Босанған ана тағы сандала ма?
Босанған ана тағы сандала ма?
392
оқылды

Қос банктің ұялы қосымшасында енді декреттік жәрдем­ақыны да онлайн рәсімдеуге болады деп екі министрлік қуана хабарлады. Еңбек және Цифрлық даму министрліктері көрсетілетін мемқызметтерді халыққа ыңғайлы етуге әрі таңдау мүмкіндігін ұсынуға қол жеткізгенін шат кө­ңілмен жариялады. Шынында, күрмеулі мәселе – жәр­дем­ақыға өтініш беру емес, оның тағайындалуына қол жет­кізу болатын. Бюрократия кесірінен қаншама бо­сан­ған ана жәрдемақысын ала алмай, баласын асырауда қиналып отыр.

Халықтың банктерге тәуелділігі артпай ма?

Алдымен тақырыптың қозға­луына түрткі болған ақпараттық себепке тоқталсақ. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәлі­метінше, аналар бұдан былай бала тууына байланысты және 1 жасқа толғанға дейінгі баланың күтімі бойынша жәрдемақы мен төлемді рәсімдеу үшін Kaspi және Halyk Homebank қосымшалары арқылы өтініш бере алады. «Мемлекеттік қызметтер сер­висін танымал қосымшаларға шы­ғарып, өрісті кеңейту бағы­тын­да белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Біз қызметтерді өзіне ыңғайлы тәсілмен алу үшін халыққа таңдау мүмкіндігін ұсынуға тырысамыз. Бұған дейін банк қосымшалары арқылы жеке кәсіпкерлікті тіркеуді және автокөлікті қайта тіркеуді табысты жүзеге асыра алдық. Енді өмір есігін ашқан нәрестелерге ар­налған жәрдемақыны да смарт­фон арқылы ресімдеуге жол ашыл­ды», – деді Цифрлық даму вице-министрі Әсет Тұрысов. Ол мұның бірнеше мемор­ган­ның тізе қоса қимылдауы арқа­­сын­да мүмкін болғанын жеткізді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұны растауға асықты. «Бірлескен пилоттық жобаны іске асырудағы мақсатымыз – түпкі тұтынушыға барынша қолай­лы жағдай жасау. Бұл шара аза­маттар­дың электронды мемлекет­тік қыз­меттерге деген сенімін арт­­тырады деген үміттеміз. Ол ке­лесі 9 ай бойы пилоттық жоба түрінде жүргізіледі. Оң динамика болса, қажеттілік туын­даса, сон­дай-ақ банктер тех­ни­калық тұр­ғыдан дайын болса, онда жоба пилоттық форматтан тұрақты қол­­даныстағы форматқа кө­ші­рі­леді. Мемқыз­мет­тердің са­нын арт­тыру және сапасын жақ­сарту мақсатында банктермен ары қарай ынтымақ­тасуға дайын­быз!» – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов. Жалпы, бұдан банктер ұт­паса, еш ұтылмайды. Шенеуніктер осы арқылы бірін­ші­ден, оларға жүз­деген мың жаңа клиент тауып бе­реді, екіншіден, қазақстан­дық­тар­ды соларға тәуелді етуі мүмкін. Егер осы іске өзге банк­тер тартыл­маса, аза­маттардың таңдауы екі-ақ банкпен шектелмек. Банктермен бірге жаңа функцияны іске қосуға Цифрлық даму, Еңбек және халық­ты әлеу­мет­тік қорғау, Әділет ми­нистрлікте­рі, «Ұлттық ақпараттық технология­лар» АҚ жұмылд­ыры­лыпты. Сонымен, бала тууға байланыс­ты жәрдемақыға және 1 жасқа толғанға дейін бала күтіміне бай­ла­нысты кірісінен айырылу жағ­дайына орай тағайындалатын әлеу­меттік төлемге өтініш беру үшін алдымен, әрине, осы екі банк­тің клиенті болуға және олардың Halyk Homebank пен Kaspi.kz мо­бильді қосымшаларының бірін жүктеуге тиіссіз. Ар жағы қиын емес: мемқызметтер бөліміне кі­ріп, дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісімді растау қажет. Содан соң «Бала тууына байла­ныс­ты жәрдемақыны» таң­дап, өтініш берілетін баланың деректерін ен­гізген жөн. Ақырында барлық де­ректің дұрыстығын тексеріп, ЭЦҚ арқылы өтінімге қол қою керек. Азаматтың өтінішін меморган қарағаннан кейін клиентке push хабарлама және өтініштің қарау нәтижесі мен тағайындалған жәр­демақы көлемі туралы SMS жібе­рі­леді. Бұл қызмет түрін бала ту­ған­нан бастап 1 жыл ішінде, кез келген уа­қытта рәсімдеуге болатын көрінеді. Бұған дейін осы жәрдемақыға өтінішті ХҚКО, электронды Үкі­мет порталы немесе 1414 нөмірі бо­йынша SMS сервисі арқылы беруге болатын.

