Емханаға тіркелу қиын

емхана

Қазір еліміз бойынша емханаларға тіркелу науқаны жүріп жатыр. Бірақ кейбір солтүстікқазақстандықтар өздері қалаған емханасына тіркеле алмай әлек. Бұған не себеп?

№3 емханаға тіркелген Пет­ро­павл тұрғыны Роман Чудиновтің қалауы – №1 қалалық емхана. Себебі өзі қаланың орталығында тұратындықтан, үйіне жақын жердегі емхананы таңдаған. Ал қаланың қиыр шетіндегі №3 емдеу мекемесі оған тым алыс. Сон­дықтан «басы ауырып, балтыры сыздай қалса», қоғамдық көлікпен дәрігерге жетуге көп уақыт шығындамайын деп ол №1 емханаға тіркелмек болған. Алайда онысынан түк шық­пады. Емханаға тіркелудің үш жолы бар болса, соның үшеуін де қолданып көрген ол барлық тәсілдері бойынша қар­сы­лыққа тап болды. Өзі мұның себебін түсінбей дал. Ол табан тоздырып, таңдаған меди­циналық ұйымына да  жүгінген, «элек­трон­дық үкімет» порталы ар­қылы онлайн тіркелмекші де болған және  халыққа қызмет көрсету орта­лығы арқылы  өті­ніш те берген. Бірақ «қайда бар­са да, Қорқыттың көріне» тап болған.

«15 қарашаға дейін кез кел­ген адам өзі қалаған емханаға тіркеле алады деген акция жарияланды. Ал шын мәнісінде кедергі көп. Біресе учаске лық толы, біресе тұрғылықты жерің сәйкес келмейді деген сияқты себептер айтады. Облыстық Денсаулық сақтау басқарма­сы­ның мамандары да, басшысы­ның орынбасары да бұл нау­қан тек тұрғылықты жерін ауыстыр­ғандарға қатысты дегенді алға тартты. Ендеше неліктен Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған хабарландыруда бұл науқанға барлық қазақстан­дықтар қатыса алады деп жазылған? Неліктен мен өзіме ыңғай­лы емхананың қызметін тұтына алмаймын? Неге мен олардың айтқанына көніп, жапа шегуім керек? Бұл науқан қағаз жүзінде жа­рия­ланғанымен, іс жүзінде адамдарға пайдасы шамалы. Не үшін жария­ланғаны түсініксіз», – дейді Роман Чудинов.

Денсаулық сақтау министр­лігінің хабарландыруын ашып қарасақ, шынымен де «Науқан жыл сайын ел тұрғындары, егер олар қазіргі жағдайға қанағат­танбаса, тіркелетін ұйымын өз­­герте алатындай етіп өткізіле­ді», – деп тайға таңба басқандай жазылған. «Әлеуметтік меди­цина­лық сақтандыру қоры» КЕАҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының баспа­сөз релизінде де: «Қазір қызмет алып жатқан медицина­лық ұйым жұмысы қанағаттан­дырмаған жағдайда, емхананы еркін таңдау арқылы тіркелуі үшін аталмыш акция тұрғын­дарға жыл сайын өткізіледі, ал нарық қатысу­шылары, оның ішінде жаңадан қосыл­ған ұйым­дар келесі жылы халыққа қызмет көрсету мақсатында тапсырыс алады», – делінген.

НЕГІЗДЕМЕ БАР

№1 қалалық емхананың бас дә­рігері Светлана Кашенцева­ның айтуынша, тіркелгісі келген адамдардың өтініші қанағаттан­дырылмаған жағдай болып тұ­рады. «Оларды тіркеуден бас тартулардың барлығы да негізделген, нақты себебі бар. Мәселен, бір елді мекен ішінде жылына екі рет емхана­ларға тіркелуге болмайды немесе қала маңайындағы ауыл тұрғындарын біз­дің емханаға тіркеуден бас тартамыз. Әркім өзінің тұрғы­лық­ты жері бойынша тіркелуі тиіс. Осындай себептерге байланысты бірді-екілі бас тарту жағ­дайы болды», – деді Светлана Тимофеевна.

«Әлеуметтік медициналық сақтан­дыру қоры» КЕАҚ Сол­түс­тік Қазақ­стан облысы бо­йын­ша филиалының директоры Лариса Гордееваның айтуынша, емханаға тіркеуден бас тартудың бірнеше себебі бар. Біріншіден, тіркелуші жалған ақпарат ұсын­са, екіншіден пациенттің тұра­тын мекені емхананың қызмет көрсету аймағынан тыс жерде орналасса, үшіншіден бекітілген халық саны жалпы практика дәрігеріне 1,7 мың адамнан асып кетсе және төртіншіден тір­келген тұлғаның заңды өкіл­дігін растайтын құжаты болма­ған кезде оның өтініш қанағат­тан­дырылмайды», – деді Лариса Болеславовна.

Роман Чудиновтің қалаған емханасына тіркеле алмауына мұнда көрсетілген себептің үшіншісі түрткі болыпты.

ЖАН БАСЫНА ШАҚҚАНДАҒЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ЕНГІЗІЛГЕН

Лариса Гордееваның мәлі­метінше, 2021 жылы қор меди­цина­лық-сани­тарлық алғашқы көмектің 615 өнім берушісімен шарт жасасқан: соның ішінде 357-сі мемлекеттік және 258-і жекеменшік ұйымдар. Аталған ұйым­дардың барлығы денсау­лық сақ­тау субъектілерінің деректер базасында тіркелген. Яғни, әр еңбеккердің ең­бек­­ақы­сынан міндетті әлеуметтік-ме­дициналық сақтандыру қоры­на ауда­рылған қаржы осы ұйым­дарға жөнел­тіледі деген сөз.  Бүгінде емхана­ларға жан басына шаққандағы қаржы­лан­дыру енгізілген, яғни медициналық сақ­тандыру қорынан бөлінген қаржы ұйымға бекітілген әр пациент үшін төленеді. Ендеше емханалар клиенттер санының не­ғұрлым көп болғанына мүд­делі болуы керек сияқты. Шын мәнінде, олай болмай тұр. Сондықтан Роман Чудиновтің өкпе-ренішін түсінуге де болады.

«Емханаға тіркелу кон­суль­тация­лық-диагностикалық қыз­мет­терге жолдаманы, ауруханаға жатқызуды, кез келген жоспарлы медициналық көмекті және тағы басқаларды қоса алғанда, денсаулық сақтау жүйесіндегі медициналық көмектің кең тіз­бесін алуға құқық береді. Алайда өз үйінен алыс орналасқан емханаға тіркелген науқастың шақыртуына терапевт-дәрігер келе алмайды. Бар айырма­шы­лығы  сол ғана», – дейді «Әлеу­­меттік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Солтүстік Қазақ­стан облысы бойынша фи­лиалын­­дағылар.

«Жыл сайынғы бекіту науқа­нын өткізуге бақылау мен жауапкершілік ау­мақтық Денсаулық сақтау басқарма­ларына жүктел­ге­нін атап өткен жөн, егер меди­цина­лық ұйымның өзі азамат­тардың көңілдерінен шығатын­дай етіп  жауап бере алмаған және шешім шығара алмаған жағ­дайда, тіркелушілер көкейін­дегі сұрақтарын, шағымдары мен ұсыныстарын аумақтық Денсаулық сақтау басқарма­ларына жолдауға болады», – делінген қордың баспасөз пара­ғында. Алайда облыстық Ден­саулық сақтау басқарма­сын­дағылар емханаға бекіту нау­қаны әлі аяқталмағанын алға тартып, жауап беруден бас тартты.

Филиал директоры Лариса Горде­ева­ның айтуынша, осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін ме­дициналық-санитарлық ал­ғашқы көмек ұйымдары­на барлығы 19,4 млн адам ғана тіркелген. «Оның ішінде қала халқының саны 11,6 млн адам болса, ауылдық тұр­ғын­дар саны – 7,9 млн адам. 2020 жыл­ғы тір­кеу науқанының қорытын­дысын қарайтын болсақ,  медицина­лық-санитарлық алғашқы көмек  ұйымын еркін таңдау қыз­метін 134,4 мың адам пайдаланған. Оның ішінде  шетелдік азаматтар – 1 037 адамды құраса,  соның 1 010-ы басқа елдердің азаматтары, қандастар саны 27 бол­ған», – деді Лариса Болеславовна.

Тұрғындарды емханаға тіркеу науқаны қарашаның 15-іне дейін жалғасады.

Роза ШӘКЕН,
Солтүстік Қазақстан облысы

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.