Алматы облысында гипноз арқылы жұртты тонаған әйелдер қолға түсті  

Алматы облысында гипноз арқылы жұртты тонаған әйелдер қолға түсті  

Алматы облысында гипноз арқылы жұртты тонап келген бір топ алаяқ ұсталды. Олар тұрғындардың алтын бұйымдары мен қомақты ақшасын қолды еткен.  17-18 қазан аралығында Еңбекшіқазақ ауданының полиция бөліміне Есік қаласының екі тұрғыны мен Көктөбе ауылының бір тұрғыны арыз түсірген. Арызданушылардың айтуынша, 4 әйел олардың сеніміне кіріп, гипноз арқылы қомақты қаражатын, алтын бұйымдарын және қымбат ұялы телефонын иемденіп кеткен, – деп жазады Express Qazaqstan.

– Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-бөлігі; 190-бабының 2-бөлігі 1-тармағы "топтасқан алаяқтық" бойынша тіркелді, – деп хабарлайды Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері 25 пен 42 жас аралығындағы Өзбекстанның төрт азаматын ұстады. Олардан ұрланған сақина, сырға және басқа алтын бұйымдар тәркіленді.
– Әйелдер ішінара кінәсін мойындаған. Тіркеусіз жүрген күдіктілер қабылдау-тарату орнына орналастырылды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жарияланбайды, –  деді полициядан.