Органикалық өнімдер туралы заң жобасы қаралды
Органикалық өнімдер туралы заң жобасы қаралды
280
оқылды

Сенатта Палата Спикері Мәулен Әшімбаевтың төра­ғалы­ғымен органикалық өнімдерді өндіру және олардың айна­лы­мы мәселелеріне арналған заң жобаларын таныстыру рәсімі өтті. Бұл заң жобаларына сенаторлар бастамашыл болды.

Іс-шара барысында Сенат Төр­ағасы «Қазақстан-2050» стра­тегиясында елімізді экологиялық таза өнімдер нарығында жаһан­дық деңгейге көтеру міндеті бел­гіленгенін айтты. Ел Президенті де өз Жолдауында осы мәселеге назар аударғаны белгілі. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында бұл мәселеге арнайы тоқталып, еліміздің ауыл шаруа­шы­лығындағы әлеуеті және орга­никалық өнім өндіру мүмкіндігі толық пайдаланылмай отырғанын атап өтті. Қазір органикалық өнім өндіру нарығында ұзақмерзімді өсу тренді байқалады. Сондықтан бұл саланың даму мүмкіндігі өте жоғары деуге толық негіз бар», – деді Мәулен Әшімбаев. Жаңа нормалардың бәрі орга­никалық өнім өндірушілер үшін қолайлы жағдай жасауға және осындай өнімдерді тұтынушы аза­маттардың сұраныстарын қана­ғат­тандыруға арналған. Заң жобасын талқылау ба­рысында сенатор Ақылбек Күріш­баев тағы бір жаңашылдыққа тоқталып өтті. Ол – органикалық өнімді міндетті сертификаттаудан бас тарту. Әлемдік тәжірибеге сәйкес, соңғы дайын өнім емес, тек органикалық өнімді өндіру үдерісі ғана сертификатталады. Мұндай шара өнім өндірудің өзіндік құнын төмендетеді және шаруаларды қосымша қаржылық жүктемеден босатуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, өнімді, әсі­ресе ішкі нарықта қолжетімді бағамен өткізуге жол ашылады. Заң жобаларын талқылауға Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, аграрлық сектор мамандары, БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының Қазақстандағы өкілі, Қазақстанда органикалық өнім өндірушілер одағының, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім орталы­ғының, «Қазақстан-Германия агросаяси диалогі» жобасының өкілдері және тағы басқа осы саладағы сарапшылар қатысты. Іс-шара соңында Сенат Төрағасы талқылау барысында айтылған пікірлер мен ұсыныстар алдағы уақытта ескерілетінін және заң жобаларын жыл соңына дейін Парламент қарауына енгізу қажет екенін айтты.  

Е.ЕРДЕНОВ