Қарашадағы қымбатшылық қыспаққа алды
Қарашадағы қымбатшылық қыспаққа алды

Солтүстік Қазақстан облысы азық-түлік бағасының қымбаттауы бойынша елімізде екінші орын­да. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы жыл басынан бері 110,1 пайыз­ға өскен. Тіпті, өзімізде өндірілетін тамақ өнімдерінің де бағасы шарықтап кеткен. Мә­се­лен, картоп – 39,3 пайыз, сәбіз – 38 пайыз, сұйық май – 26,5 пайыз, пияз – 19 пайыз, қант 17,6 пайызға қымбаттаған.

Тұрғындар қарашаның қым­бат­шылығына қынжылыс білдіріп отыр­са, жергілікті билік бағаны тұрақ­тан­дырудың жолын таба алмай дал. Ол үшін түрлі тауар өндірушімен бағаны тө­мендету туралы меморандумға қол қойы­лып, тұрақтандыру қоры құры­лып, жәрмеңке ұйымдастырылуда. Алай­да бағаның тоқтайтын  түрі жоқ. «Бұрын 10 мың теңгемен дүкенге ба­рып, керек-жарақтың барлығын алып шығатын болсам, бүгінде дәл сол тауарларға 20 мың теңге шығын­дау керек. Соған қарағанда баға екі есе қымбаттап отыр. Ал еңбекақымыз сол күйінде қалды. Бұл әділдікке жат­пайды», – дейді Петропавл қала­сы­ның тұрғыны Күнсұлу Жарқынбекова. Күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері, тұрақтандыру қорын толықтыру – Солтүстік Қазақстан облысында жылда қайталанатын жағ­дай. Дегенмен мәселені үзілді-кесілді ше­шудің амалы табылар емес. «Зенченко и К» коммандиттік серіктестігінің бас директоры Геннадий Зенченконың пікірінше, бар гәп – тауар өндіруші мен сауда желісінің бағалары арасындағы айырмашылықтың жер мен көктей екенінде. Бұл туралы ол «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы өзі төрағасы болып табылатын Аграрлық сек­торды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес­тің кешегі отырысында айтты. «Бұл – жылда қай­таланатын құбылыс. Қымбатшылық мә­селесін шешу – жыл сайын күз келе біздің «бас ауруымызға» айналады. Бұл түйткілді соңына дейін шешіп, нүктесін қоятын кез келді. Сонда ғана халықтың көзіне ұялмай қа­рай алатын боламыз. Тауар өндіруші мен сату­шы белгілеген бағаның арасындағы айыр­машылық өте көп», – деді ол кеңес отырысында. Геннадий Геннадьевичтің ұсы­нысы – бұл айырмашылықты 10 пайыздан асырмау. Әрі жергілікті жерде және Қазақ­стан­да өндірілген тауарлар дүкендердің ең үс­тіңгі сөрелерінде тұруы тиіс. Оның ойын­ша, бұл талаптар тек тұрақтандыру қорының тауарын сататын «Солтүстік» әлеуметтік-кә­сіп­керлік корпорациясына ғана емес, жал­пы барлық сауда желілеріне ортақ болуы керек. Өзі тұрақтандыру қорына былтыр 60 тең­геден сатқан картопты сөрелерден 85 тең­геге сатылып жатқанын көргенде таңданысын жа­сыра алмапты. «Ең сорақысы, бұл 1-2 ай­дан кейін қойылған баға емес. Біздің қой­мадан көлік тиелген соңғы көліктің жө­нелтілгені сол, сөредегі баға мүлдем басқа. 10 пайыз делінген соң бұл тауар тым болмаса 70 теңгеден сатылуы керек еді. Мұндайға жол беруге болмайды», – дейді кәсіпкер. Ол үшін Геннадий Геннадьевич мониторинг топ құ­рып, барлық сауда орындарын және кәсіп­орындарды аралап шығуды ұсынды. Әрі бұл топ көзбояушылықпен айналыспай, нақты көріністі көрсетуі тиіс екенін қадап айтты. Бұл ұсынысты «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орын­басары Әсем Рахметова да қолдап, делдалдардың бағаны шарықтатуына жол беруге болмайтынын айтты. Кеңес төрағасы Геннадий Зенченко тауар өндіруші және сауда нүктесі бағасының маржасы туралы сұрағанымен, бұл сұраққа мемлекеттік органдардың өкілдері жауап бере алмады. «Солтүстік Қазақстан облы­сын­да әлеуметтік маңызы бар тауар өндіретін кәсіпорындар онша көп емес. Ал қазақ­стандық кәсіпорындардың прайсын сұратып алуға болады. Одан соң саудаланатын баға­сын салыстырамыз. 10 пайыздан асса, ба­ға­ны реттеу тетіктерін қолданамыз. Сонда ғана халық алдында арымыз таза болмақ», – деді Ген­надий Зенченко. Облыстық Кәсіпкерлік және индуст­рия­лық-инновациялық даму басқармасы бас­шысының орынбасары Данияр Исаев биыл 1 маусымнан бастап Бәселестікті қорғау жә­не дамыту агенттігі тексерісінің қоры­тын­дысы бойынша, облыстық әкімдіктерге ба­ғаны шарықтатқан кәсіпкерлерді жауап­кер­шілікке тарту өкілеттігі берілгенін айтты. Әзір­ге  бұл мәселе құқықтық тұрғыдан ретте­ліп жатқан көрінеді.

