Алтынның құны қымбатта­ғаны­мен, «Алтын белгі» бағасы арзандап кетті
Алтынның құны қымбатта­ғаны­мен, «Алтын белгі» бағасы арзандап кетті
©А.Ахметқазы
307
оқылды

Атақ алуды да сауда-саттықтың көзіне айналдырған заманда «Алтын белгі» иегері атану аса қиын деп айтуға ауыз бармай тұр. Қоғам арасында желдей есетін әңгіме­лерден аңғарсақ, оқу озаты болу үшін алдын ала қамдану керек көрінеді. Нарықта алтынның құны қымбатта­ғаны­мен, «Алтын белгі» бағасы арзандап кетті. Өйткені соңғы төрт жылда «Алтын белгі» иегерлері төрт есе өскен. Неге?

Бұрындары мектеп бітіруші тү­лектер арасында әкім мен ди­ректордың балалары жаппай «оқу озаты» атанатын. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Де­генмен сол кездері ұстаздар «Ал­тын белгі» иегерлері жазған ем­ти­хан қағаздарын қайта-қайта кө­шір­тетін. Алайда 2004 жылдан бас­тап алғаш рет мектеп бітіруші тү­лектер тапсыратын емтихан та­лаптары өзгерді. Мектептегі оқуды аяқтайтын қорытынды және жоға­ры оқу орындарына түсу емтиханы. Сөйтіп, ендігі жерде түлектер орта білім аттестатын қолға алмас бұ­рын ҰБТ-дан өтіп, білімін дәлел­деуге тиіс болды. Сол ҰБТ алғаш қолданысқа енгізілген жылы тест қорытындысы бойынша талай оқу озаты «Алтын белгіден» қағылды. Тіпті, кейбір мектептен оқу озаты шықпай қалды. Әйтсе де, «адамнан айла артылған ба?» дегендей, одан кейінгі жылдары ҰБТ-ның әдіс-тәсілін біршама меңгеріп алды. Оқыған балалар да оңай оқуға түсуіне мүмкіндік туды. Ал оқы­майтын оқушылардың ата-анасы айла іздеп тапты. Сөйтіп, оқу озат­тары алдыңғы жылға қарағанда қайта өсе бастады. Артынша оқу озаттарының орнына басқа адамды кіргізіп, тест жауабын алдын ала беру жағдайлары жиілеп кетті.

Төрт жылда төрт есе өсті

Айналдырған он шақты жыл­дың ішінде Ұлттық тестілеуді ба­зарға айналдырып жіберген соң ба, 2017 жылдан бастап «Алтын белгі» қайта мектепте беріле бастады. Дәл осы жылы оқуды үздік бітіруші түлектер саны 6 800 адамнан асқан. Одан кейінгі жылы оқу озаттары саны 4 983 болып азайғанымен, одан кейінгі жылдардың барлы­ғында үздіктер қатары тек толығып отырды. Білім және ғылым ми­нистрлігі берген мәліметке сүйен­сек, «Алтын белгі» иегерлерінің саны 2019 жылы – 7 349, 2020 жы­лы – 8 347 болса, биылғы оқу жылында «Алтын белгі» төсбелгісін 9 746 адам тағыныпты. Жақында Алматы қаласы қо­ғамдық кеңесінің төрағасы, ҚР жоғары оқу орындары қауымдас­тығының президенті, экономика ғылымдарының докторы, про­фессор Рахман Алшанов жыл са­нап өсіп бара жатқан «Алтын бел­гінің» құны төмендегенін жет­кізді. Сол үшін озат оқушыларға талапты күшейтетін уақыт келге­нін айтқан. Оның ай­туынша, 12 жылдық білім беру жүйесі ауадай қажет.

Атаққа құмарлық артып келеді

Биыл 10 мыңға жуық балаға «Ал­тын белгі» төсбелгісі табыс­талды. Ал белгі мемлекетке тек шығын әкелетінін журналист Дәу­лет Төлеутайұлы да көтерген бо­латын. Оның ойынша, «Алтын бел­гі» таратуды мүлдем тоқтату ке­рек. Себебі соңғы жылдары «Ал­тын белгінің» құны түсіп кеткен. «Кезінде ҰБТ шкаласына сай, талай оқушы осы бір белгіге 1 балл жетпей, медаль ала алмай кеткен еді. Бәсеке сұмдық еді. 2018 жыл­дан бастап медальді тек мектепте беретін болды. Бұрын медаль алғандар грант аларда басымдыққа ие болатын. Қазір ондай емес. 2018 жылға дейін орта есеппен 2 000 ғана мектеп оқушысы алатын. 2018 жылдан бері жыл өткен сайын медаль алушылар көбейіп барады. Яғни, әр жыл сайын осы атаққа құмартушылар саны көбеюде. Ығай мен сығайлар қатары артқан. Медаль оңды-солды таратылып жатыр. Сол алтын белгі алғандар арасында ҰБТ-дан шекті балл (60 балл) ала алмай жүргендерді де көріп жатырмыз. 11 жыл мектепті 5-ке оқыған бала қалайша 140 балдан 60-ын ала алмайды?! Нә­тиже қайда? Бұл білімге жасалып жатқан қиянат!», – деп жазған еді әлеуметтік желідегі парақшасында журналист. Алтын белгі Ал оңды-солды үлестіріліп жатқан белгі үшін мемлекет жыл сайын 100 миллионға дейін ақша жұмсайды екен. Бір медаль құны 10 мың теңге болып бағаланса, биыл оқу озаты атанған 9 738 оқу­шыға бюджеттен 97 миллион тең­геден астам ақша шығындалған. Журналистің жазуынша, медаль тарату дәл осы қарқынмен жалғаса берсе, бюджет шығынға батады.

Жарысқа қатыспағандар оқу озаты емес

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Нұрша Ора­захынова қазіргі оқу озаттары өз­деріне берілген дәрежеге сәйкес кел­мейтінін тілге тиек етті. Өйт­кені соңғы жаңартылған білім бағ­дарламасы бойынша мектеп тү­лектері жазбаша емтихан тап­сырмайды. Бұл дегеніңіз – бала­ның нақты білім көрсеткішін ба­ғалаудың кемшін екенін көрсетіп береді. «Мысалы, математика мен физикадан керемет болып тұрса да, қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен бірауыз сөйлем құрай алмайтындар кездеседі. Ондай өзімнің жеке тәжірибемде де болған. Ал шы­ғар­ма жаза алмайтын балаға «Алтын белгі» беру құлаққа қо­нымды емес. Қазақ тілін көтерудің өзін дәл осы жерден бастайық. Екіншіден, «Алтын белгіні» рес­пуб­ликалық және халықаралық олимпиадалар­ға қатыспаған ба­лаларға беруге қарсымын. Өз бі­лімін көрсете білмеген, дәлелдей алмағандарға да үлестіру дұрыс емес», – дейді Нұрша Алжан­бай­қызы. Атақ пен абыройға тәуелділікті бесіктен белі шықпаған балаға өзі­міз таңып береміз. Баламызды «Ал­тын белгі» атандырудың ама­лын қарастырудан бастаймыз. ҰБТ-ның айналасындағы жем­қорлық деректері соның айқын дәлелі. Тестілеу емтиханы кезінде ҰҚК мамандары да, құқық қорғау қызметкерлері де шатылып, білім саласының қызметкерлері де «Ал­тын белгі» иегерлері үшін жұмыс істеймін деп сотталғаны есімізде болар. Бір жылдары бір мектептің оқушылары түгел 125 балл алған фактілер де кездесіп еді. Бұл «Ал­тын белгі» алушылардың артуы мектеп түлектерінің білім көрсет­к­іші көш бастап тұр дегенді біл­дірмейтінін көрсетеді. «Алтын бел­гі» иегерін анықтау үшін білім саласының мамандары айтқандай, емтихан талаптарын қайта қарап, мектептегі тестілеудің деңгейі бі­лім басқармасынан бөлек мемле­кеттік дәрежеде тексерілгені жөн.

Жадыра МҮСІЛІМ