Қос банктің ұялы қосымшасында енді декреттік жәрдемақыны да онлайн рәсімдеуге болады деп екі министрлік қуана хабарлады. Еңбек және Цифрлық даму министрліктері көрсетілетін мемқызметтерді халыққа ыңғайлы етуге әрі таңдау мүмкіндігін ұсынуға қол жеткізгенін шат көңілмен жариялады. Шынында, күрмеулі мәселе – жәрдемақыға өтініш беру емес, оның тағайындалуына қол жеткізу болатын. Бюрократия кесірінен қаншама босанған ана жәрдемақысын ала алмай, баласын асырауда қиналып отыр.
Халықтың банктерге тәуелділігі артпай ма?
Алдымен тақырыптың қозғалуына түрткі болған ақпараттық себепке тоқталсақ. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, аналар бұдан былай бала тууына байланысты және 1 жасқа толғанға дейінгі баланың күтімі бойынша жәрдемақы мен төлемді рәсімдеу үшін Kaspi және Halyk Homebank қосымшалары арқылы өтініш бере алады. «Мемлекеттік қызметтер сервисін танымал қосымшаларға шығарып, өрісті кеңейту бағытында белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Біз қызметтерді өзіне ыңғайлы тәсілмен алу үшін халыққа таңдау мүмкіндігін ұсынуға тырысамыз. Бұған дейін банк қосымшалары арқылы жеке кәсіпкерлікті тіркеуді және автокөлікті қайта тіркеуді табысты жүзеге асыра алдық. Енді өмір есігін ашқан нәрестелерге арналған жәрдемақыны да смартфон арқылы ресімдеуге жол ашылды», – деді Цифрлық даму вице-министрі Әсет Тұрысов. Ол мұның бірнеше меморганның тізе қоса қимылдауы арқасында мүмкін болғанын жеткізді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұны растауға асықты. «Бірлескен пилоттық жобаны іске асырудағы мақсатымыз – түпкі тұтынушыға барынша қолайлы жағдай жасау. Бұл шара азаматтардың электронды мемлекеттік қызметтерге деген сенімін арттырады деген үміттеміз. Ол келесі 9 ай бойы пилоттық жоба түрінде жүргізіледі. Оң динамика болса, қажеттілік туындаса, сондай-ақ банктер техникалық тұрғыдан дайын болса, онда жоба пилоттық форматтан тұрақты қолданыстағы форматқа көшіріледі. Мемқызметтердің санын арттыру және сапасын жақсарту мақсатында банктермен ары қарай ынтымақтасуға дайынбыз!» – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов. Жалпы, бұдан банктер ұтпаса, еш ұтылмайды. Шенеуніктер осы арқылы біріншіден, оларға жүздеген мың жаңа клиент тауып береді, екіншіден, қазақстандықтарды соларға тәуелді етуі мүмкін. Егер осы іске өзге банктер тартылмаса, азаматтардың таңдауы екі-ақ банкпен шектелмек. Банктермен бірге жаңа функцияны іске қосуға Цифрлық даму, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Әділет министрліктері, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жұмылдырылыпты. Сонымен, бала тууға байланысты жәрдемақыға және 1 жасқа толғанға дейін бала күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайына орай тағайындалатын әлеуметтік төлемге өтініш беру үшін алдымен, әрине, осы екі банктің клиенті болуға және олардың Halyk Homebank пен Kaspi.kz мобильді қосымшаларының бірін жүктеуге тиіссіз. Ар жағы қиын емес: мемқызметтер бөліміне кіріп, дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісімді растау қажет. Содан соң «Бала тууына байланысты жәрдемақыны» таңдап, өтініш берілетін баланың деректерін енгізген жөн. Ақырында барлық деректің дұрыстығын тексеріп, ЭЦҚ арқылы өтінімге қол қою керек. Азаматтың өтінішін меморган қарағаннан кейін клиентке push хабарлама және өтініштің қарау нәтижесі мен тағайындалған жәрдемақы көлемі туралы SMS жіберіледі. Бұл қызмет түрін бала туғаннан бастап 1 жыл ішінде, кез келген уақытта рәсімдеуге болатын көрінеді. Бұған дейін осы жәрдемақыға өтінішті ХҚКО, электронды Үкімет порталы немесе 1414 нөмірі бойынша SMS сервисі арқылы беруге болатын.Ақша аударса – дос, ақша сұраса – бейтаныс
Жалпы, елдегі демографиялық дүмпу арқасында бүгінде осы қызмет тұрғындар арасында көп сұранысқа ие, ең танымал қызметтің біріне айналды. Нақтылай кетсек, 2021 жылы ХҚКО арқылы – 344 134, eGov.kz порталы арқылы – 144 751 және «1414» SMS-сервисі арқылы 209 351 өтініш түскен. 8 қазанда іске қосылғалы Kaspi.kz пен Halyk Homebank қосымшалары арқылы «Бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындауға» және «Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді тағайындауға» 500-ден астам өтініш қабылданыпты. Егер көрсеткіш жоғары болмаса, «тоғыз ай толғатқан» пилоттық жоба сонымен доғарылуы да мүмкін. Бірақ, аналардың айтуынша, өтініш беруде бұрындары еш қиындық болмайтын. Мәселе сол өтініштің құзырлы органдарда қаралуында екен.Шенеуніктер неге шырғалаңға әуес?
