Атақ алуды да сауда-саттықтың көзіне айналдырған заманда «Алтын белгі» иегері атану аса қиын деп айтуға ауыз бармай тұр. Қоғам арасында желдей есетін әңгімелерден аңғарсақ, оқу озаты болу үшін алдын ала қамдану керек көрінеді. Нарықта алтынның құны қымбаттағанымен, «Алтын белгі» бағасы арзандап кетті. Өйткені соңғы төрт жылда «Алтын белгі» иегерлері төрт есе өскен. Неге?
Бұрындары мектеп бітіруші түлектер арасында әкім мен директордың балалары жаппай «оқу озаты» атанатын. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен сол кездері ұстаздар «Алтын белгі» иегерлері жазған емтихан қағаздарын қайта-қайта көшіртетін. Алайда 2004 жылдан бастап алғаш рет мектеп бітіруші түлектер тапсыратын емтихан талаптары өзгерді. Мектептегі оқуды аяқтайтын қорытынды және жоғары оқу орындарына түсу емтиханы. Сөйтіп, ендігі жерде түлектер орта білім аттестатын қолға алмас бұрын ҰБТ-дан өтіп, білімін дәлелдеуге тиіс болды. Сол ҰБТ алғаш қолданысқа енгізілген жылы тест қорытындысы бойынша талай оқу озаты «Алтын белгіден» қағылды. Тіпті, кейбір мектептен оқу озаты шықпай қалды. Әйтсе де, «адамнан айла артылған ба?» дегендей, одан кейінгі жылдары ҰБТ-ның әдіс-тәсілін біршама меңгеріп алды. Оқыған балалар да оңай оқуға түсуіне мүмкіндік туды. Ал оқымайтын оқушылардың ата-анасы айла іздеп тапты. Сөйтіп, оқу озаттары алдыңғы жылға қарағанда қайта өсе бастады. Артынша оқу озаттарының орнына басқа адамды кіргізіп, тест жауабын алдын ала беру жағдайлары жиілеп кетті.Төрт жылда төрт есе өсті
Айналдырған он шақты жылдың ішінде Ұлттық тестілеуді базарға айналдырып жіберген соң ба, 2017 жылдан бастап «Алтын белгі» қайта мектепте беріле бастады. Дәл осы жылы оқуды үздік бітіруші түлектер саны 6 800 адамнан асқан. Одан кейінгі жылы оқу озаттары саны 4 983 болып азайғанымен, одан кейінгі жылдардың барлығында үздіктер қатары тек толығып отырды. Білім және ғылым министрлігі берген мәліметке сүйенсек, «Алтын белгі» иегерлерінің саны 2019 жылы – 7 349, 2020 жылы – 8 347 болса, биылғы оқу жылында «Алтын белгі» төсбелгісін 9 746 адам тағыныпты. Жақында Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы, ҚР жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор Рахман Алшанов жыл санап өсіп бара жатқан «Алтын белгінің» құны төмендегенін жеткізді. Сол үшін озат оқушыларға талапты күшейтетін уақыт келгенін айтқан. Оның айтуынша, 12 жылдық білім беру жүйесі ауадай қажет.Атаққа құмарлық артып келеді
Биыл 10 мыңға жуық балаға «Алтын белгі» төсбелгісі табысталды. Ал белгі мемлекетке тек шығын әкелетінін журналист Дәулет Төлеутайұлы да көтерген болатын. Оның ойынша, «Алтын белгі» таратуды мүлдем тоқтату керек. Себебі соңғы жылдары «Алтын белгінің» құны түсіп кеткен. «Кезінде ҰБТ шкаласына сай, талай оқушы осы бір белгіге 1 балл жетпей, медаль ала алмай кеткен еді. Бәсеке сұмдық еді. 2018 жылдан бастап медальді тек мектепте беретін болды. Бұрын медаль алғандар грант аларда басымдыққа ие болатын. Қазір ондай емес. 2018 жылға дейін орта есеппен 2 000 ғана мектеп оқушысы алатын. 2018 жылдан бері жыл өткен сайын медаль алушылар көбейіп барады. Яғни, әр жыл сайын осы атаққа құмартушылар саны көбеюде. Ығай мен сығайлар қатары артқан. Медаль оңды-солды таратылып жатыр. Сол алтын белгі алғандар арасында ҰБТ-дан шекті балл (60 балл) ала алмай жүргендерді де көріп жатырмыз. 11 жыл мектепті 5-ке оқыған бала қалайша 140 балдан 60-ын ала алмайды?! Нәтиже қайда? Бұл білімге жасалып жатқан қиянат!», – деп жазған еді әлеуметтік желідегі парақшасында журналист.Жарысқа қатыспағандар оқу озаты емес
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Нұрша Оразахынова қазіргі оқу озаттары өздеріне берілген дәрежеге сәйкес келмейтінін тілге тиек етті. Өйткені соңғы жаңартылған білім бағдарламасы бойынша мектеп түлектері жазбаша емтихан тапсырмайды. Бұл дегеніңіз – баланың нақты білім көрсеткішін бағалаудың кемшін екенін көрсетіп береді. «Мысалы, математика мен физикадан керемет болып тұрса да, қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен бірауыз сөйлем құрай алмайтындар кездеседі. Ондай өзімнің жеке тәжірибемде де болған. Ал шығарма жаза алмайтын балаға «Алтын белгі» беру құлаққа қонымды емес. Қазақ тілін көтерудің өзін дәл осы жерден бастайық. Екіншіден, «Алтын белгіні» республикалық және халықаралық олимпиадаларға қатыспаған балаларға беруге қарсымын. Өз білімін көрсете білмеген, дәлелдей алмағандарға да үлестіру дұрыс емес», – дейді Нұрша Алжанбайқызы. Атақ пен абыройға тәуелділікті бесіктен белі шықпаған балаға өзіміз таңып береміз. Баламызды «Алтын белгі» атандырудың амалын қарастырудан бастаймыз. ҰБТ-ның айналасындағы жемқорлық деректері соның айқын дәлелі. Тестілеу емтиханы кезінде ҰҚК мамандары да, құқық қорғау қызметкерлері де шатылып, білім саласының қызметкерлері де «Алтын белгі» иегерлері үшін жұмыс істеймін деп сотталғаны есімізде болар. Бір жылдары бір мектептің оқушылары түгел 125 балл алған фактілер де кездесіп еді. Бұл «Алтын белгі» алушылардың артуы мектеп түлектерінің білім көрсеткіші көш бастап тұр дегенді білдірмейтінін көрсетеді. «Алтын белгі» иегерін анықтау үшін білім саласының мамандары айтқандай, емтихан талаптарын қайта қарап, мектептегі тестілеудің деңгейі білім басқармасынан бөлек мемлекеттік дәрежеде тексерілгені жөн.Жадыра МҮСІЛІМ