Әлем футболында жаңа революция болуы мүмкін. FIFA ұлттық құрама федерацияларына әлем чемпионатын екі жылда бір өткізу жоспарланып отырғаны туралы құжат жіберді. Онда мұндай өзгерістерді 2026 жылғы әлем чемпионатынан кейін енгізу ұсынылған. Қазір халықаралық футбол федерациясы екі жыл сайын ерлер мен әйелдер командалары арасында әлем чемпионаттарын өткізу туралы ұсынысты қызу талқыға салып жатыр.
FIFA ұлттық құрамаларға жаңа кесте ыңғайлы болады деп уәде беріп әлек. Ұйымның айтуынша, өзгерістер ойыншыларға жүктемені азайтады. Ұлттық құраманың ойындарына қазіргідей 50 күн емес, 30 күн бөлінеді. Іріктеу цикліндегі ойындар саны да қысқарады, Халықаралық турнирлердің іріктеу кезеңі 7 ойынмен шектеледі, ойындар екі айда – қазан және наурызда өтеді. Сондай-ақ олар аргентиналық футболшы Мессидің ұлттық құрамада 2014-2018 жылдар аралығында 324 мың шақырым жол жүргенін мысал етіп көрсетті. Осы реформадан кейін бұл қашықтық 157 мыңға дейін қысқаратынын меңзеуде. Оңтүстік Американың құрама командалары үшін төрт жылдық циклдегі ойындар саны 38-ден 34-ке дейін азаяды. Ал Еуропадағы командалар 44 емес, 43 ойын өткізеді. Қысқасы, әлем чемпионатын жұп санмен аяқталатын жылы, ал құрлық чемпионатын тақ санмен аяқталатын жылы өткізу шешімі қабылдануы ғажап емес.Идея қалай және қашан пайда болды?
Әлем чемпионатын екі жыл сайын өткізу жоспары биыл мамыр айында FIFA конгресінде айтылды. Ұсынысты Сауд Арабиясының футбол федерациясы жасады. Бұл бастамаға 166 ұлттық құрамалар федерациясы қолдау білдіргенімен, 22 федерация қарсы шықты. Содан кейін FIFA жүзеге асыруға болатын реформаларды зерттей бастады. Бұған дейін аталған ұйымның президенті Джанни Инфантино әлем чемпионатын жаңа жүйеге көшірудің артықшылықтары туралы айтқан болатын. – Әлем чемпионатын екі жылда бір өткізудің артықшылығы көп. Бұл – бәсекелестіктің жоғары деңгейі, басқаларға үміт сыйлау және сенсация жасаудың таптырмас мүмкіндігі. Әлем чемпионатын әр төрт жыл сайын өткізу туралы шешім қабылданған кезде ұлттық құрамалардың саны 40 болды, ал қазір бізде 211 команда бар, – деді Инфантино.Кімдер қарсылық танытты?
Аталған реформа UEFA президенті Александер Шеферинге ұнай қоймады. Ол егер FIFA осы жоспарын жүзеге асыратын болса, еуропалық командаларға бойкот жариялайтынын айтты. Оның ойынша, әлем чемпионатын екі жыл сайын өткізу турнирдің маңызын төмендетіп қана қоймай, ойыншылардың да денсаулығына кері әсерін тигізеді. – UEFA үшін бұл қаржылық тұрғыдан жақсы болары сөзсіз, бірақ бұл футбол мен ойыншыларды «өлтіреді». Менің ойымша, клубтар өз ойыншыларын ұлттық құрамаға жібермейді, бұл өзара бөлінуге әкелуі мүмкін. Біз әлем чемпионатына қатыспау туралы шешімді қабылдай аламыз. Өйткені әр жазда бір айға созылатын турнирде ойнау – өте ауыр. FIFA ойланып, қайта шешім қабылдайды деп үміттенемін. Бұл мәселе жайлы жергілікті федерациялармен ғана емес, UEFA-мен де ақылдасуы керек, – деді Чеферин. Оңтүстік Америка футбол конфедерациясы да мұндай реформаға қарсылық танытты. Дания, Швеция, Норвегия, Финляндия, Исландия және Фарер аралдары футбол құрамаларының басшылары бұл шешіммен келіспейтінін ашық білдіріп, қажет болса Халықаралық футбол федерациясынан шығуға дайын екенін жеткізді.Отандық спорт сарапшыларының пікірі қандай?
FIFA-ның жаңа реформасын қолдаушылар да, оған қарсылық танытып отырғандар да бар. Осы ретте біз әлем чемпионатын әр екі жыл сайын өткізу бастамасына қатысты отандық спорт сарапшыларының да ойын білдік. – Бұл маркетинг тұрғыда дұрыс қадам шығар. Өйткені көп пайда әкеледі. Әлем чемпионатына демеушілік танытатындардың саны бұрынғыдан бірнеше есе артады. Ең басты мәселе ақшаға келіп тірелетінін жұрт жақсы біліп отыр. Бұл турнир Олимпиада секілді төрт жыл сайын өткені дұрыс. Әйтпесе, құны да, маңызы да төмендеп кетеді. Бұған дейінгі статусын жоғалтады. Өйткені әлем чемпионатының деңгейі төрт жыл сайын өтетін Олимпиадамен бірдей деуге болады. Себебі бұл әлемдік доданы бәрі асыға күтеді. Егер шешім күшіне енер болса, турнирлер көбейе түседі. Бірақ еш қызығы қалмайды. Роналду мен Месси секілді әлем чемпионатын жеңбеген атақты футболшылар үшін әлемдік доп додасының екі жыл сайын өтуі жақсы болуы да мүмкін. Бірақ көп футболшылар, фубол мамандары бұл шешімге қарсы, – дейді футбол комментаторы Жандос Байділдә. Ал спорт журналисі Ғалым Сүлеймен доп додасының көп болғаны жанкүйерлер үшін жақсы екенін айтады. Ол футболды жақсы көретін жандар әлем чемпионатының жиі болуына еш қарсы болмайтынына сенімді. – Егер екі жыл сайын әлем чемпионаты өтетін болса, Еуропа чемпионатының да күнтізбесіне өзгеріс енеді. Ойыншылар үшін де тығыз ойын кестесіне құрылған маусым құрылып, қосымша физикалық күш түседі. Есесіне, көптеген рекорд жаңарып, жүлде саны көбейеді. Менің ойымша, әлем чемпионаты екі жыл сайын өтсе де өзінің маңызын еш жоғалта қоймайды. Қазіргі Чемпиондар лигасы сияқты жұрттың асыға күтетін жарысы болып қала береді. Өйткені бұған әлем елдерінің барлық құрамалары қатысады. Төрткіл дүние көз тігетін бәсекенің екі жыл сайын өтуі жанкүйерлерге де қосымша қуаныш сыйлайды, – дейді Ғалым Сүлеймен. Ұсынылған өзгерістер бойынша дауыс беру жыл соңында өтеді. FIFA бұл ұсыныстарды федерациялардың көпшілігі мақұлдайтынына сенімді. Бұрын реформаларға қарсы болған UEFA мен КОНМЕБОЛ басшыларының қалай әрекет ететіні әзірге белгісіз. Қайткен күнде де FIFA бұл шешімді өзі қабылдамайтыны аян.Абылайхан ЖҰМАШ