Тараз қант зауытының басы дауға қалды
Тараз қант зауытының басы дауға қалды

Жамбыл облысында бірер жылдың бедерінде қызылша егу шаруашылығы қолға алынып, қант өндірісі жолға қойылған. Алайда өткен жылы тәтті түбір төңірегінде түйткіл туындап, Меркі қант  зауытынан 177 шаруа 1 миллиард теңгеден астам қарызын ала алмай жүргенін айтып, шырыл қаққан. Еңбек адамдары тіпті «енді өнімді екпейміз» деп жанайқайын білдірген. Алайда аймақ басшысының араласуымен бұл мәселе біржақты шешілген. Енді биыл Тараз қант зауытының  басы дауға қалып отыр.

Еліміздің Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің  ресми сайтында Тараз қант зауытына қатысты тергеп-тексеру жұмыстары басталғаны мәлімделді. «Жамбыл облысы бойынша моно­полияға қарсы орган қантты әртүрлі тұтынушыларға сату кезінде мәні бірдей келісімдерге әртүрлі бағаларды белгілегені үшін «Тараз қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қа­тысты бәсекелестікті қорғау саласын­дағы Қазақстан заңнамасының бұзылуы бойынша тергеп-тексеруді бастады. 2021 жылғы наурыз айында департамент «Тараз қант зауыты»  ЖШС-на осындай бұзу­шылықтар үшін хабарлама шығарды, кәсіпорын хабарламаны орындады. Алайда талдау барысында субъект қантты сату кезінде әртүрлі баға­ларды қолдануды жалғастырғаны анықталды. Тергеп-тексеру тағайындауға зауыт­тың монополияға қарсы орган хабарлама шығарған күннен кейін бір жыл ішінде тәртіп бұзуға жол бергені негіз болды», – делінген ресми хабарламада. Мәселенің анық-қанығына жету үшін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыс бойынша департаментіне хабарластық. Мекеменің тергеу бөлімінің басшысы Серік Қы­лыш­бекұлының айтуынша, қант зауытына қатысты бәсекелестікті қорғау саласындағы бірқатар заңбұзушылыққа жол бергені үшін тергеу басталған  екен.
–  Биыл наурыз айында «Тараз қант зауыты» ЖШС-на талдау жұмыс­тарын жүргізген едік. Нәтижесінде, әр тұтынушыға әртүрлі баға белгілеу бойынша заңбұзушылықтар анықталды. Талдау қорытындысын 15 наурыз күні серіктес­тікке жолдадық. Олар анықта­лған заңбұзу­шылық­тармен келісіп, олқылықтың орнын толтыруға уәде етті. Алайда арада жыл өтпей жатып серіктестік бағаны қалауына қарай құбылтып жатқаны қайта анықталды. Сондықтан Тараз қант зауытының  үстінен  тергеу амалдарын бастадық. Қазір мекеме мұндай қадамға не себепті барғанын тексерудеміз. Тергеу амалдары 3 айды қамтиды. Содан кейін барып мәселенің анық-қанығы анық­тала­ды, – дейді тергеу бөлімінің басшысы.
Департамент маманы тергеу амалдары жүріп жатқанына байланысты бұдан артық ақпарат бере алмайтынын айтты. Алайда егер тағылған айып дәлелін тапса, серіктестіктің мо­но­полиялық табысымен қоса, жылдық табысының 5 пайызы тәркіленеді екен. Ал бұл дегеніңіз – зауыт өндірісі үшін үлкен соққы. Оған қоса, дәл қазір диқандардың зауытқа  тәтті түбір өткізу науқаны басталғанын ескерсек, серік­тестіктің  қаржысына «құлып» салынуы қос бүйірден қысатыны анық. Ертең зауыттың қаржысы тәркіленіп жатса, Меркі қант зауыты  құсап, серіктестік шаруалардың ақшасын бере алмай,  еңбек адамдарын зар жылатпай ма? Міне, мәселе қайда... Облыс әкімдігі Ауыл шаруашылығы бас­қармасы берген ақпаратқа сүйенсек, биыл аймақта 5,6 мың гектарға қант қызылшасы егіліп, бүгінде оның 383,3 гектары жиналыпты. Бұл 19 374,4 тоннаны құрап отыр. Тәтті түбірді өңірдегі  86 шаруашылық  отырғызса, қазір  23 қожалық өнім  жинау жұмыстарын бастаған. Жиналған қызылшаның 2 186,7 тоннасы Тараз қант зауытына өткізілсе, 16 571,1 тоннасы  Меркі қант зауытына  өткізілген. Биылғы жылы жалпы 153 мың тонна өнім алу жоспар­ланған­дықтан, бұл тек жұмыстың басы ғана. Ертең Тараз қант зауытына шаруалар қызылшасын еселеп жөнелткенде, «оның төлемін төлеуде қиындықтар туындамай ма?» деген ой келеді. Себебі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыс бойынша департаменті  қант зауытын айыпты деп тапса, кәсіпорын айыппұл төлей ме, әлде шаруалардың ақшасын бере ме? Негізі, бағаға келгенде, барынша ұқыпты болған абзал. Өйткені қазіргідей қиын жағдайда тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі дәл осы бағаға тәуелді болып тұр. Күні кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та базар басшыларының басын қосып, «бағамен ойнамаңдар» деп қатаң ескерткен болатын. Ал қант бағасын қалауынша құбылтып отырған Тараз қант зауытына мұны кім түсін­дірер екен?

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы