Саяси жаңғыруды жетілдіру – даму кепілі
Саяси жаңғыруды жетілдіру – даму кепілі
213
оқылды

30 жыл бұрын азаттық таңы атып, қазақ елі Тұңғыш Президентіміз – Елбасы, «Nur Otan» партиясының тө­рағасы Н.Назарбаевтың ерік-жі­герге толы ұстанымымен жойылып кету қаупінен арылып, әлемге таны­лып, жаһандық картадан өз орны­мыз­ды ойып алдық. Біртұтас ел болу­дың қадірін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы өз Жол­дауында тағы ашып берді. Жол­дауда саяси жаңғыруды біртіндеп жүргізу басты стратегиялық бағ­дар­ламаның басым міндеттері ре­тінде сараланды.

Тәуелсіздік жылдарында бізде шынайы де­мократиялық және конституциялық құ­ры­лымды қалыптастыру өз қиын­дық­тары­мен жүргізіліп жатыр. Өйткені кеңес­тік режим кезінде саяси жүйеде демократия үр­дісі шын мәнінде орныға алмады. Мем­лекетті басқару институттарының ара­сын­да саяси шығармашылық өміршең бола ал­май, төрешілдік, ақпараттық билеп-төс­теушілік басым болды. Қоғамдық мүдде мем­лекеттік тәуелділік ықпалынан шыға ал­­­мады. Тарихтан білетініміздей, қаншама әлем­­ді дүрілдеткен империялар ыдыра­ған­да, орталыққа мойынсұнып қалған шет өңір­лер бірден еңсесін көтеріп, екі аяғын тең басып кете алмаған. Дегенмен аға буын қан­ша коммунистік режимнің ықпалында бо­лып, коммунизм идеясымен «ауыр­ға­ны­мен», тарихтың мүмкіндігі туғанда жа­ны қалмай, тәуелсіздігімізді паш ете ал­ды және ұстап қалды. Ұлы Даламыздың ру­хымен өшпей келе жатқан демокра­тия­лық дәстүріміз қайта көрініс беріп, ұлты­мыз­ға тән сабырлылық пен саналылық ар­­қасында елімізді жаңа құрылымға ба­ғыт­тай алды. Ендігі жұмысымыздың негізгі бағыты – әрбір қазақстандықтың осы Тәуелсіздігі­міз­­дің игілігін сезінуі, жетістігін өз тұр­мыс-тіршілігімізде қолдана білуін күшейте түсу. Мемлекеттің өз мәселесін шешуіне ал­дымен бейбіт өмір, ішкі тұрақтылық пен ты­ныштық керек. Осындай жағдайда ғана ха­лықтың тыныс-тіршілігінің сапасы тура­лы айта аламыз. Яғни, бірінші талап қа­лыптасты. Ендігі мемлекеттің негізгі мақ­саты бұқараның тұрмыс сапасын арт­тыру болып тұр. Сонымен қатар бо­ла­ша­ғы­мыз жастардың еліміздің келешегіне се­німді болуы да күн тәртібінде тұр. Бо­ла­шаққа сенімсіздік интеллектуал­дар­дың ше­тел асып кетуіне себеп болары түсінікті. Тәуелсіздік жылдары елімізде саяси ре­формалар «асығыстыққа салынбай» ке­зең-кезеңімен, табанды түрде жан-жақты жүр­гізіліп жатыр. Өйткені еліміздің қоғам­дық-саяси өмірін уақытылы жаңғыртпау табысты экономикалық реформаларды іске асыру қиындықтарға әкеп соғады. Бұл – дұрыс ұстаным. Негізсіз, жүйесіз сая­си ырықтандыру елдің ішкі ахуалын шие­леністіруге әкелетінін дүниежүзі ел­де­рі­нің тәжірибелерінен байқап отырмыз. Саяси жүйені және адам құқығын қор­ғау­ды жаңғыртудың мақсаты – елімізді бас­қарудың демократиялық қағидаларын за­ман талабымен үйлестіріп отыру. Біз демократияны «Халықтың, халық та­рапынан және халық үшін» басқару деп тү­сінеміз. Бұл жерде «халық тарапынан» дегеніміз ұжым­дық өзін-өзі басқаруды білдіретін ха­лық билігі екенін білеміз. Халық үшін басқару дегеніміз – Үкі­метіміздің басқарушылар мүддесіне емес, азаматтардың мүддесіне қызмет етуі. Ал «халықтың басқаруы» дегенді енді дұрыс түсінуге мүмкіндік тууда. Биылғы ауыл әкім­дерін тікелей сайлау процесі халықтың бас­қаруына жол ашқан маңызды саяси қа­дам ретінде бағаланды. Осындай саяси шара­лар әлі де кеңейтіліп, аздаған уақыт­тан кейін аудандық деңгейге көтеріледі. Президентіміз өңірлік саясатты жетіл­діруге басым бағыттардың бірі ретінде ар­найы тоқталды. Орталық пен өңірдің өзара тиімді қарым-қатынасының үйлесім табуы да өзектілігін жойған жоқ. Конституциямызда көрсетілгендей жер­гілікті мемлекетті басқаруды тиісті ау­мақтағы істің жай-күйіне жауапты жер­гілікті өкілді және атқарушы органдар жү­зе­ге асырады. Бұл жерде олар бір-біріне әріп­тес әрі жәрдемші. Мәселе өзара жұ­мыс­та ықпалдастық