Бүгінде облыс бойынша 2 мыңға жуық студент жатақхана кезегінде тұр. Бұл мәселені шешу үшін «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалының сайлауалды бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін 2 700 орындық 7 жатақхана салынбақ.
Көкшетау қаласында бүгінде колледж студенттері үшін 3 жатақхананың құрылысы басталды. Қазір Көкшетау жоғары техникалық колледжі, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі және Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінде жатақхананың іргетасын қалау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде биыл 500 орындық жатақхана салынады, әзірге оның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Ал құрылыс жұмыстарына жоспар бойынша 2022 жылдың ақпан айында кіріседі деп күтілуде. Осы және өзге де өзекті мәселелер партия жанындағы Жастарды қолдау бойынша қоғамдық кеңес отырысында талқыланды. Онда жатақханалардың сапалы және уақытылы салынуы кеңестің жіті қадағалауында болатыны жеткізілді. Кеңес отырысында, сондай-ақ жатақханаларға жүргізілген мониторингтің қорытындысы бойынша студент жастардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытында атқарылған жұмыстар сарапқа салынды. Мониторинг барысында кейбір колледж жатақханаларында жөндеу жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмегені анықталған. Облыстық Білім басқармасы жетекшісінің орынбасары Валерий Гамазовтың айтуынша, бұған оқу орындарының басшылары жауап беретін болады. Студент жастардың жатақханадағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы бақылауға алынды.Би-Барыс КӨКШЕ