Үздік оқытушының сыйақысы – 6 млн теңге

Үздік оқытушының сыйақысы – 6 млн теңге

Білім және ғылым ми­нис­трлігі «Жоғары оқу ор­ны­ның үздік оқытушысы – 2021» республикалық бай­қауын жариялады. Оның жеңімпазына бюджеттен 6 миллион теңгедей сыйақы төленеді. Байқауға қаты­суға құжаттарды қабылдау 1 қарашада басталып, 15 қарашаға дейін жалғасады.

Байқауға ЖОО-лар шта­тын­дағы оқытушылар ғана қатыса алады. Олардың үздіксіз ғылы­ми-педагогикалық өтілі кемінде 5 жыл болуы, оқытушылық және ғылыми қызметте жоғары жетіс­тіктері болуы тиіс. Байқаудың мақсаты – оқы­тушы мамандығының беделін арттыру және ЖОО оқытушы­ларын кәсіби дамуға ынта­лан­дыру. Конкурс 2 кезеңнен тұра­ды: алдымен оқу орнының ішін­де, кейін республикалық дең­гейде.
«Байқауға қатысуға өтінімдер мен құжаттар БҒМ-нің universitycontest.iac.kz ақпараттық жү­йесі арқылы электронды фор­мат­та қабылданады. ЖОО қыз­меткерлері мен профессорлық-оқытушылар құрамынан тұра­тын сарапшылар тобы келіп түс­кен барлық құжатты тек­середі. Са­раптау тобының қоры­тындысы негізінде ЖОО комис­сиясы кон­курсқа қатысу­шы­лардың рес­публикалық ІІ ке­зеңге қа­тысуы туралы шешім шығарады. Рес­публикалық деңгейдегі комиссия құрамына ҮЕҰ, БАҚ, студенттік және жас­тар ұйым­дарының, ЖОО қа­уымдас­тық­тарының өкілдері мен сарап­шылар енгі­зілді», – деді БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі Бі­лім департаментінің дирек­торы Әділет Тойбаев.
Жеңімпаздар ақшалай сый­ақымен қатар төсбелгіге де ие болады. Байқау ақпараттық жүйе базасында өтеді, сәйкесінше кон­курсқа қатысушылар барлық ке­зеңнің ашық өтуін бақылай алады. Ұлттық статистика бюро­сы­ның дерегінше, елімізде бүгінде 38,4 мыңдай оқытушы, про­фес­сор қалған. Осыдан 15 жылдай бұрын, 2005-2006 оқу жылында олардың саны 43,9 мыңға дейін жететін.

Елдос СЕНБАЙ