16 қазанда «Семейде мұғалімдер сабақты тастап, сенбілікке шықты» деген ақпарат әлеуметтік желіде лезде тарап, қоғамда қызу талқыланған болатын. Сенбілікке бір емес, екі мектептің мұғалімдері шыққан. Әлеуметтік желідегі шудан соң, бұл мәселеге Білім және ғылым министрлігі де үн қатқан еді. Сонымен, мұғалімдерді көше сыпыруға мәжбүр еткен кім?
Кеше аталған министрліктің баспасөз қызметі Семейде педагогтерді көше сыпыруға жіберген лауазымды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады. Нақтырақ айтсақ, Семей қаласы әкімінің орынбасары Д.Гариков, Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Н.Фесенко, шаһардағы №9 орта мектептің директоры Н.Тегай мен №43 орта мектеп директорының міндетін атқарушы А.Искринаға әкімшілік іс қозғалған. «Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Н.Фесенко облыстық Білім басқармасынан сөгіс те алды. Жоғарыда аталған төрт лауазымды тұлғаға біздің департамент тарапынан әкімшілік іс қозғалды. Заң бойынша әкімшілік іс бірінші рет қозғалса, ескерту беріледі. Егер мұндай жағдай тағы қайталанса, айыппұл төлейді немесе жұмыстан шығарылуы да мүмкін», – дейді Шығыс Қазақстан облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Зейнеп Мақсұтова. Аталған департамент жүргізген тексеру барысында сенбілікке бір емес, екі мектептің (№43 және №9 мектеп) мұғалімдері шыққаны анықталған. «Әкімшілік істі қарау барысында педагогтер қаланы абаттандыру жұмыстарына Семей қаласы әкімінің орынбасары Д.Гариковтың хаты негізінде шыққаны анықталды. Хатта педагогтердің сенбілікке таңғы сағат 09.00-де шығуын қамтамасыз ету тапсырылған. Сондай-ақ хаттың әкім орынбасарының қолы қойылған қосымшасына сәйкес, әр мектепке аумақты тазарту жұмыстарын жүргізу үшін белгілі бір учаске берілген. Тапсырманың орындалуын бақылау әкімдіктегі бөлімшелердің біріне жүктелген. Білім және ғылым министрлігі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне педагогтерді пайдалану және оларды қызметінен тыс жұмыстарға тарту бойынша осындай әрекеттерге жол берілмеуі тиіс екені туралы түсіндірілген хат жолдады» делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы