Жыл басынан бері Қазақстанда ағаштарды заңсыз кесу фактісі бойынша 44 іс сотқа жіберілді. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтып берді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ағаштарды заңсыз кесу мәселесі бізді қатты алаңдатады. Әрине, біз түрлі шаралар жасап жатырмыз. Жыл басынан бері біз соттарға 44 істі, құқық қорғау органдарына 113 істі жібердік. Келтірілген залалды өтеу үшін 90 млн теңге талап қойылды. Сонымен қатар, біз заң бұзушыларға қатысты заңнама талаптарын күшейту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», – деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.Оның айтуынша, 2021 жылғы қаңтардан бастап қолданыстағы заңнамада тәртіп бұзушыларға санкциялар қатаңдатылды. Заңсыз ағаш кескені үшін айыппұлды бес есе ұлғайту көзделген, яғни бұрын айыппұл 100-ден 200 АЕК-ке дейін болса, қазір бұл сома бес есе ұлғайтылған. Қызыл кітапқа енгізілген ағаштарды заңсыз кесу жазасын да қатаңдату қарастырылған.