Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында 20 қазан мен 20 қараша аралығында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Отаным – бақ мекенім» атты патриоттық әндердің вокалдық байқауы өтеді.
Конкурстың мақсаты – республиканың арнайы оқу орындары мен жоғары оқу орындары арасындағы байланыстарды күшейту және нығайту. Сондай-ақ тематикалық әндер мен вокалдық шығармашылық арқылы патриотизмді насихаттау. «Отаным – бақ мекенім» патриоттық әндердің музыкалық вокалдық байқауына еліміздің колледждері мен жоғары оқу орындарының студенттері солист немесе ұжым мүшесі (дуэт, трио, топ) ретінде қатыса алады. Конкурстық шығармалар поп, джаз, рок, халықтық вокал, академиялық вокал, мюзикл, аралас жанрларда, түпнұсқалы өңдеуде немесе авторлық оқуда, сондай-ақ кавер-нұсқада орындалуы мүмкін.Конкурсқа қатысу үшін: www.kaznai.kz сайтында өтінім толтырып, конкурсқа қатысушының деректерін көрсету қажет; Өтінімге жанды дауыста айтқан видеоның сілтемесін (мүмкіндігінше youtube) қоса беру керек; Сахнада, үйде түсірілген әуесқой видеоға рұқсат етіледі; Конкурсқа тек жанды дауыста айтылған жазба қабылданады; Видеоның ұзақтығы 5 минуттан аспауы тиіс; Жазбада бір номер болуы керек; Вокалистер (соло) үшін жазылған немесе жанды БЭК-вокал мен Double-трекке рұқсат етіледі.Айта кетейік, конкурстың бас жүлдесі – 500 мың теңге. 2 орынға 300 мың теңге, 3 орынға 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталады. Барлық қатысушыларға диплом, өтінімде көрсетілген педагогтер мен концертмейстерлерге алғыс хат беріледі.