Қазақстанда шалғайда, шағын елді мекендерде тұратын азаматтар шұғыл жағдайда санавиацияны шақыруға болатынын білмейді. Бұған «қандай жағдайда ұшақ шақыруға болатыны» туралы нақты ақпарат-жадынаманың жұртшылыққа қолжетімсіз болуы да түрткі. Әдетте, санавиация тауда адасқан туристерді іздеуге тартылады. Бұл жолы ол БҚО-да босанған әйелді тасымалдады.
ТЖМ-нің Авиациялық-құтқару бөлімшесінің өндірістік-диспетчерлік қызметіне БҚО Ақсай қаласында 37 жастағы әйелді тасымалдау қажеттігі туралы хабарлама түсті. Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығынан дәрігерлері босанғаннан кейінгі асқынуларды болдырмау үшін әйелді тікұшақпен тасымалдау қажет деп шешті. Орал қаласындағы «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемесі орналасқан жерден дереу Eurocopter EC-145 тікұшағы ұшып шықты. Оны құрамында акушер-гинеколог және реаниматолог бар жедел-жәрдем бригадасы күтіп тұрды. Әйелді 45 минут ішінде Орал қаласының әуежайына тасымалдап, сол жерден оны ауруханаға жеткізді. Ұшу белгіленген маршрутқа сәйкес және сәтті өтті. Жыл басынан бері «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемелерімен шұғыл медициналық эвакуациялау мақсатында 629 рет ұшты. Бұл ретте 607 науқас тасымалданып, оқиға орнында 43 консультация жүргізілді, медицина қызметкерлері 24 ота жасады.Ерік ЕРДЕНОВ