Елбасы академик Серік Қирабаевтың отбасына көңіл айтты
Елбасы академик Серік Қирабаевтың отбасына көңіл айтты
Фото: kzvesti.kz

Нұрсұлтан Назарбаев көрнекті әдебиеттанушы, сыншы, филология ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Серік Смайылұлы Қирабаевтың дүниеден өтуіне байланысты ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтты. Бұл туралы elbasy.kz хабарлады.

«Саналы ғұмырын басыбүтін ғылыми-педагогикалық қызметке арнаған Серік Смайылұлы отандық әдебиеттану саласын дамытуға қомақты үлесін қосқан ірі ғалым болатын. Ол өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бастап орта мектепке арналған оқулықтар мен оқу бағдарламаларын жазу және жетілдіру ісіне аянбай атсалысқан зор парасат иесі, ұлағатты ұстаз еді. Үнемі азаматтық айқын ұстанымын танытып, қажырлы қайраткерлігімен еліміздің өсіп-өркендеуіне атсалысып, көптің сый-құрметіне бөленді, соңына көптеген мәнді ғылыми-зерттеулері мен ізбасар шәкірттерін қалдырды» делінген жеделхатта.

Елбасы Серік Смайылұлының ғибратты ғұмыры мен жарқын бейнесі жұртшылық жадында әрдайым сақталатынына  сенім білдірді.