Бүгінде жаһан халқының жасы қартайып келеді. Барша әлемдегі сияқты Қазақстанда да зейнет жасындағы адам саны жылдан-жылға артып барады. Егер осыдан 10 жыл бұрын олар жалпы халықтың 9,9%-ын құраса, биыл 11%-ға жеткен. 2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, елде 2 млн 229 мың адам зейнетақы алады. Мемлекет 1998 жылдан бастап үлестіруші зейнетақы жүйесінен біртіндеп жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшіп жатыр. Ал көпдеңгейлі зейнетақы жүйесінің жинақтаушы құрамдауышы бюджетке түсетін жүктемені азайтуға, болашақта зейнетақы мөлшерін ұлғайтуға көмектеседі. 2021 жылдың 1 қазанындағы дерекке сүйенсек, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-да (БЖЗҚ) республика бойынша 11,6 млн зейнетақы шоты бар, ал олардағы зейнетақы жинағы 13 трлн теңгеден асты.
Мемлекеттің әлеуметтік бағыттағы саясатының маңызды бір тармағы саналатын халықты зейнетақымен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешіліп жатқанын білмек болып, біз Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа шағынауданының Талғат Бигельдинов көшесіндегі №12-үйде орналасқан «БЖЗҚ» АҚ Нұр-Сұлтан қалалық филиалының ғимаратына келдік. Филиал директоры – Басқарушы директор Мұрат Шәріпов екен. Ол жерде бізді филиал директорының орынбасары Аслан Ниетов пен филиалдың қызметтерді үйлестіру жөніндегі бас маманы Сейілбек Әбілтаевтар жылыұшырай қарсы алып, Қор жұмысының жай-жапсарымен егжей-тегжейлі таныстыра бастады. – Астанадағы 3 бөлімшемізде 70 қызметкеріміз бар. Олар күніне орташа алғанда 400-дей салымшымен бетпе-бет жүздесіп, 200-дей адамға қашықтықтан қызмет көрсетеді, – дейді қалалық филиал директорының орынбасары Аслан Ниетов. Атап өтейік, қалалық филиалда көрсетілетін негізгі қызмет түрлері төмендегідей:– Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы жүйесінің мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалармен ақпараттық насихаттау жұмысы; – міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке алу үшін жеке зейнетақы шоттарын ашу туралы өтініштерді қабылдау және тіркеу; – жеке және заңды тұлғалармен ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар жасау; – Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында және басқа да нормативтік-құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен Қор салымшысының (алушысының) зейнетақы төлемдерін тағайындау, зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аудару туралы өтініштерін қабылдау және тіркеу; – Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында және басқа да нормативтік-құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен Қор салымшысының (алушысының) жеке зейнетақы шотынан ақпарат беру; – кредиторлық берешекті жою жұмысы; – зейнетақыны жоспарлау мәселелері бойынша салымшыларға (алушыларға) кеңес беру; – жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту арқылы салымшылардың (алушылардың) белсенді емес шоттарымен жұмыс.Мәселен, адамдар жеке зейнетақы шотын ашқысы келсе, зейнетақы жинақтарының жай-күйін білгісі немесе зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш бергілері келсе немесе жеке деректемелеріне өзгерістер енгізуді қаласа, қалалық филиалдың үш бөлімшесінің біріне келіп, мамандардан кеңес алып, қажетті қызмет түрін рәсімдете алады. Тәжірибелі мамандар қай сұраққа да кәсіби тұрғыдан тұшымды жауап береді. Ол үшін алдын ала телефон арқылы хабарласып, уақытын белгілеп қоюға да, қызметкерлерге ескертпестен бірден келе беруге де болады. Дегенмен індет жағдайына байланысты бөлімшелерде жұртшылықты қабылдау барлық санитарлық талаптарға сай және әлеуметтік арақашықтықты сақтай отырып жүргізіледі. Соңғы кезде карантин шектеулері біршама жұмсартылған, ал індет ушығып тұрған кезде бөлімше қызметкерлері келушілерді тек арнайы сақтандырғыш шыны арқылы ғана қабылдайтын. Бір байқағаным, қазір келушілер ғимарат ішіне тек Ашық жүйесі арқылы кіріп, босағада ілулі тұрған зарасыздандыру сұйықтықтығымен қолдарын шайғаннан соң ғана залға өтеді. Сонымен қатар келушілердің бетпердесінің болуы, әлеуметтік арақашықтықтың сақталуы қатаң міндеттелген. – Жұмыста ешкім мәжбүрлемесе де біздің қызметкерлеріміз коронавирусқа қарсы екпе алудың әлеуметтік маңыздылығын түсініп, барлығы дерлік өз еркімен вакцина салғызды. Ал індет кезінде «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей, мамандарымыздың 80 пайызы қашықтан жұмыс істеген еді, – деп Қордың Нұр-Сұлтан қалалық филиалының қызметтерді үйлестіру жөніндегі бас маманы Сейілбек Әбілтаев әңгімені жандандыра түсті.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесі қалай жұмыс істейді?
Халық саны жағынан елімізде тұрғындары миллионнан асқан үш шаһар болса, соның бірі – еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласы. Сол себепті елордада жинақтау жүйесіне қатысушылардың қатары көп. Біз өз тарапымыздан қалалық филиал директорының орынбасары Аслан Ниетовтан зейнетақы жүйесі туралы кеңірек әңгімелеп беруін өтіндік.– Мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық және жасына байланысты ортақ зейнетақы; – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және инвестициялық табыстан құралған зейнетақы төлемдері; – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан ерікті зейнетақы жарналары есебінен төленетін төлемдер.Базалық зейнетақыны зейнет жасына толған барлық зейнеткер алады, бірақ оның көлемі 2018 жылғы 1 шілдеден бастап 1998 жылға дейінгі еңбек өтіліне және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жыл және одан аз болған немесе болмаған кезде мұндай базалық зейнетақы мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының 54%-ын құрайды. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жылдан артық әрбір жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға артып, бірақ ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының 100%-ынан аспайтын мөлшерінде беріледі. Ортақ зейнетақы жүйесі – бұл КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстанға мұраға қалған және «ұрпақтар ынтымақтастығына» негізделген жүйе. Онда халықтың жұмыс істейтін бөлігінің салық аударымдары мен басқа да түсімдері есебінен мемлекеттік бюджет зейнетақы төлемдерінің көзіне айналады. Ортақ зейнетақы төлемдерінің мөлшері еңбек өтілімен айқындалады және оны 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек өтілі кемінде алты айды құрайтын адамдар алады. Жинақтаушы зейнетақы жүйесі елімізде 1998 жылдан бастап жұмыс істейді. Қазақстан азаматтары, Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін ай сайынғы табысынан 10 пайызы мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналары және кәсіптері Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өндірістердің, жұмыстар мен кәсіптердің тізбесінде көзделген қызметкерлердің пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының 5 пайыздық мөлшері белгіленген.
Барып қызмет көрсету бөлімінің міндеті қандай?
Қалалық филиалдың Барып қызмет көрсету бөлімінің бастығы Ақмарал Сағиеваның айтуынша, бөлім тек қала аумағындағы кәсіпорын, мекемелерге ғана емес, сонымен бірге астанаға жақын маңайда орналасқан аудан, ауылдарға да қызмет түрлерін ұсынады екен. – Барып қызмет көрсету бөлімі зейнетақымен қамсыздандыру саласында қызмет көрсету жүйесін дамытумен, тұрғындардың қаржылық-құқықтық сауаттылығын көтерумен және Қордың электрондық қызмет түрлерін пайдаланушылардың санын арттырумен айналысады. Бөлім мамандары мекеме-ұжымдарға сапар барысында Қордың электрондық сервистері бойынша таныстырылымдар өткізіп, жинақтаушы зейнетақы жүйесі бойынша ақыл-кеңес және түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Кездесу немесе жұмысты электрондық ақпарат беру тәсіліне көшіру бойынша неғұрлым ыңғайлы уақытты таңдау үшін ұжым басшыларымен алдын ала келісіп аламыз. Таныстырылымнан кейін еліміздегі зейнетақы жүйесі бойынша жұртшылықтың кез келген сұрақтарына тыңғылықты жауап беруге тырысамыз,– дейді Ақмарал Сағиева. Салымшыларға қызмет көрсету үшін «Мобильді агент» кешені (көпсалалы құрылғы) арқылы да түрлі операция жүргізіледі:– міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасын (МКЗЖ) есептеу бойынша жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу жөніндегі өтінішті рәсімдеу; – тұтынушылар деректемелерінің өзгергені жөніндегі өтініштерді және ақпараттандыру тәсілінің өзгергені жөніндегі келісімдерді рәсімдеу; – зейнетақы жинағының жай-күйі туралы ЖЗШ-дан үзінді көшірме беру; – мүгедектікке байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтінішті рәсімдеу.Айта кету керек, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын ашу (оның ішінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылу туралы өтініштер) және халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын салымшыларға (алушыларға) қызмет көрсету (1 және 2-топтағы мүгедектігі бар адамдар) туралы өтініштерді ресімдеу үшін барып қызмет көрсетуге қажеттілік туындаған жағдайда, Қор мамандары барлық санитарлық-эпидемиологиялық шараны сақтай отырып, сапарға шығады.
