сәл-ақ алдында тұрғанын ес­кертіп, айқайға басты. Билік өкілдері наразы топтың айқайы күшейіп бара жатқан соң Қаржы ми­нистрлігіне петиция жазып бере­міз деп жиналғандарға басу айт­ты. «Бұл жерде, біріншіден балалардың, одан соң кәсіпкерлердің құқығы тапталып жатыр. Екіншіден, педагог кадрлардың құқына қол сұғылуда.  Өзге облыстың балаларына 40-50 мыңнан төленіп жатқанда, Түркістан облысының балаларына ғана 25 мың теңгеден беріп отыр. Сондықтан біздің білікті мамандарымыз, тәрбие­шілеріміз жұмыстан босап кетіп жатыр. Жоғары санаттағы тәрбиешілеріміз базарға шығып кетті. Бүйте берсе, 40 мыңға жуық балабақша қызметкері жұмыссыз, ал 115 мың бүлдіршін балабақшасыз қалуы мүмкін», – деген жанайқайын білдірді  Түркістан облысы бойынша Үздіксіз білім беру қауымдастығының төрайымы Ділдар Хабибова. Ал балабақша құрылтайшысы Ләззат Убайдаева «2021 жылдың ақпан айында басқарма басшысы Жолаевқа кіргенмін. Ол кісіге барғанда «2021-дің қыркүйек айында қаражат беріледі. Үстіндегі айыр­машылығын сол кезде береміз», – деді. Міне, қыркүйек те, қазан да өтті. Ешқандай себеп жоқ, бізге не себепті қаражат кө­терілмейтінін айтпайды. Қиналып жатырмыз», – деді ол. Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Амантай Өсербаев бұл мәселеден хабары бар екенін атап өтті.  «Біздің тарапымыздан жолданған хат Білім және ғылым министрлігінен қолдау тауып, Қаржы министрлігіне бірнеше рет ұсыныс жазылды. Алайда бұл мәселе қазір Қаржы министрлігі тарапынан қолдау таппай отыр», – деді ол.

Жекеменшік балабақшалар жұмысын тоқтатуы мүмкін

Айта кетейік, жекеменшік балабақша құрылтайшыларын мазалап отырған бұл мәселе бүгін ғана емес, көптен бері ушығып келе жатыр екен. Бір кездері «Балапан» бағдарламасы аясында көкжиегі кеңейген мектепке дейінгі мекемелер қазір мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейді. Бұл бағытта 2017 жылғы қараша айында Білім министрінің жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесі бойынша №597 бұйрығы шыққан. Әдістеме аясында рес­публика бойынша әр балаға 2019 жылы 28 мың теңгеден бекітілсе, былтырдан бері қалалық жерде 37 мың теңге, ауылдық аймақта 41 мың теңге төленуі тиіс болып бекітілген. Алайда Түркістан облысының жекеменшік балабақшаларындағы бала­ларға 2020 жылға дейін 18-26 мың теңге төңірегінде төленіп жүріпті. Әр ауданның бюджетіне қарай бекітіліп отырған. Кейбір аудандарға тіпті республикадан келетін 19 мың теңгенің үстіне қосылмаған да. 2021 жылға дейін жергілікті әкімдікке қарайтын білім саласы қазір облыстық Білім басқармаларына қарасты болса да жарымай келе жатыр.  Бүгінде өңірдегі барлық 1 000-нан аса балабақшадағы 115 мың балаға ай сайын 25 мың теңгеден төленіп келеді. Бұл қаржы жекеменшік бала­бақша­лар­дың жыртығын жамай алмай тұр. Дау­дың басы – осында. «Елімізде білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Онда педагог кадрлардың айлық жалақысын көтеру туралы айтылған. Мемлекеттік бағдарлама аясында педагог­тердің жалақысы біртіндеп 100 пайызға көтерілуі тиіс. Ол жерде педагогтер мемлекеттікте ме, әлде жекеменшікте ме, әйтеуір мемлекеттің тапсырысымен жұмыс істеп жат­қан болса, бәріне бірдей жалақы төле­нуі тиістігі де айтылған. «Педагог мәрте­бесі» туралы заң да шықты. Алайда бұл заң түркістандықтарға жүрмейтін сияқты», –дейді Ділдар Хабибова. Қауымдастық төрайымы егер бұл мәселе биыл да шешімін таппаса, кәсіпкерлер жұмыстарын амалсыз тоқтататынын ескертті. Түркістан балабақша Республикада бекітілген бірыңғай әдіс­теме бойынша есептерге сәйкес,  мектепке дейінгі ұйымдарда жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі Түркістан облысында 2021 жылы қала үшін 37 537 теңгені, ал ауылдық жерлер үшін 41 053 теңгені құрауы тиіс еді. Алайда осы уақытқа дейін облыста бір балаға айына бұрынғыдай 25 582 теңге бөлінуде. Соның өзі жылдың соңына дейін жетпей қалу қаупі бар. Дәл осындай қиын жағдайға  өңірдегі 1 024 жекеменшік балабақша кезігіп отыр. Салдарынан 40 мың қызметкерге сол баяғы 2019 жылдың коэффициентімен жалақы төленуде. Педагогтердің жыл сайын алып жатқан санаттары, қымбатшылық еске­ріліп отырған жоқ. «60 мың теңге жалақымен оларды ұстап отыру мүмкін емес. Бұл мәселе арнасынан асып, ушықты. Жағдайдан билік өкілдері де хабардар. Мәселені кәсіпкерлік палатасында 10 рет көтердік. Парламентке, Бас прокуратураға дейін жазғанбыз. Сенатта мұны Дариға Назарбаева, Парламентте Фахриддин Қаратаев та қозғады. Жалпы, 37 мекемеге хат жолдаппыз. Нәтиже шығар емес. Облыс әкімдігі болса, республикадан қосымша қаржы келмесе төлеп беруге ешқандай мүмкіндігіміз жоқ деп отыр. Республикалық чатымыз бар. Мәселен, Қызылордада 51 мың теңгеден төлейді, олар келер жылға 63 мың теңгеге көтеріп отыр. Мынау тұрған Шымкент қаласының өзі 37 500 теңге төлейді. Алдағы уақытта республика аясында зерттеу жүргізіліп, мәселенің шешімін табады деген үміттеміз. Кеше 150 адам қол қойып петиция жазып жібердік.  Енді Үкімет деңгейінде қаралып, оң шешімін табатын шығар деп сеніп отырмыз», – дейді қауымдастық төрайымы.

Балабақшалардың 75 пайызы – жекеменшік

Облыс әкімдігінің маңында өткен нара­зы­лықтан соң билік ертесіне едел-жедел брифинг өткізді. Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингке қазақ­стандық Үздіксіз білім беру қауым­дас­­тығының төрайымы Лейла Куленова, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы­ның директоры Тимур Нақыпбеков, Түркістан облысы бойынша Үздіксіз білім беру қауымдастығының төрайымы Ділдар Хабибова, Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова қатысты. Онда облыстағы 1 417 балабақша­ның 267-сі мемлекеттік, 1 031-і жекеменшік екені айтылды.  Яғни, облыста ашыл­ған балабақшаның 75%-ға жуығы кәсіпкер­лік субъектісі екен. «Бұл мәселелер бала­ларымыздың тәрбиесі мен білімінің сапасына де әсер етуде. Салдарынан бүлдір­шіндер балабақша кезегінде тұруға мәжбүр. Жабылу қаупінде тұрған бала­бақша иелері­нің құқықтарын қалпына келтіруде палата тарапынан мәселе ше­шімін тапқанша Үкімет деңгейінде көтеретін боламыз. Бүгін мәселені Премьер-Министрдің бірін­ші орынбасары А.Смаиловтың қа­рауына шығарып отырмыз», – деді Тимур Нақыпбеков брифинг барысында. Өңірде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында биылға  бекітілген бюджет 115 729 орынға шаққанда 53,3 млрд теңгені құраған. Оның 10,2 млрд теңгесі респуб­лика­лық бюджеттен болса, 43,04 млрд теңгесі жергілікті қаржыдан қаралған. Енді  облысқа қосымша қажеттілік жалпы 26,6 млрд теңгені құрап отыр.  Алайда көрсе­тілген жетіспейтін қаражат республикалық бюджеттен бөлі­нетін жалпы сипаттағы трансферттерді қарау барысында ескерілмепті. Ал Түркістан облысының Адами әлеу­етті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова жыл сайын мектепке дейінгі жастағы балалардың саны 4 000-нан астам адамға көбейіп отырғанын, бұл мәселенің облыс әкімдігінен бастап, Сенат пен Мәжіліс депутаттары бірнеше рет Үкімет пен салалық министрлікке хаттар мен есептеулер жібергенін жеткізді. Тіпті, Премьер-Министр А.Мамин Түр­кістан қаласына келген жұмыс сапары барысында мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етуге қажетті қаражатты бөлу мәселесін заңнамада белгіленген тәртіппен пысықтауды тапсырған. Алайда бұл мәселе әлі шешілмепті. Сонда дейміз-ау, республикадағы барлық құзырлы органдар жабылса да,  тіпті Прьемер-Министрдің назарына ілініп, тапсырма берген мәселе неге шешімін таппай келеді? Тіпті, жыл басында Дариға Назарбаева Үкіметке де сауал жолдаған.  Дәл осы жағдай биыл ғана емес, соңғы 2-3 жылда бірнеше рет қайта­ланыпты. Балабақша қызметкерлерінің жалақысын уақытылы бермеу және жала­қы­ның көтерілмеуін құрылтайшылар айналып келгенде, мемлекеттен берілетін субсидияның осылайша ырың-жырың тірлікпен келе жатқанын айтып  түсіндіреді.

P.S.

Жуырда Қазығұрт ауданындағы бір топ жекеменшік балабақшаның тәрбиешілері де жиі-жиі жалақының кешігетінін, жалақыға қосылуы тиіс 25 пайыз үстемеақының жоқ­тығын айтып шағымданған. Одан бөлек, кезек­ті еңбек демалысының ақшасы, емделуге деп берілуі тиіс қаржы да жоқ. Есесіне, 2-3 топты біріктіріп, кезекші топ жасақтаған. Ашынған тәрбиешілер шағымын айтқанымен, соңында аты-жөндерін айтудан бас тартқан болатын. «Бақсақ бақа екен» демекші, жекеменшік балабақшалардағы проблеманың басы мұнда екен ғой...

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы