Дәл қазір Стамбұл көшелерінде қазақ әйелдері өріп жүр. Олардың ішінде әлдебіреулердің арбауына еріп, алданып барғандар да, өз бетінше жұмыс істеп табыс табамын деп жолға шыққандар да бар. Әсіресе, соңғы кезде әлеуметтік желілерде алданып қалғандар туралы жиі айтылып жүр.
Стамбұлда жүр талай қазақ әйелі

3-4 күннен бері блогер, заңгер Айгүл Орынбек  Facebook әлеуметтік желісіндегі өз парақшасында бұл туралы мәселені жиі-жиі көтеріп, ондағы қыз-келіншектерге құзырлы органдарға ша­ғым­данудың жөн-жосығын айтып, құ­қықтық кеңес береді.

Блогердің айтуынша, онда коуч, моти­ваторлардың сөзіне еріп, курсқа қатысып, миллионер боламыз деп сенген қазақтың бірнеше қыз-келіншегі  Стамбұлға бет алған. Алайда ол жақта бұлар армандаған ертегі жоқ болып шығады. «Біздің аңғал қазақтың әйелдері коуч психологтердің «миллион табасың» дегеніне сеніп, Стамбұлда өтетін оффлайн курсқа қатысу үшін 700 мың теңге төлеп, соңында сан соғып қалады. Онда барған әйелдер бірнеше күннен соң өздерінің алданғанын айтып, қайтуға ақшасы болмай, тіпті кейбірі таяқ жеп, әлгі коучсымақтардың қорлығын көрген.

Арызданып жүрген қыздар көп

Дәл қазір Түркия полициясына, прокуратурасына арызданып жүргендер көп. Біз коучтың, байердің құрбаны болған ақтаулық Бибігүлмен байланыстық. Мәселенің қалай болғанын түсіндіріп берген ол барша қазақ әйеліне «абай болыңыздар» деп ескертеді.

«Жалпы, өзім Instagram әлеуметтік желісіне кіре бермейтін жанның бірімін. Жазылушыларым да жоқ. 5 қыркүйек күні таңда қайдан ғана Instagram-ды ашқа­нымды? Алдымнан Динара Қосжан есімді блогердің жазбасы шықты. Онда «Мен киелі Маңғыстаудың тумасымын. Пір Бекет атаның ұрпағымын. 6 баланың анасымын. Стамбұлдан үй алып, тұрып жатырмын. Бір айда миллионер боламын десеңіз, тез арада 700 мың теңгелік оффлайн курсыма жазылып үлгеріңіз» деген жарнама жарқ ете қалды. Өзіміздің маңғыстаулық екені, 6 баланың анасы бола тұра, осынша байлыққа қол жеткізген тәжірибесін бөліспекші екені сондай жағымды көрінді. Телефон арқылы байланысқанымда, тез арада 700 мың теңге салу керек екенімді, себебі қыркүйек айына адам  толып қалғанын айтты. Стамбұлда фабрикалармен келісімшарт жасататынын, акция, жеңілдігі көп жерлерді таныстыратынын, жалпы миллионды ойланбай табуға болатынын айтты. Сосын түскі аста жолдасыма мән-жайды түсіндірдім. Өзім саудада жүргендіктен, ол маған рұқсатын берді. Сағат түскі 14.46-да каспий голдына 700 мың теңгені аударып жібердім.  Ол маған хабарласып, ақшаны алғанын, тез арада Стамбұлға ұшып баруым керек екенін ескертті. Күтіп алатынын, қонақүй жалдап қоятынын да ескерт­ті. Дәл ол уақытта Ақтаудан тікелей ұшақ­тың құны шарықтап тұрғандықтан, Грузия арқылы ертесіне Стамбұлға ұшып кеттім», – дейді кейіпкеріміз. Ол жолда өзі сияқты бірнеше қыз-келіншекпен кезігеді. Олар да байер­дің курсын сатып алған екен. 7 қыркүйек күні таңда Стамбұл әуежайынан түскен қыздарды ешкім де күтіп алмайды. Амал жоқ, өздері такси жалдап, айтылған қонақ­үйге барады.   Алайда ол қонақүйде ешқан­дай нөмірге тапсырыс берілмепті. Сол жерде сыртта Динараны күтіп кешке дейін отырады.

700 мың теңгені несиеге алғандар да бар

Бір кезде ұйқылы-ояу жеткен әлгі мотиватор шаруалары болып қалғанын айтып сендіреді. Не керек, басқа қонақүй тауып орналасқан. Бибігүлдің айтуынша, бұл жағдай барған күннен-ақ күдік тудырған. Алайда сонша ақшаны беріп қойғандықтан, үмітпен байердің соңынан еруге тура келеді. «Барған кезде келісімшарт, оқу курсы, сертификат туралы сұрадым. Алайда ондай ешнәрсенің де жоқ екенін, барлығы да ауызша болатынын айтты. Амал жоқ, артынан ердік. Құдай-ай, бізге әншейін Лалелиді (түрік дүкендері)  ғана көрсетіп, ондағы біреулердің зат алғанын видеоға түсірткізіп, соны үйретеді. Онда сөздерді жаттатқызады. Тіпті, өзінің лирасын қолымызға ұстатып, кассалардың алдында тұрып, «міне, мен аз ғана уақыт ішінде Динараның командасына қосылып, осынша қаржы таптым» деп сөйлейміз видеода. Оған 10 минуттай дайындық жасап аламыз. Бұл қандай оқу деп сұраймын ғой,  арасында жыным келіп. «Бұл бизнестің фишкасы, осы сіздерге үйрету» дейді. Ол видеоларды ұялмай, біздің рұқсатымызсыз өзінің инста парақшасына салып отырады. Түркияға 2007 жылдан бері барып-келіп сауда жасап жүрген адаммын ғой. Сауданы жаңа бастаған кез келген адам лалелиге өзі келіп кете береді. Менің күдік-күмәнім арта берді. Жасым үлкен болған соң оған сөйлейтін болдым. Ол бізге «бір-біріңмен сөйлеспеңдер» деп талап қояды», – дейді ашынған кейіпкеріміз. Бір күні байер курсқа қатысушыларды коттеджге орналастырамын деп қуантады. Теңіздің жаға­сында орналасқан барлық жағдайы бар ертегідей суреттеген коттедж­ге асыққан қыздар таңды атыра алмай қуанған. Содан таңертең айтылған орынға барғанда таңданғанынан құлап қала жаздағанын айтады кейіпкеріміз. «Аңғал-саңғалы шыққан ескі ғимаратқа алып барды. Құрылыс материалдары шашылып жатқан, айдаладағы бір жер екен. Ол жерде қалай тұрамыз деп кетіп қалдым. Құрысын «өз жөнімді табайын» деп аз ғана ала барған қаржыммен жұмыс істейін деп бөлек тұрдым. Тіпті, осының аяғы қалай боларын көріп, бақылап отырайыншы деп бір айға дейін қалдым. Сөйтіп, өзімнің көршілерім мен туыстарым берген тапсырысты орындап, балаларыма киім алып, жол шығы­нымды тауып қайттым. Бірақ алданған талай қыз жылап-еңіреп, қайта алмай жүр», – дейді ол. Тіпті, қыздарға тапқан ақшасының жартысын беруді міндеттеп те қояды екен. Бір қыздың күйеуі ауылынан несиеге айфон телефонын алып беріп жіберген екен. Соны әлгі блогер видеоға түсіріп, міне осында келіп, пайда тауып, айфон алды деп парақшасына салған. Мұндайдың талайын көріп, қорқа бастайды қыздар. Алайда коуч бет бақ­тырмай, 700 мың теңгені қайтарып беруді сұрағандарға «7 тиын да жоқ» деп қуып шығыпты. «Осын­ша жасқа келіп мұндай масқара боламын деп ойламаппын. Сон­ша­лық ақымақтығымыздың, сауат­сыздығымыз­дың зардабын шектік» деген өкініш өзегін өртеп отыр кейіпкеріміздің.

Бүгінде жұмысынан уақытша сұранып барып, қайта алмай қалғандар да, 700 мың теңгелік курсты сатып алу үшін несие алғандар да бар. Соңғы кезде Instagram әлеуметтік желісін жаулап кеткен психолог талай жанның миын улап, соңында тақыр жерге отырғызып кету жағдайы жиі кездеседі. Мұны табыс көзіне айналдырған талай жұлдыздар бар. Мүмкін, осының бәрі оларға сабақ болар. Миллионер болу оңай емес. Ол әркімнің қабілет-қарымына байланысты. Алайда оңай жерден олжа табамын деп ойлайтын кейбір жандар мұның байыбына бармай, тез алданып қалатыны өкінішті. Қазір Түркия прокуратурасы мен полициясын біздің қаракөз қазақтың қыз-келіншектері  торуылдап жүр. Өте өкініш­ті... Ал қандастар бірін-бірі сотқа бермек...

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы