Ауызсу мәселесі оң шешімін табады
Ауызсу мәселесі оң шешімін табады
151
оқылды

Халықты сапалы ауызсумен қам­тамасыз ету – мемлекеттік сая­сат дең­гейіндегі ең маңыз­ды іс-шара­лар­дың бірі.

Елімізді іс-сапарымызбен ара­ла­ға­ны­мызда көптеген елді мекен­дер­дің ауызсу мә­селесі оң шешімін тауып келе жатқа­ны­на көзіміз жетті. Елі­міздегі елеулі мәсе­ле­лер­дің бірі оң шешімін тауып жатқанына қуан­­дық. Алайда халқымызды толығымен са­па­лы ауызсумен қамтамасыз ету та­бандылық пен жігерлілікті талап етеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзі­нің биыл­ғы Қазақстан халқына Жол­дауында Бірік­кен Ұлттар Ұйы­мы таяу он жылда су ре­сурстарының жаһан­дық тапшылығын бол­жап отыр­ғанын атап өтті. 2030 жылға қа­­рай әлемдегі су тапшылығы 40%-ға же­туі мүмкін. Сондықтан жаңа тех­­ноло­гия­лар мен цифрландыру ар­қылы су үнемдеуді арт­тыру қажет. «Nur Otan» партиясының «Өз­геріс­тер жо­лы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сай­лауалды бағдар­ла­ма­сын орындау жө­ніндегі Жол кар­та­сы­ның 277-тармағында 2025 жылға дейін қалалар мен ауылдардың тұр­ғын­дарын сумен жабдықтау қыз­мет­те­ріне 100% қол жеткізумен қам­та­ма­сыз ету көз­делген. 2020 жылы Тұрғын үй-комму­нал­дық дамудың 2020-2025 жылдарға ар­налған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағ­дарламасы шең­берінде сумен жаб­дықтау және су бұру жүйе­лерін да­мыту бойынша 304 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 113 млрд теңге, оның ішінде: қалалар бойын­­-ша – 70 жобаға 49,3 млрд теңге, ауыл­­дар бойынша – 234 жо­баға 63,7 млрд тең­ге. 2020 жылдың қорытындысы бойын­ша сумен жабдықтау қызметтеріне қолже­тім­ділік қалаларда – 97,5%, ауылдарда – 90,1%. 2021 жылғы республикалық бюджетті нақ­тылау қорытындысы бойынша 350 жо­баны іске асыруға 151,4 млрд теңге бө­лін­ген, оның ішінде: қалалар бойынша – 92 жобаға 77,3 млрд теңге, ауылдар бойынша 258 жобаға 74,1 млрд теңге қаралып отыр. 2021 жылдың қорытындысы бойынша су­мен жабдықтау қызметтеріне қол­же­тім­ді­лік­ті қалаларда – 98%, ауылдарда 91,8% жет­кізу жоспарланып отыр. Көріп отырғанымыздай, мил­лиард­та­ған қаржы бөлінген, уәкілетті орган ха­лық­ты ауызсумен қамтамасыз ету жұмысы жо­ғары деңгейде жүргізілетінін айтуда. Бі­­рақ іс  жүзінде  бұқаралық ақпарат құ­рал­­дарынан, аудандарда, әсіресе ауылдық жерлерге сапар барысында бұл мәселенің әлі де өзекті болып отырғанын көреміз. Қазір ауызсумен қамтамасыз ету көрсет­кіш­­тері және тұтастай алғанда сумен жаб­дықтау жүйелерінің, әсіресе ауылдарда, си­паттамалары бұрынғысынша қанағат­та­нарлықсыз күйде. Жақында өткен Парламент сессия­сы­ның ашылуында бұл туралы Мемлекет бас­шысы «Ондаған жылдар бойы осы мақ­сатқа аса зор қаражат бөлінгеніне қара­мастан, ауызсуға қол жеткізу мәселесі өз ше­шімін таппай отыр» деп баса айтқан бо­латын. Сондықтан Қ.Тоқаев өңірлерді да­мытудың Ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде қалалар мен ауылдардың 100%-ын таза ауызсумен қамтамасыз ету мін­детін қойды. Осыған байланысты біз, «Nur Otan» партиясының депутаттары жү­зе­ге асырылып жатқан мемлекеттік бағ­дар­ламаларда көзделген барлық қойылған мін­деттер Ұлттық жобада ескерілуі тиіс. Сонымен қатар бізді алаңдатып отыр­ған мәселе – көптеген шағын қалалар мен ауылдарда ауызсу сапасының төмендігі, ма­гистралды желілер жабдықтарының то­зуы­нан су жеткізуге кедергі келтірілуі. Су – көптеген жерлерде  тұтынуға мүл­дем жарамсыз, сапасы бағасына сәйкес келмейді. Осыған байланысты тұрғындар дүкендерден бөтелкедегі суды сатып алуға немесе сүзгілерді орнатуға мәжбүр. Сондай-ақ су қабылдау стансаларында электр қуатын ажыратқан кезде, тұрғындар үнемі ауызсусыз қалады. Ал жоғарғы қа­бат­тарда тұратын тұрғындар судың төмен қы­сымына шағымданады, нәтижесінде су­ды тек түнде пайдалануға мәжбүр бола­ды. Сонымен бірге бұқаралық ақпарат құрал­дарынан Алматы және Түркістан облыстарының ауылдық елді мекендерінде және еліміздің батыс өңірлерінде де ауыз­сумен қамтамасыз ету проблемасы өткір болып тұрғанын көреміз. Маңғыстау облысында жаз айларында ауызсу тапшылығы тәулігіне 19 мың текше метр екені белгілі. Географиялық тұрғыдан алғанда, Маңғыстау өңірінде тұщы судың табиғи көздері аз. Сондықтан Атырау және Маңғыстау облыстарының аудандарын ауызсумен қамтамасыз ету үшін «Астрахан-Маңғышлақ» магистралды су тартқышын жаңғырту жоспарланған және Кендірлі кен­тінде жаңа тұщыландыру зауыты са­лы­нады. Қазір жерасты су көздерін анықтау бойын­ша геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу жергілікті атқарушы органдардың қарауында. Жерасты көздерін пайдалану аймақтардағы су мәселесін шешуі мүмкін. Мысалы, «Көкжиде» жерасты су кен ор­нын геологиялық барлау және оны одан әрі игеру Ақтөбе және Атырау облыстары­ның халқын таза ауызсумен қамтамасыз етуі мүмкін. Мемлекет басшысының ауылдық елді ме­кен­дерді ауыз сумен қамтамасыз ету мә­се­лесін толық шешу тапсырмасын мүл­тік­сіз орындау мақсатында Ұлттық жобада мынадай шараларды қарастыру қажет деп есептейміз: 1) еліміздің қалаларында жаңа тұрғын үй кешендерін салуды ұлғайтуға байла­ныс­ты қуаттардың жетіспеушілігі пробле­ма­сын шешу; 2) авариялық жағдайдағы желілерге мо­ниторинг жүргізу және техникалық ес­кір­ген, тозған жабдықтар мен су құбыры же­лілерін ауыстыруды қамтамасыз ету; 3) ауызсудың сапасын қамтамасыз ету, өйт­кені тұтынылатын су жұқпалы аурулар­дың қоздырғыштарымен тікелей байла­ныс­ты; 4) сумен жабдықтаудың өзіндік құнын тө­мендететін тиімді жұмыстар жүргізіп, өңір­лерде тұтынылатын су тарифтерін рет­теу; 5) жерасты тұщы су көздерін анықтау үшін геологиялық барлау жұмыстарын жүр­гізу. Мемлекет басшысының осы бағытта бер­ген тапсырмаларын іске асырамыз де­сек, жетістіктерімізге тамсанып қалмай, ал­ға ұмтылғанымыз абзал деп білеміз.

Асқарбек ҮЙСІМБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі