Жамбыл облысында тоғыз айда талай тірлік тындырылып, экономиканың барлық саласында оң динамика сақталған. Есепті кезеңде өңірдегі экономикалық өсім 4,6 пайызды құрап, 480,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Сондай-ақ 267 миллиард теңге инвестиция тартылып, 11 пайыздық өсімді көрсеткен. Бұл туралы облыстық мәслихат депутаттары алдында есеп берген аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев баян етті.
– 2025 жылға дейін 2,5 триллион теңгені құрайтын 107 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Биыл 171 миллиард теңгеге 31 жоба жоспарланып, жалпы 78,2 миллиард теңгенің 13 жобасы іске асты. «Қарапайым заттар экономикасы» аясында 175 жоба 56 миллиард теңгеге несиелендірілді. Жергілікті қамту үлесі өнеркәсіптің 8 бағыты бойынша 51,1 пайызды, құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша 86,4 пайызды құрады, – деген Бердібек Машбекұлы фармацевтика саласында да өнім көлемі 2,8 есеге өскенін тілге тиек етті. Жалпы, қазір Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты жанындағы вакциналар шығаратын биофармацевтикалық зауыттың құрылысы аяқталған. 1 миллион 750 мың доза вакцина «СҚ-Фармация» хабына жіберіліп, еліміздің барлық өңіріне жеткізілген. Одан бөлек, Қырғыз Республикасына да 25 мың доза гуманитарлық көмек жөнелтілген. Аймақ басшысы кәсіпкерлерге шағын несие беру үшін жалпы 8,1 миллиард теңге қаралып, оның 7,9 миллиард теңгесі игерілгеніне баса тоқталды. – Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 19,4 миллиард теңге субсидия қаралып, 13,7 миллиард теңгесі игерілді. 2025 жылға дейін 350,4 миллард теңгеге 50 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Егістік көлемі 752 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 30,3 мың гектарға артты. Соңғы үш жылда 59,1 мың гектар суармалы жер қалпына келтіріліп, су үнемдеу технологиясы 40 мың гектарға енгізілді. Мал азығын дайындау жұмыстары да қызу жүріп жатыр. Жоспардағы 1,7 миллион тонна мал азығы толықтай дайындалды, – деді Бердібек Машбекұлы. Биыл «Тасөткел» су қоймасынан бөлек тағы 7 су қоймасы қалпына келтіріліп жатыр. Есепті кезеңде су айдындарынан 363 тонна балық ауланса, оның 200 тоннасы форель балығы. Сонымен қатар 332,8 тонна бал өндірілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Алқаптан сөреге дейін» жобасы аясында облыс орталығы мен он ауданда барлығы 32 әлеуметтік павильон ашылған. Биыл облыста 4 482 пәтерлі 76 тұрғын үйдің құрылысы басталса, жыл соңына дейін 2 902 пәтерлі 50 үй тапсырылады деп күтілуде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында 3,6 шақырым жол салынып, 440,7 шақырым жолға орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті автожолдардың үлесі 95 пайызға жеткелі тұр. 12 ауылдық елді мекенге су құбыры жүргізіліп, қамтылу деңгейі 88,7 пайызға дейін артқан. 20 елді мекен табиғи газбен қамтылып, 83,8 пайызға жеткен. Барлық мемлекеттік бағдарлама мен жеке бастамалар аясында 27,1 мың жаңа жұмыс орны құрылып, оның 14,8 мыңы тұрақты жұмыс орны ретінде тіркелген. Ал орташа жалақы 25,8 пайызға (203,8 мың теңге) артқан.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы