Жанына жылу іздегендер жиілеген
Жанына жылу іздегендер жиілеген

Күйзеліске түскендер көбейіп ке­ле­­ді. Әсіресе, пандемия кезінде пси­хо­логтар мен психиатрлардың көмегіне жүгінгендер анағұрлым артып отыр. Жұрттың жүйкесіне түскен сал­мақтың себебі не? Күйзеліске түс­кендерге мамандар қандай ақыл-кеңес береді?

Жақында ғана қазақстандықтардың пси­хикалық ауруханаларға жиі жүгіне бас­та­ғаны туралы мәлімет белгілі болды. Мә­селен, былтыр елдегі психикалық ауру­ха­налар науқастарға 20 млрд теңгеге жуық көлемінде қыз­мет көрсетіпті. Бұл өткен жыл­дың сәй­кес кезеңімен салыстырғанда 18,5%-ға көп. Өйткені былтыр пандемия бас­талып, жұрт жаппай төрт қабырғаға қа­мал­ған уа­қыт­та психикалық ауруханалар 16,8 млрд теңгеге қызмет көрсеткен. Жүйкесі жұқарып, өмірге өкпе арта­тын­дардың қарасы Алматы қаласы, Шығыс Қа­зақстан мен Қарағанды облыстарында ар­тып отыр. Мысалы, Алматыдағы пси­хи­ка­лық орталықтардың науқастарға көр­сет­кен көмегі 3,2 млрд теңгеге жеткен. Шығыс Қа­зақстан облысында – 2,2 млрд, Қара­ған­ды 1,9 млрд теңгеге қызмет ұсынған. Ал қыз­мет көрсету көлемінің ең көп жылдық өсі­мі Жамбыл облысы мен Шымкент қа­ласына тиесілі екен. Алай­да сарапшылар Нұр-Сұлтан қаласы мен халық тығыз орна­лас­қан Түркістан об­лысында күйзеліске түс­кендердің көбею көр­сеткіші байқал­майтынын айтып отыр. Бірақ Шымкент қаласында жан жарасын ем­деп жазғысы келетін жандар психиатрия­лық клиникалар мен жеке психологтердің көмегіне жиі жүгінетін көрінеді.

Қаржы тапшылығы күйзеліске түсіреді

Отбасылық психолог Айгүл Алтайқызы пан­демия басталғалы халықты денсаулық пен қаржылық жағдай көбірек алаңдатып жат­қанын айтады. Адамдар арасындағы қа­рым-қатынас азайған уақытта үйден шықпау, яғни төрт қабырғаға қамалудың сал­дары отбасы мүшелеріне өздігінше әсер ете бастаған. «Науқастарымның арасында кә­сіппен айналысатын адамдар көп. Каран­тин щектеулеріне байланысты көп адамның кәсі­бі жүрмей жатыр. Қаржылық мәселеге тап болған соң отбасында кикілжің бас­тала­ды. Әсіресе, кәсіппен айналысатын әйелдер дағдарысқа дайын болмай жатады. Соның салдарынан күйзеліске ұшырайды. Бұрын көп ақша тауып, сол ақшамен қыдырып, емін-еркін жүретін адамдарға қаржы тап­шы­лығы қатты батып, жападан жалғыз қал­ғандай сезімде жүреді. Соңы ерлі-зайып­тылардың ажырасуымен аяқталып жа­тады», – дейді психолог маман. Екін­ші­ден, ковидпен ауырған науқастар арасында да қорқыныш пайда болады екен. Соның сал­дарынан ондай адамдардың бойынан энер­гия азаяды, өзіне сенімсіздік, эмоци­нал­ды болу қаупі басым. Үшіншіден, он­лайн жұмыс істейтіндер күнұзақ ұялы те­ле­фон мен компьютерге байланады. Техника миына әсер етсе, онлайндағы жалғыздық сезімі қорқынышқа айналады. «Көңіл күйі болмайды. Өзін төмен сезінеді. Мысалы, әйел адамдар үшін жұмысқа әдемі киініп, боя­нып барғанның өзі өзіне сенімділік сый­лайды. Айналадағы адамдардың «бүгін құл­пырып тұрсың» деген бір ауыз сөзі адам­ның жанына жылу сыйлайды», – дейді Айгүл Алтайқызы. Соңғы кездері құмар ойынға кіріп кет­кендер де көп келеді екен. «Ойынқұмарлар да өзін тез жоғалтып, қорқынышқа бой ал­дырады. Отбасынан алшақтайды. Қа­зір­дің өзінде үш науқаспен жұмыс істеп жатыр­мын. Олардың арасында үлкен қызмет істейтін кісілер де бар. Біреуі әскери шенді адам. Мұндай адамдарға айналасындағы адамдардың қолдауы мен көмегі аса қажет. Тағы бір ойынқұмар науқас келді. Ол да жақ­сы жұмыс істейді. Негізі, құмар ойын­дар­ға ақшаны көп табатындар, бағдар­лама­шылар мен бухгалтерлер көп ұрынады. Өйткені олар бірді бірге қосып көп пайда тапқысы келеді», – дейді психолог. Сондай-ақ психолог көмегіне жүгінетіндер арасында әншілер мен асабалар да бар көрінеді. Той­лары тоқтап, ақшасыз қалғандықтан олар да ертеңгі өміріне күмәнмен қарай бастай­ды. Бұдан бөлек «Ковидпен ауырсам, өмір­ден өтіп кетпеймін бе?» деген оймен ауы­ра­тындардың да басындағы қан айналымы дұрыс жүрмей, ұйқысыздық пен ұмыт­шақ­тық­қа әкеледі. Ал ұмытшақтық адамды өз ісі­­не есеп бере алмайтын жағдайға жеткізе­тін көрінеді.

Жан жарасы тән жарасына ұласып кетеді

Ұлттық балаларды оңалту орталығының психолог маманы Мақпал Үсенова үлкендер ға­на емес, соңғы жылдары балалар арасында да күйзеліске ұшырайтындар көбейгенін жет­­кізді. «Биыл ғана емес, соңғы 5-6 жылда жан жылуын сезіне алмай жүргендер жиі жү­гінеді. Ене мен келін, ата-ана мен бала ара­сындағы келіспеушілік көбейді. Бір адам­дар жан дүниесін тез түсінгісі келеді. Өмірлік мақсатын айқындап, қорқыныш­тан, белгісіздіктен құтылғысы келеді. Қыз­дар тұрмыс құрудан қорқады. Ата-аналар ком­пьютерлік ойындар мен телефонға байланып қалған балаларды алып келеді. «Ба­лам тіл алмайды, бізге қарсы шығады, еш­теңеге қызығушылық жоқ» деп келе- ді», – дейді Мақпал Үсенова. Оның айтуын­ша, адамның жаны ғана емес, тәні де пси­хо­логиямен байланысты. Егер жан жарасын емдеп жазбаса, тән жарасына ұласуы мүм­кін. Сондай-ақ психолог өзін-өзі бағалауы төмендеп кеткен балалар суицидке жиі ба­ра­тынын айтып отыр. «Әр баланың ерек­ше қасиеті болады. Оларға осыны түсіндіріп, көз­қарасын өзгертуге жұмыс істеймін. Мек­тепте буллинг көп. Оқушы ол туралы мектеп пси­хологіне ашып айтпайды. Ондай ба­ла­лар­ды ашу өте қиын. Бойларын қор­қыныш билеп алады. Денсаулығында ақауы бар балалармен жұмыс істегендіктен, олардың бойын­да әлеуметтік ортаға сіңісіп кетуге де­ген қорқынышы әдеттегі балалардан қа­ра­ғанда екі есе көп болады», – дейді пси­холог.

300 мыңға жуық адам жүгінген

Жалпы, жыл басынан бері психикалық ауыт­қулары бар адамдарға 16 күндізгі ста­ционар көмек көрсетіпті. Оның ішінде ба­лаларға көмекті қолжетімді етуге көп көңіл бө­лінген. Бұл орайда былтыр күндізгі ста­цио­нардың үш бөлімшесі құрылып, Қа­ра­ғанды облысы мен Шымкент қаласында ба­лаларға арналған медициналық-әлеу­мет­тік оңалтудың екі бөлімшесі ашылды. 2018 жыл­ға дейін психиатрлар науқастарды тек пси­хикалық орталықтарда ғана қабылдаған бол­са, қазір 17 өңірлік психикалық денсау­лық орталығы, қалалық емханалар құры­лы­мында 82 бастапқы орталық, аудандық дең­гейде 201 кабинет күйзеліске түскендерге кө­мек береді. Республикалық психикалық денсаулық ғы­лыми-практикалық орталығы бас ди­рек­торының міндетін атқарушы Қуаныш Ал­тын­бековтің айтуынша, биыл психикалық ден­саулық кабинеттері мен бастапқы орта­лық­тардың өзіне 300 мыңға жуық адам жүгін­ген.

Өз-өзін өлімге қиғысы келетіндерін айтады

Алматыдағы Психикалық ауытқу орта­лығының сенім телефонына тыным жоқ кө­рінеді. Орталықтың психиатры Мейрам­күл Смағұлқызы қазір тәулік бойы төрт психолог сенім телефонына жауап беретінін айта­ды. «Бұрын диагностикалық орталықта жұ­мыс істегенбіз. Бұл өте маңызды, өйткені әрбір қоңырау шалған науқаспен сөй­лес­кенде қалыпты әлде патологиядағы адам еке­нін анықтауға септігін тигізеді. Қазір бір­ден байбалам салып қоңырау соғатындар көп», – дейді Мейрамкүл Ибашова. Ай­туын­ша, былтыр өзін-өзі өлімге қиғысы кел­генін айтып 2009, ал биыл 2748 адам ха­барласқан. Жан жарасын жазғызы келе­тіндер былтыр 134, биыл 251 адамға жетіпті. Барлығы да материалдық құндылық үшін отбасылық құндылықты ұмыт қалдырып, жа­қын жандардың жылулығын сезіне ал­мағандар. Күйбең өмірде күйзеліске түскен жа­қындарымызға жылуды психологтерден бұрын жақын жандары берсе, жан жарасына түскендер артпас еді-ау.

Жадыра МҮСІЛІМ