пен талапшылдыққа не­гізделген үйлесімділікті шебер ұйымдас­тыра білуде. Әрбір жауапты қызметкер ық­палдастықты ымыраластыққа, талап­шыл­дықты тайталастыққа ауыстырып алмағаны маңызды. Әлемдік демократия үрдісінде жергілікті басқару жүйесінде белгілі бір шараны қолға аларда атқарушы билік өкілді билікпен ақылдасатын болса, өкіл­ді билік өз шешімдеріне атқарушы би­ліктің келісімін алмай өзгеріс енгізе бер­мейді. Өйткені өзіміз сенім артқан мем­лекет мүмкіндігіне қоғам мүддесін бас-көзсіз қарсы қоюға әсте болмайды жә­не керісінше, қоғам мүддесін мемлекет мүм­кіндігімен тиімді үйлестіре алмасақ, қа­те­лікке ұшыратады. Осындай талаппен қа­рағанда екі билік саласының арасында жауапкершілік бөлісу демократиясы өңір­дің тіршілігін қалыпты ұстаудың нақты теті­гіне айнала алады. Еліміздің, өңірлердің даму үдерісіне ал­дымен жүйелі қаржы саясаты табысты ық­пал етеді. Сондықтан да Президентіміз жер­­гілікті бюжеттің тиімділігін қадаға­лау­ды жергілікті мәслихаттарға қайта-қайта жүктеуде. Кез келген іс-әрекеттің бастауы ой мен көзқарастардың жиынтығы дейтін болсақ, келісіп пішкен тонның келте бол­ма­сы анық. Ал көзқарас – адамның дү­ние­таны­мы мен моральдық-психо­ло­гиялық қа­сиеттер және әрқайсымыздың қоршаған ортамен қатынасымызды білдіретін ішкі қағидасы. Сондықтан билікпен халықтың сенімі өзара нақты болуы үшін көп ақпарат еркін айналымда болғаны дұрыс деп са­най­мыз. Басқару деген – бас болу, алға бас­тау деген сөз. Біз өз тарапымыздан жер­гілікті мемлекеттік және өзін-өзі бас­қаруды үйлестіруді жетілдіруге тиіспіз. Әйт­песе, ол басқару емес, басқатыру бо­лып шығады. Бұл өз кезегінде жергілікті өзін-өзі бас­қару жүйесін одан әрі жаңғыртудың маңыз­ды факторы азаматтық мәдениетті дамытуға мол мүмкіндік береді. Азаматтық мәдениетті қалыптастыру үшін әлеуметтік инс­титуттар өз күшін жеке тұлға бойында құн­дылық қатынастар орнатуға бағыттауы тиіс. Яғни, жеке тұлғаның азаматтық мә­де­ниеті, оның құқықтық, саяси адам­гер­ші­лік мәдениетімен анықталады. Осы тұр­ғыдан келгенде азаматтық мәдениет – бұл қалыпты саяси мәдениет. Сондықтан да Жолдауда Саяси жаң­ғыру мен адам құқығын қорғау бірге қо­сақ­талып сарапталған. Бұл – өте маңызды шара. Дамыған елдердің басты белгісі – кез келген жағдайда реттеушілік қасиеті жо­ғары, орындалуы күшті заң жүйесінің болуы. Сол арқылы дамыған елдерде заң­ның орындалуы дәстүр ретінде қалып­тас­қан. Соған сәйкес, азаматтардың көңілі көп жағдайда орнықты. Олар өздері қы­сыл­са көмекке келетін заңы мен қоғамы бар екеніне сенімді. Сондықтан бізде әлі де болса құқықтық сана мен құқықтық мә­дениет қалыптастырудағы жұмыстарды кү­шейтуіміз қажет деп санаймын. Сөз соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «мемлекет ап­параты біртұтас құрылым ретінде жұмыс істеуге міндетті. Сонда ғана көздеген мақ­сатымызға жетеміз», – деп барлығымызға ор­тақ жауапкершілік артты. Халық бірлігі де­геніміз – әуелі мемлекеттік институт­тар­дың бірлігі. Мемлекеттік аппарат  рух­тас­тық сана арқылы халықтың билікке се­ні­мін ұстап тұра алмаса, онда халық бас­қа билікті іздейді. Оны көрші елдердің мы­салынан көріп отырмыз. Президентіміз айтқандай, біздің бағы­ты­мыз – белгілі, мақсатымыз айқын. «Сая­си мұрат» деген бар, «саяси шындық» де­ген бар. Саяси мұратымызды әр по­пу­лист айтып жүрген «саяси шындықпен» жаңылыстырсақ, Тәуелсіздігіміздің шаңырағын шайқалтып алып, орнына келмес қателікке ұрынуымыз әбден ықти­мал. Монтескье: «Демократия қағидасы тек теңдік рух жойылғанда ғана емес, ол тым шектен асып, әр адам өзі сайлаған би­лік иесімен бірдей болуға тырысатын кез­де де бұзылады», – деген екен. Тәуелсіз мем­лекетіміз бар. Халық сайлаған Прези­дентіміз бар. Ендеше, елдің бірлігін үнемі аялай отырып, ел үшін отансүйгіштікпен жұ­мыс істеуіміз бәрімізге сын.  

Н.БАЙҚАДАМОВ, Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы