Жақында ғана Атырау облысы әкімінің тағы бір орынбасары Қайрат Нұрлыбаевтың басы дауға ілікті. Қызмет кезіндегі кемшілігіне байланысты айыпталған шенеунік бюджет қаржысын ысырап еткен көрінеді. Бұл тұста Махамбет Досмұхамбетов өңірге басшы болып келгелі екінші орынбасарының күдікке ілініп жатқанын айта кеткен жөн. Былтыр күзде бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен облыстық Құрылыс басқармасының бастығы Тимур Басаров ұсталды. Сол кезде «қылмысы дәлелденсе, орнымнан кетемін» деп ақталған әкім енді қайтпек? Әлде қоластындағы шенділерді тезге салар тетік болмай тұр ма?
Таубаев ісі созылып кетті
Соңғы жылдары шенеуніктер көп ұсталып жатқандай әсер қалдырады. Сірә, жемқорлыққа қарсы күрестің нәтиже бере бастағаны деп болжаймыз. Бірақ ұсталған басшы емес, орынбасар көп. Қай кезде де пара алатын орынбасарлар, негізгі басшының бәрі судан таза, сүттен ақ тәрізді. Сосын келіп орынбасарлар тек басшының «артын жабу» үшін келгендей көрінеді. Бәріне күйе жағудан аулақпыз, бірақ қоластындағы қызметкері, туысының бірі жемқор атанып жатса, шендінің орнын босатуы дамыған елдерде қалыптасқан үрдіс, оны ешкім ерлікке баламайды. Себебі ел басқарып, белгілі бір саланы немесе аймақты дамытамын деген адамның жан-жағы таза болса керек. 2020 жылы күздің басында Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен өңірдің Құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаров 182 млн теңге пара алды деген күдікпен ұсталғанын білеміз. Нұрлан Таубаев осы қызметке былтыр мамыр айында ғана тағайындалған екен. Сол кезде «Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов қызметінен кете ме?» деген сауал туындаған. Әкім заңға сай қимылдайтынын да айтып қалған болатын.– Заң бәріне ортақ. Егер орынбасарымның (Нұрлан Таубаев) қылмысы дәлелденіп, сот шешімі шығар болса, өз еркіммен отставкаға кету үшін өтініш жазуға дайынмын. Ал әрі қарай шешімді Мемлекет басшысы қабылдайды, – деген еді Махамбет Досмұхамбетов.Заң деп сілтеме беріп отырғаны – 2019 жылы желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңдары. Оған сәйкес, мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлыққа барса, оның басшысы 10 күн ішінде отставкаға өтініш беруі тиіс. Аймақ басшысының сөзі мен іс-әрекеті сәйкесе ме, ол алдағы уақыттың еншісінде деп едік. Бірақ Нұрлан Таубаевтың ісі бойынша сот әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Бірде денсаулығы сыр бергенін, енді бірде басқа дүниелерді дәйек еткен экс-шенеунік әлі күнге дейін «тағылған айыпты мойындамаймын» деп отыр. Яғни, сот шешімі шықпаған соң облыс әкіміне де қатысты бір нәрсе айту қиын. Онсыз отставка жайлы ойламайтын да сыңайлы. Айтпақшы, былтыр Таубаев қамауға алынғаннан кейін бір жайттың басын шалған. Ол өз пікірінде тергеушілер ештеңе түсіндірмей алып кеткенін, Атырау облысының бұрынғы әкімі, кейін Энергетика министрі болып, жуырда Маңғыстауға әкім болып барған Нұрлан Ноғаевпен сыйыспағанын айтқан. Негізі, расымен де Таубаев Ноғаев әкім болып тұрған шақта облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2019 жылдың қыркүйек айында өз еркімен отставкаға кетуге арыз жазған екен. Осылай экс-шенеуік ісі көңілге күмән ұялатар біраз жайдың басын ашып кеткен.
Ісінің кем-кетігі бар азамат қызметте қалай өскен?
Енді басы дауға қалған келесі орынбасардың жайына келсек. Қайрат Нұрлыбаев прокурордың 2021 жылғы 13 шілдедегі қаулысымен қылмыстық ісі бойынша күдікті деп танылған екен. Шенеунікке 83,7 миллион теңге көлеміндегі инвестициялық субсидияларды «Бұйырғын» ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне заңсыз төлеу фактісі бойынша бюджет қаражатын ысырап етті деген айып тағылып отыр. Ол қылмысқа әкімнің орынбасары болып тұрған кезде емес, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасын басқарып тұрған кезде барған. Тарқатып айтсақ, 2019 жылдың 5 маусымында басқармаға басшы болып тағайындалған. Ал облыс әкімінің орынбасарлығына биыл қаңтарда отырған. Заңсыздық соның алдында болып тұр. Бір қызығы, 2020 жылдың соңында ол Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы ретінде БАҚ брифингінде «Биылғы 10 айда облыс шаруашылықтары 216 миллион теңгенің субсидиясын алды, жыл соңына дейін шаруагерлерге берілетін субсидияның көлемі 260 млн теңгені құрайды» деп мәлімдеген. Бірақ көріп отырмыз, шикілік шықты. Ал облыс әкімінің баспасөз қызметі шендіні ақтап алуға тырысқандай болып отыр.«Қ.Нұрлыбаев облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасын басқарып тұрған кезде (аталған лауазымға 2019 жылғы 5 маусымда тағайындалған), яғни 2019 жылдың 26 маусымы мен 4 желтоқсаны аралығында инвестициялық субсидиялау келісімшартын жасау және инвестициялық субсидияларды төлеуді іске асырған. Бүгінде «Бұйырғын» кооперативі 83,7 млн теңге көлеміндегі борышын толық өтеді», – дейді.Не де болса, Нұрлыбаевқа қатысты іс алдағы уақытта қалай өрбитіні беймәлім. Өңір басшысы сол үшін отставкаға кетеді деу қиын. Себебі сылтау дайын – қылмысты орынбасар болып тұрған кезінде жасамаған. Алайда бізге оның алдындағы кемшілігіне қарамастан, не үшін орынбасар етіп тағайындағаны түсініксіз. Бәлкім, ол істен хабарсыз да болар. Әйткенмен, бұл шенділерді ақтауға болатын дәйек пе? Әрине, жоқ. Ал Досмұхамбетовтың орынбасарларына не көрініп жүр екен?
Мадияр ТӨЛЕУ