«Домбырам не дейді, мен не деймін?»

Басқарма басшысының орынбасары Данияр Исаевтың айтуынша, бүгінде тұрақ­тандыру қорын қаржыландыру көлемі 800 мил­лион теңгеден 1,4 миллиард теңгеге дейін, яғни 1,7 есеге ұлғайтылыпты. Таяу күн­дері тағы 500 миллион теңге бөлу жос­парланып отыр. «Өнім көлемі 6,7 мың тон­надан 10 мың тоннаға дейін арттырылады. Әсіре­се, қымбаттау тәуекелі жоғары картоп, сәбіз, қырыққабат, пияз, сұйық май, қара­құмық сияқты тауарлардың көлемі 1,5-2 есе ұлғайтылды», – деді Данияр Исаев. қымбатшылық Облыстық Ауыл шаруашылығы басқар­масы басшысының орынбасары Қуандық Шакубаев биыл 487 мың тоннадан астам картоп алу болжанып отырғанын айтты. Ал қажеттілік – 121 мың тонна. Оған сенсек, кө­­кө­ніске қажеттілік 56 мың тонна бола тұра, 96 мыңнан астам өнім алынбақшы. «Об­лыс халқының картоп пен көкөніске қа­жеттілігі толық қамтамасыз етілген. Оны сақтау үшін облыста 46,6 мың тоннаға шақ­тал­ған 55 қойма бар. Сондай-ақ картоп пен кө­көніс ауыл шаруашылығы құрылым­дары­ның, мектептер мен ауруханалардың және тұрғындардың қоймаларында сақталады. Солтүстік Қазақстан облысының азық-түлік тауарлары ішкі нарығын азық-түлікпен қам­тамасыз ету деңгейі 2020 жылы 82 пайызды құра­ды. Картоп, қырыққабат, сәбіз, қызыл­ша, қызанақ, қияр, сиыр еті, шошқа еті, жұ­мыртқа, өңделген сүт, сары май, бидай ұны, нан, макарон сияқты азық-түлік өнім­дері бойынша отандық өндірістің ішкі тұты­нудағы үлесі 100 пайызды құрайды», – деп есеп берді Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары. Ал Геннадий Зенченко болса, ертең қор­дағы азық-түлікті сақтау мәселесі қиындық тудыратынына алаңдаулы. Оның пікірінше, артығымен алынған тауар тез бүлінетіндіктен, оны жылдам сату керек. Кей жағдайда бұл мүмкін емес. Әсіресе, ет бағасы аспандап кет­кендіктен, сатылмай қала ма деген күдігі ба­сым. «Бүгінде тауарды өндіргеннен сатқан қиын. Жергілікті дүкендердегі тауардың 20 пайы­зы ғана өзіміздікі. Басқасы – Ресей, Украи­на, Беларусь елдерінен әкелінген им­порт. Біз өз нарығымызға өзіміз кіре алмай жүрміз. Мемлекет тарапынан бақылау және қолдау жоқтығынан осындай жағдай қалып­та­сып отыр», – деп налыды Геннадий Зенченко.

Кәсіпкер қайтіп күн көрмек?

Бағаны тұрақтандыру мәселесінде «Шаш ал десе, бас алмайтын» жол табудың маңы­зы зор. Мәселен, жұмыртқа мен тауық етінің бағасы аспандап шыға келгеніне тауар өндірушінің кінәсі жоқ. Бұған жемазықтың қымбаттауы түрткі болған. Сондай-ақ жа­нар-жағармай, электр қуатының бағасы ша­рықтап кетті, оның үстіне инфляция бар. Сон­дықтан «жау жағадан алғанда, бөрі етек­тен алады» құсамай, кәсіпкерлер де зардап шек­пейтіндей, яғни «арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін» жол табу керек. «Құс өсіру­ші­лерді түсінуге болады: тауардың өзіндік құны өсті, сондықтан өнім де қымбаттады. Кәсіпкерлердің барлығын бірдей бағаны тө­мендету туралы меморандумға қол қоюға мәж­бүрлесек, олар қайтіп күн көрмек? Бұлай жалғаса берсе, ертең кәсіпорындар жабы­лып қалмасына кім кепіл? Өзім де сүт өндірумен айналысқандықтан, қыр-сырын түгел білемін. Сүт, ұн, нан өндірушілердің ше­кесі шылқып отыр деп айту қиын. Бір литр сүттен 10-15 теңге ғана таза пайда қала­ды. Техника, құрал-жабдық жаңарту, жұмыс­шы­ларға еңбекақы, мемлекетке салық төлеу – бәрі біздің міндетіміз», – деп ағынан жарыл­ды Геннадий Геннадьевич.
Бағаның ырыққа көнбей бара жатқанын биыл­ғы Жолдауда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та көтеріп, бір айдың ішінде бұл мәселені шешуді тапсырған болатын. Об­лыс басшыларына отандық тауар өндіру­шілер мен сауда желілерімен ұзақмерзімді ке­лі­сімшарт жасасу, тұрақтандыру қорына азық-түлік сатып алу, тауар өндірушілерге айналымдық қаржы бөлу міндеті жүктелген-тін.  Жергілікті атқарушы органдардың есе­бін тыңдасақ, тапсырылған міндеттердің бар­лығы орындалған. Алайда баға күннен-күн­ге шарықтамаса, азайған емес. Халық «Би­лік басындағылар басқа ғаламшарда өмір сүріп жатыр ма?» – деп налыса налығандай-ақ.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы