Қарағандыда шетелдіктерді алдаған алаяқ әйел сотталды
Қарағандыда шетелдіктерді алдаған алаяқ әйел сотталды
Фото: kaz.nur.kz
182
оқылды

Шетелдіктерді «Қазақстанда тұруға ықтиярхат рәсімдеп беремін» деп алдап, 7 миллион теңгеден астам қаражат жинап алған.

Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық соты Әзербайжанның 34 жастағы азаматына қатысты үкім шығарды. Ол жәбірленушілерге белгілі бір сомада қаражат төлесе, Чехия мен Қазақстан азаматтығын алып беруге уәде берген.

Алаяққа ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 1, 4-тармақтары «Ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық» және 390-баптың 3-бөлігі «Билiк өкiлеттiктерiн алу мақсатында Қазақстан Конституциясында белгiленген лауазымды атқаратын лауазымды адамның атағын өз бетiмен иемденіп алу» бойынша айып тағылды.

Әйел осыған дейін де осындай заңсыз әрекеттері үшін қылмыстық жауапқа тартылған. Ол 2020 жылдың сәуірінде босатылған. Былтыр мамыр айында сотталушы әлеуметтік желі арқылы жәбірленуші М.-мен кездесіп, әңгімелесу барысында ол өзін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің капитаны ретінде таныстырған. Ақша төлесе, Чехия, Қазақстан азаматтығын және басқа құжаттарды рәсімдеуге көмектесуге уәде берген. Бұған қоса, жәбірленуші оның құқық қорғау органдарының киімінде түскен фотосына қарап, сенген. Ол алаяқ әйелге отбасының барлық мүшелеріне Чехия азаматтығын рәсімдеу үшін 2,9 миллион теңге берді. Сонымен қатар айыпталушы тағы үш шетелдікті алдағаны анықталған. Алаяқ оларға Қазақстанда тұруға ықтиярхат ресімдеуге көмектесуге уәде берген.

Залалдың жалпы сомасы 7 миллион теңгеден асады. Айыпталушы өз кінәсін мойындап, жәбірленушілерге келтірілген залалды толық өтеген. Сот әйелді бұрын да қылмысқа қатысы болғаны үшін 3,9 жылға бас бостандығынан айырды.