«Ашық есік күні» не үшін керек?
Филиалдың бөлімше бастығы Заррина Слямованың айтуынша, халықтың зейнетақы жүйесі туралы танымдылығын арттыру мақсатында ақпараттық-түсіндірмелік жұмыстар тұрақты жүргізіліп тұрады. Соның бірі – «Ашық есік күні». Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары мен алушылары үшін «Ашық есік күні» дәстүрлі іс-шараға айналған. Алайда коронавирус індетіне байланысты салымшылармен қазір Қор филиалдарында бетпе-бет кездесу өткізу мүмкін емес. Сондықтан БЖЗҚ қызметкерлері оны кезекті рет виртуалды кеңістікте өткізді. – Кез келген адам онлайн платформаның көмегімен үйінен шықпай-ақ онлайн іс-шараға қосылып, «Ашық есік күніне» қатыса алды. Мәселен, сондай іс-шараның бірі – «Ерікті зейнетақы жарналары, шотты ашып, толықтыру – өте оңай!» тақырыбына арналған. Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) – азаматтар үшін құрметті демалысқа шыққан кезде қосымша қаржылық қолдау. Биыл ЕЗЖ дамыту мәселесінде заңнамаға енгізілген бірқатар өзгерістер өз болашағы туралы бүгіннен бастап ойланатын салымшыларға көптеген артықшылықтар әкелді,– дейді Заррина Слямова. Осыған байланысты 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен қызметкердің пайдасына төлейтін ЕЗЖ корпоративтік табыс салығы есептеу кезінде шегерімге жатқызылады. Сонымен қатар жұмыс берушінің қызметкердің пайдасына төлеген ЕЗЖ сомасы қызметкердің табысына салық салу кезінде ескерілмейді. Бұған қоса, ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының жыл ішінде талап етілмеген кепілдік берілген өтем сомаларын БЖЗҚ-дағы ЕЗЖ есептелетін жеке зейнетақы шоттарына есепке алу үшін аудару тәртібін ережелейтін заң нормалары қолданысқа енгізілді. Сондай-ақ осы жылдың 1 мамырынан бастап ЕЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын алушылардың тізімі кеңейді. Атап айтқанда, ЕЗЖ бойынша зейнетақы жинақтары БЖЗҚ-да кемінде бес жыл жатқан салымшылар енді жас мөлшеріне қарамастан төлемдерге үміт арта алады. «Ашық есік күні» іс-шарасына қатысқан салымшылар осындай жаңашылдықтар туралы біліп қана қоймай, зейнетақы калькуляторының көмегімен болашақ зейнетақыларын да есептеп көрді. Олар ЕЗЖ-ны үнемі толықтырып отыру арқылы БЖЗҚ-дан алатын төлемдерін едәуір арттыруға болатынына да көз жеткізді. Қор кеңесшілері салымшыларға ЕЗЖ бойынша өз шоттарын қалай толықтыру керегін түсіндіріп, жеке зейнетақы шотының енді алғашқы ерікті жарна төленген кезде автоматты түрде ашылатынын баяндады. Еліміз бойынша өткізілген іс-шараға қатысушылар саны жағынан жоғары көрсеткішке ие болып, олардың әрқайсысы «Ашық есік күні» шарасының электрондық форматта ұйымдастырылғанына ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырып жатты. Көптеген қатысушы ЕЗЖ бойынша өз шоттарын ашуға ниеттерін білдірді. ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының 33-бабы 1-тармағына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар:– елу жасқа толған; – мүгедек болып табылатын; – Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету ниетiн немесе дерегiн растайтын құжаттарды ұсынған; – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорындағы ерікті зейнетақы жарналары мен оларға есептелген инвестициялық кіріс сомалары шегінде кемінде бес жыл зейнетақы жинақтары бар адамдардың ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерiне құқығы туындайды. Осылайша, ЕЗЖ есебінен қаражат жинауды, мысалы 20 немесе 30 жастан бастай отырып, тиісінше 25 немесе 35 жасқа толған кезде салымшылар өздерінің алғашқы төлемдерін ала бастайды.
Зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін қалай алуға болады?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен халықтың БЖЗҚ-дағы жасына сай жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалануына рұқсат берілгені белгілі. Үкіметтің бұл шешімі жұрттың жаппай қызығушылығын тудырып, бүгінге дейін жарты миллионға жуық адамның жинақтарының алу жөніндегі өтініші қанағаттандырылған. 2021 жылдың 11 қазанындағы жағдай бойынша, салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалануға берген 458 641 өтініші орындалды. Уәкілетті оператор – банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 1,9 трлн теңгеден аса қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 4,1 млн теңге. «БЖЗҚ» АҚ мамандарының айтуынша, орындалған өтініштердің ең көбі Алматы қаласының (17,0%), Маңғыстау облысының (13,8%), Нұр-Сұлтан қаласының (13,0%) тұрғындары тарапынан жолданған. www.enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» бөлімінде салымшылардың біржолғы зейнетақы төлемдерін қандай мақсаттарға пайдалануды жоспарлайтыны туралы егжей-тегжейлі ақпарат орналастырылған. Мұндай ақпарат өңірлер бөлінісінде де берілген («Мақсаттар бойынша тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» және тиісінше «Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» шағын бөлімдері). Естеріңізге саламыз, біржолғы зейнетақы төлемі уәкілетті операторда («Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ) ашылған арнайы шотқа түскеннен кейін алушы уәкілетті операторға біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсатын растайтын құжаттарды олар келіп түскен күннен бастап 45 жұмыс күні ішінде (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларының 13-тармағына сәйкес), ал басқа уәкілетті операторлар бойынша – 3 (үш) жұмыс күні ішінде ұсынады. Уәкілетті операторға растаушы құжаттар белгіленген мерзімде берілмеген жағдайда, бұл қаражат БЖЗҚ-ға қайтарылады. Алушы, сонымен қатар көрсетілген мерзімді күтпей-ақ, аударылған соманы уәкілетті операторға тиісті өтініш беру арқылы БЖЗҚ-ға қайтара алады, оны уәкілетті оператор қайтаруға өтініш алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде орындауға міндетті.Еңбек мигранттарының құқы қалай қорғалады?
Биылғы жылдың басынан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы Келісім күшіне енді. Келісімнің негізгі мақсаты – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер еңбекшілерінің зейнетақы құқықтарын жұмысқа орналастырушы мемлекеттің азаматтары сияқты жағдай мен тәртіп бойынша қалыптастыру. Бұл ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің азаматтарына зейнетақымен қамсыздандыруға арналған құқықтарды өз азаматтарына берілетін құқықтар көлемімен бірдей етіп беруге кепілдік береді дегенді білдіреді. Яғни, ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет еңбекшілердің өз аумағында 2021 жылғы 1 қаңтардан кейін жинаған жұмыс өтілі үшін өз заңнамасы бойынша зейнетақы төлейді. Қазақстанда келісімді іске асыру бойынша құзыретті орган БЖЗҚ. Операциялық бөлімнің бөлімше бастығы Заррина Слямованың айтуынша, БЖЗҚ жыл басынан бері бұқаралық ақпарат құралдарында және халық арасында еңбекшілерді жұмыс бабымен көшіп-қону жағдайындағы өз құқықтары туралы ақпараттандыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде, оның ішінде Қазақстанда жұмыс берушілермен еңбек қатынастарын ресми ресімдеу қажеттігіне, яғни еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарттарды міндетті және уақытылы жасасуға ерекше назар аударылады. Бұл келешекте еңбекшілерге қазақстандық заңнамада көзделген зейнеткерлік жасқа жеткен кезде өздері қалыптастырған зейнетақы жинақтары есебінен БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын қамтамасыз етеді.Дәулет АСАУ