Мұғалімдерді көше сыпыруға жіберген
Мұғалімдерді көше сыпыруға жіберген
209
оқылды

16 қазанда «Семейде мұғалімдер сабақты тастап, сенбілікке шықты» деген ақпарат әлеу­­меттік желіде лезде тарап, қоғамда қызу талқыланған болатын. Сенбілікке бір емес, екі мектептің мұғалімдері шық­қан. Әлеуметтік желідегі шудан соң, бұл мә­селеге Білім және ғылым министрлігі де үн қатқан еді. Сонымен, мұғалімдерді кө­ше сыпыруға мәжбүр ет­кен кім?

Кеше аталған министрлік­тің баспасөз қызметі Семейде педа­гогтерді көше сыпыруға жі­берген лауазымды тұлға­лардың әкім­шілік жауапкер­ші­лікке тартыл­ғанын хабарлады. Нақтырақ айт­сақ, Семей қала­сы әкімінің орын­басары Д.Га­риков, Семей қалалық білім бө­лімінің басшысы Н.Фесенко, шаһардағы №9 орта мектептің директоры Н.Тегай мен №43 орта мектеп дирек­то­ры­ның мін­детін атқарушы А.Ис­кри­наға әкімшілік іс қозғалған. «Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Н.Фесенко облыстық Білім басқармасынан сөгіс те алды. Жоғарыда аталған төрт ла­уазымды тұлғаға біздің депар­тамент тарапынан әкімшілік іс қозғалды. Заң бойынша әкім­ші­лік іс бірінші рет қозғалса, ес­керту беріледі. Егер мұндай жағ­­дай тағы қайталанса, айып­пұл төлейді немесе жұмыстан шыға­рылуы да мүмкін», – дейді Шы­ғыс Қазақстан облыстық білім саласында сапаны қамта­масыз ету департаментінің бас­шысы Зейнеп Мақсұтова. Аталған департамент жүргіз­ген тексеру барысында сенбі­лікке бір емес, екі мектептің (№43 және №9 мектеп) мұға­лімдері шық­қаны анықталған. «Әкім­ші­лік істі қарау бары­сында педа­гог­тер қаланы абат­тандыру жұмыс­тарына Семей қаласы әкімінің орынбасары Д.Гари­ковтың хаты негізінде шыққаны анықталды. Хатта педагогтердің сенбілікке таңғы сағат 09.00-де шығуын қамта­масыз ету тапсы­рылған. Сон­дай-ақ хаттың әкім орын­ба­сарының қолы қойылған қо­сымшасына сәйкес, әр мек­тепке аумақты тазарту жұмыс­тарын жүргізу үшін белгілі бір учаске берілген. Тапсырманың орын­далуын бақылау әкімдіктегі бө­лімшелердің біріне жүктел­ген. Білім және ғылым минис­трлігі облыстар мен республи­калық маңызы бар қалалардың әкім­діктеріне педагогтерді пайдалану және оларды қызме­тінен тыс жұ­мыстарға тарту бойынша осын­дай әрекеттерге жол бе­рілмеуі тиіс екені туралы түсін­дірілген хат жолдады» де­лінген  министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы