Қазақстанда оқушылар кітапханаға өте сирек бас сұғатыны анықталды: көп өңірде екі айда бару саны онға да жетпейді екен. Дегенмен Білім және ғылым министрлігі кітапханаларды жаңа кітаптармен толтыруды жалғастырады. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп кітапханаларына 2,5 миллионға жуық көркем әдебиет сатып алынды.
Кітаптардың басым бөлігі Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Павлодар облыстарында сатып алынды. Бұл туралы республикалық ғылыми-практикалық білім беру мазмұнын сараптау орталығының директоры Елдос Нұрланов мәлімдеді. Оның мәліметінше, кітапхана қорының басым бөлігі мемлекеттік тілдегі әдебиеттермен толықтырылды. Бұған дейін қазақ тіліндегі әдебиеттер аз болыпты. «Былтырға қарағанда негізгі қор 2,5 миллион кітапқа артты. Жобаны іске асыру кезінде мектеп оқушыларының кітапханаға деген қызығушылығы арта түсті. Осы оқу жылының басынан Түркістан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында бір оқушы кітапханаға орта есеппен 10 реттен астам, ал Алматы, Шымкент қалаларында, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау және басқа да облыстарда 6-9 рет барған. Бұл балалардың көркем әдебиетке қызығушылық таныта бастағанын көрсетеді», – деді Е.Нұрланов. «Оқуға құштар мектеп» жобасы жүзеге асырыла бастағалы мектеп кітапханалары мен ондағы орындар саны да көбейді. Мектептерде балалардың кітап оқуы үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Осы мақсатта жалпы республика бойынша 121 коворкинг орталығы ашылды. Балалардың оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін 3,7 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды. «Оқуға құштар мектеп» жобасы жалғасатын болады.Елдос СЕНБАЙ