Декреттік демалысқа шыққан Фарида Т. да тиісті жәрдемақысы мен төлемін ала алмапты. Мұны парадокс деуге болады: шенеуніктер оның жұмыс берушісі – ауыл шаруашылығы кәсіпорны қорға артық жарна төлеп қойғаны үшін жәрдемақы тағайындамай отырған көрінеді. «Қазір бала күтімімен үйде отырмын. Тиісінше, бала тууға байланысты жәрдемақыны және бала бір жасқа толғанға дейінгі әлеуметтік төлемді тағайындауға құжаттарымды тапсырдым. Мен жұмыс істеген ұйым МӘСҚ-ке әлеуметтік аударымдарды қате аударыпты, яғни артық есептеп, тиісті мөлшерден көбірек жолдаған екен. Осыны сылтауратып маған мемлекет жәрдемақы тағайындаудан бас тартты. Осы факт анықталған соң компаниям «Азаматтарға арналған Үкімет» мемкорпорациясы арқылы артық есептелген соманы өз есепшотына қайтару туралы өтініш жіберді. Алайда ол сома сол бойы қайтпады. Тиісінше, декреттік төлемдер де төленбей тұр», – дейді ол. 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласқанда ондағылар басқа бір телефон нөмірін беріп, содан білуге кеңес береді. Әйткенмен, ол нөмір бойынша телефонның құлағын ешкім көтермепті. Ұйымның бухгалтерлері де бірнеше рет қоңыраулатып, сөйлесе алмаған. Бұл салада олқылықтар мен былықтар жетерлік. Жүкті ананың бар ойы, тілегі - бөбегін аман-есен туып, өзі де аман қалуы. Алайда оның орнына шенеуніктер аналарды әртүрлі бюрократиялық кедергі-құрсаумен тұсаулап тастайды. Салдарынан екіқабат нәзік болмыс иелері бірінші кезекте тиісті жәрдемақыдан қағылмаудың қамын жасауға мәжбүр. Әйтпесе, өзі мен баласын асырау үшін қажетті қаражат пен тіршілік көзінен айырылады. «Шұғыл түрде босануыма тура келді. Жүктілік мерзімім 30-шы аптаға жетпеген. Яғни, 30-шы аптаға дейін еңбекке уақытша жарамсыздық парағын рәсімдеп үлгермедім. Дәл декреттік демалысқа кетерде, 29 апта 5 күн өткенде баламды тудым. Енді гинеколог демалысты рәсімдеуден бас тартып отыр, себебі «қабылдауға уақытында, бала туғанға дейін келмедің» дейді. Осындай жағдайда дәрігерге «больничныйды» өтіп кеткен датаға аша салуына неге рұқсат етпейді?!» – дейді Ақнұр Ә. Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің түсіндіруінше, «Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргізу, сондай-ақ еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын беру қағидаларын бекіту туралы» Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 18 қарашадағы бұйрығында еңбекке уақытша жарамсыздық анықтамасын беру тәртібі бекітілген. Оған сәйкес, парақты 30 аптадан ерте ашуға болмайтынға ұқсайды. Себебі бұйрықтың 57-бөлімінің 1-тармақшасы бойынша «жүктілік пен босану бойынша еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын акушер-гинеколог дәрігер, ал ол болмаған жағдайда – жүктіліктің 30-шы аптасынан бастап ұзақтығы 126 күнге бөлімше меңгерушісімен бірлесіп, дәрігер береді». Бұл 126 күннің 70-і – тууға дейінгі, қалған 56 күні босанғаннан кейінгі уақытқа есептелген. ДСМ департаменті мәселені егжей-тегжейлі қарап, шешім қабылдау үшін шағым иесі өз өңіріндегі Денсаулық сақтау басқармасының Ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысына жүгінуі керек дегенді айтады.P.S. Қалай болғанда, жәрдемақыға өтініш беру қиын емес көрінеді. Жұрт оны жеңілдетуді сұраған да жоқ. Азаматтар ХҚКО, eGov және SMS-сервисі арқылы кез келген уақытта өтініш бере алады. Проблема содан кейін басталатынға ұқсайды: бюрократия әртүрлі сылтауды алға тартып, жас босанған ананы сандалтып қояды. Қос банктің қосымшасы бұл сорақы жағдайды түзете алмайды. Қазақстан халқының санын өсіруге үлес қосқан аналарға күдік білдіру емес, құрмет көрсету қажет-ақ. Биліктегілерге әр нәрсеге уақыт жоғалтпай, банктерді дәріптемей, халықтың сұраған мәселесін нақты шешуге назар шоғырландырғаны жөн. Ал жетекші банктер өз сервистерін өздері-ақ жетілдіре алады.
Елдос СЕНБАЙ