Ақша аударса – дос, ақша сұраса – бейтаныс

Жалпы, елдегі демографиялық дүмпу арқасында бүгінде осы қыз­мет тұрғындар арасында көп сұ­ранысқа ие, ең танымал қызметтің біріне айналды. Нақтылай кетсек, 2021 жылы ХҚКО арқылы – 344 134, eGov.kz порталы арқылы – 144 751 және «1414» SMS-сервисі ар­қылы 209 351 өтініш түскен. 8 қазанда іске қосылғалы Kaspi.kz пен Halyk Homebank қосым­ша­лары арқылы «Бала туғанда бе­рі­летін және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындауға» және «Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді тағайындауға» 500-ден астам өтініш қабылданыпты. Егер көр­сеткіш жоғары болмаса, «тоғыз ай толғатқан» пилоттық жоба соны­мен доғарылуы да мүмкін. Бірақ, аналардың айтуынша, өтініш беруде бұрындары еш қиындық болмайтын. Мәселе сол өтініштің құзырлы органдарда қаралуында екен. босанған ана Бухгалтер Елена Н. сәбиінің өмірге келуіне орай Халыққа қыз­мет көрсету орталығы арқылы тиіс­ті жәрдемақы мен төлемге құ­жат­та­рын тапсырыпты. Үш күннен ке­йін жәрдемақы тағайындау мәсе­лесін қарау мерзімі 30 күнге ұзар­тылғаны туралы хабарлама келіпті. «Мұның мәнісін анықтауға кі­рістім. Сөйтсе, Мемлекеттік әлеу­меттік сақтандыру қорында менің жүктілік бойынша есепте тұрғаным туралы мәліметтер жоқ болып шығыпты. Сондықтан олар маған еңбекке уақытша жарамсыздық парағын берген емханаға сұрау жіберген. Содан нәтижесін күтіп отырмай, емханама өзім жүгініп, сұрастырдым. Дәрігер деректер ба­засында жүктілік бойынша есепте тұрғанымды көрсетті. Дереу МӘСҚ филиалына барып, фотоны көрсеттім. Олар өз жүйесінде мен туралы деректердің жоғын көр­сетті. Бұл қалай болғаны? Жүйе бір емес пе? Аталған қорға барлық ау­да­рымды уақытында жіберіп тұр­дым. Енді одан көмек алатын уақыт келгенде біз сені білмей­міз, танымаймыз деген түр таны­та­­ды», – деп тұнжырайды Елена. Ай сайын жарна ақша жинау қажет болғанда азамат мемлекеттік дерекқорларда бар болады, ал төлем төлейтін уақыт келгенде шенеуніктер әртүрлі сылтау айтып, сан алуан инстансаларға жүгіртіп, сергелдеңге салып қояды. «Аударым-жарналарымды адал аударып келген екенмін, енді неге жәрдемақы алуға лайықты еке­нім­ді түрлі инстанса алдында дәлел­деуге тиіспін? Емханамның жүйе­сінде де, Damumed-те де есепте тұр­­ғанымды көріп тұрмын, ал осы­ны МӘСҚ-тегілердің көрмей­тінін қа­лай түсіндіруге болады? Әлде элек­тронды Үкімет дұрыс жұ­мыс істемейді деу үшін әдейі істей ме? Қит етсе, жүйеде ақау, бұ­зылу болды деп шыға келеді», – деп ренжиді ана.

Шенеуніктер неге шырғалаңға әуес?

Декреттік демалысқа шыққан Фарида Т. да тиісті жәрдемақысы мен төлемін ала алмапты. Мұны парадокс деуге болады: шенеу­нік­тер оның жұмыс берушісі – ауыл шаруашылығы кәсіпорны қорға артық жарна төлеп қойғаны үшін жәрдемақы тағайындамай отырған көрінеді. «Қазір бала күтімімен үйде отырмын. Тиісінше, бала тууға бай­ланысты жәрдемақыны және бала бір жасқа толғанға дейінгі әлеуметтік төлемді тағайындауға құжаттарымды тапсырдым. Мен жұмыс істеген ұйым МӘСҚ-ке әлеу­меттік аударымдарды қате ауда­рыпты, яғни артық есептеп, тиіс­ті мөлшерден көбірек жолдаған екен. Осыны сылтауратып маған мемлекет жәрдемақы тағайын­дау­дан бас тартты. Осы факт анық­тал­ған соң компаниям «Азаматтарға арналған Үкімет» мемкорпора­циясы арқылы артық есептелген соманы өз есепшотына қайтару туралы өтініш жіберді. Алайда ол сома сол бойы қайтпады. Тиісінше, декреттік төлемдер де төленбей тұр», – дейді ол. 1414 бірыңғай байланыс орта­лығына хабарласқанда ондағылар басқа бір телефон нөмірін беріп, содан білуге кеңес береді. Әйт­кен­мен, ол нөмір бойынша телефон­ның құлағын ешкім көтермепті. Ұйым­ның бухгалтерлері де бір­неше рет қоңыраулатып, сөйлесе алмаған. Бұл салада олқылықтар мен бы­лықтар жетерлік. Жүкті ананың бар ойы, тілегі - бөбегін аман-есен туып, өзі де аман қалуы. Алайда оның орнына шенеуніктер ана­лар­ды әртүрлі бюрократиялық ке­дергі-құрсаумен тұсаулап тас­тайды. Сал­дарынан екіқабат нәзік болмыс ие­лері бірінші кезекте тиісті жәр­демақыдан қағылмаудың қамын жасауға мәжбүр. Әйтпесе, өзі мен баласын асырау үшін қа­жетті қа­ра­жат пен тіршілік көзінен айырылады. «Шұғыл түрде босануыма тура келді. Жүктілік мерзімім 30-шы ап­таға жетпеген. Яғни, 30-шы ап­таға дейін еңбекке уақытша жарам­сыздық парағын рәсімдеп үлгер­медім. Дәл декреттік демалысқа кетерде, 29 апта 5 күн өткенде ба­лам­ды тудым. Енді гинеколог дема­лысты рәсімдеуден бас тартып отыр, себебі «қабылдауға уақы­тын­да, бала туғанға дейін кел­ме­дің» дейді. Осындай жағдайда дәрігерге «больничныйды» өтіп кеткен датаға аша салуына неге рұқсат етпейді?!» – дейді Ақнұр Ә. Денсаулық сақтау министр­лігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің түсінді­руінше, «Еңбекке уақытша жарам­сыз­дыққа сараптама жүргізу, сон­дай-ақ еңбекке уақытша жарам­сыздық парағын немесе анықта­масын беру қағидаларын бекіту туралы» Денсаулық сақтау минис­трінің 2020 жылғы 18 қарашадағы бұйрығында еңбекке уақытша жарамсыздық анықтамасын беру тәртібі бекітілген. Оған сәйкес, парақты 30 апта­дан ерте ашуға болмайтынға ұқ­сайды. Себебі бұйрықтың 57-бө­лімінің 1-тармақшасы бойынша «жүктілік пен босану бойынша еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын акушер-гинеколог дәрігер, ал ол болмаған жағдайда – жүктіліктің 30-шы аптасынан бастап ұзақтығы 126 күнге бөлімше меңгерушісімен бірлесіп, дәрігер береді». Бұл 126 күннің 70-і – тууға дейінгі, қалған 56 күні босанғаннан кейінгі уақытқа есептелген. ДСМ департаменті мәселені егжей-тегжейлі қарап, шешім қа­былдау үшін шағым иесі өз өңі­ріндегі Денсаулық сақтау басқар­масының Ана мен бала денсау­лы­ғын қорғау бөлімінің басшысына жүгінуі керек дегенді айтады.

P.S. Қалай болғанда, жәрдем­ақыға өтініш беру қиын емес кө­рінеді. Жұрт оны жеңілдетуді сұра­ған да жоқ. Азаматтар ХҚКО, eGov және SMS-сервисі арқылы кез кел­ген уақытта өтініш бере алады. Проблема содан кейін басталатынға ұқсайды: бюрократия әртүрлі сыл­тауды алға тартып, жас босанған ана­ны сандалтып қояды. Қос банк­тің қосымшасы бұл сорақы жағ­дайды түзете алмайды. Қазақстан халқының санын өсіруге үлес қосқан аналарға күдік білдіру емес, құрмет көрсету қажет-ақ. Биліктегілерге әр нәрсеге уақыт жоғалтпай, банктерді дәріптемей, халықтың сұраған мә­се­лесін нақты шешуге назар шо­ғыр­ландырғаны жөн. Ал жетекші банк­тер өз сервистерін өздері-ақ жетіл­діре алады.

Елдос СЕНБАЙ