Атағы аспандағанымен, бағы жанбаған
Атағы аспандағанымен, бағы жанбаған
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
191
оқылды

Спорт еркелікті көтер­мейді. Босаң­сысаң, бос қала­­сың. Талай жыл төккен терің мен еңбегің еш кетеді. Бұған талай саңлақтың басынан кеш­кен шытырман оқиға­лары дәлел. Елімізде бір кездері жасындай жарқ етіп, қайтадан көрінбей кеткен футболшыларды да сол санатқа жатқызуға бола­ды. Біз бүгін елдің алдында жүріп, кейін елеусіз қалған аяқдопшылар жайлы сөз қозғамақпыз.

Виталий ЛИ

Бір кездері «Қайрат» сапын­дағы талантты жас футболшы­лардың санатында болған Виталий Лиді көп жанкүйер әлдеқашан ұмытты. 2010-2014 жылдар ара­лығында (U17, U19, U21) Қазақ­стан жастар құрамасының негізгі ойыншысы болған футболшы 2013 жылы Владимир Вайсстың кезінде алматылық клубтың жейдесінде өнер көрсеткен. Клуб сапында 16 ойын өткізіп, 4 гол соққаннан кейін Ли келесі маусымда «Астана» сапына ауысқан. Алайда елордалық клуб сапында 5 рет алаңға шығып, бірде-бір гол соға алмай, Алматыға кері оралды. Екі жылда 32 ойын өткізгені­мен, шабуылшы ретінде жарытып гол да сала алмады. Ары қарай футболшы «Ертіс», «Атырау», «Ордабасы», «Қыран» командаларында доп тепті. Қазір оның нақты немен айналысып жүргені бізге де беймәлім. Өйткені футболшы «Қыран» сапына 2020 жылы ауысқанымен, жасыл алаң­ға шығып, жақсы ойын өрнегін көрсеткені туралы еш жерден ақ­парат кездестіре алмадық. Жамбыл КӨКЕЕВ Бір кездері еліміздегі мақтаулы аяқдопшылардың бірі осы Жамбыл Көкеев болатын. «Уэмбли» стадионында Англия құрамасы­ның қақпасына гол соғып, әп-сәтте жұлдызы жарқырап шыға келген. «Шахтерде» өткізген тамаша маусымынан кейін «Қай­рат» сапына ауысып, үздіктермен бірге бір командада тер төкті. Кейін клуб басшыларымен ара­қатынасы жақсы болмады ма, жоқ өзінің тәртібі дұрыс болмады ма, Жамбыл алматылық команда сапында алаңға шығуды қойды. Бәлкім, содан шығар, футболшыда құлдырау басталды. «Қайсар» мен «Ақтөбе» клубтарының да  маңызды ойыншысына айнала алмады. Қазір Көкеев клубсыз жүр. Бауыржан ЖОЛШИЕВ Футболдағы алғашқы қада­мын алматылық «Цеснадан» бастаған Бауыржанның футболшы ретіндегі мансабы тәп-тәуір басталған. «Атырауда» 2009 жылы Қазақстан кубогын жеңіп алды. Одан кейін «Тобылда» өзін жақсы қырынан көрсеткен соң «Астана­ға» шақырту алды. Елордалық командада жүріп футболшы ретіндегі ең үздік кезеңдерінің бірін өткізді. Чемиондар лигасында Станимир Стойловпен бірге алысқа шапты. Сол Бауыржанның ойынын әлі күнге дейін сағыныш­пен еске алатындар көп. Оның 2015 жылдағы әрекетін әлі күнге дейін ешкім түсіне алмай әлек. Футболшыға шетелдік клубтар қызығушылық танытқанымен, Жолшиев дұрыс таңдау жасай алмады. Бауыржанның агенті Рустам Раджабовтың сөзіне сенсек, оның Грекия, Норвегия, Португалияда спорттық мансабын жалғастыруға жақсы мүм­кіндіктері болған. Оның айтуынша, Мәскеудің «Динамосы» да ойыншыға жылына 600 мың еуро төлеуге дайын болған. Бірақ футболшы бас тартқан. Ол «Егер Ресей болса, онда 1,5 миллион еуро, ал  клуб Еуропадан болса – бір миллион!» деп өз талабын айтқан. Ол отандық футбол клубтарымен де қаржы жағынан келісе алмай, уақытын текке өткізіп алды. Осылайша, Бауыржан 2015 жылы 25 жасында футболды тастап кетті. 2016 жылы УЕФА кубогы аясындағы «Қайрат» пен «Реал Риети» матчында экс-астаналық ойыншы телеарна тілшілеріне берген сұхбатында футболды сағынғанын, жасыл алаңға қайта оралатынын айтқан. Одан бері 5 жылдан аса уақыт өтті. 2018 жылдың қаңтарында «Астана» клубымен қысқы оқу-жат­тығу жиындарына қатысқа­нын спорт журналистері жарыса жазған. Алайда команда сапына қайтадан қосыла алмады. Кейінгі уақытта «Екібастұзды» жаттық­тыратын бас бапкер Якушиннің де Бауыржан Жолшиевті өз командасына шақыртқаны жайлы ақпараттар тарады. Бірақ шетелдік клубтардың шақыртуынан бас тартқан футболшының, Бірінші лигада доп тебе қоюы неғайбіл. Қуаныш СОВЕТОВ Владимир Вайсстың кезінде доп тепкен қазақ футболшы­ларының ішінде Қуаныш Советов атты талантты футболшы болды. Небәрі 18 жасында алматылық команда сапында дебюттік ойынын өткізді. Әрі қарай футболшы­ның спорттық мансабы Бірінші, Екінші лигалардағы «Алтай», SD Family, «Байқоңыр» клубтарында жалғасты. Біз Қуаныштың өзімен хабарласып, футболшының қазір қайда жүргенін сұрадық. – «Қайраттан» 2015 жылы кеттім. Клуб сапында негізгі құрамнан орын ала алмадым. Алайда дебюттік ойынымды өткіздім. Санаулы матчтарға ғана қатыстым. Айлығым да жақсы болды. Бірден мол қаржыға кенелген соң ба, босаңсып кеттім. Оның үстіне, сол кезде танымал футболшыға айнала бастадым. Соның бәрі әсер еткен болуы керек. Кейін көп өтпей алматылық клубпен қош айтыстым. «Бай­қоңырда» бір маусым доп тептім. Қазір Алматыдамын. Әзірге Бірінші лигадан бірқатар ұсыныс келді. Жақында нақты шешім қабылдаймын. Қайтадан Премьер лигаға оралғым келеді, – дейді футболшы. Рауан САРИЕВ Бразилияға барғандардың ара­сында аты көп аталған, тіпті сол жақтың клубтарынан шақырту алған Рауан Сариевтің де спорттағы жолы жарқын болмады. Рауан 2013 жылы бразилия­лық «Атлетико Минейродан» алматылық «Қайрат» сапына ауысқан. Бірақ жарытып ойнай алмаған соң Владимир Вайсс футболшыны қосалқы құрамға жіберді. Алматыда жолы болмаған Сариев 2015 жылғы маусымды Талдықорғанның «Жетісу» командасымен бастады. Туған же­рін­де де жарытып ойнамады. Ке­йін «Ордабасы» клубына ауысты. Содан кейін Рауанды жан­күйерлер жоғалтып алды. Қазір тіпті қайда жүргенін ешкім білмейді. Әйтеуір, кәсіби түрде футбол ойнап жүрмегені белгілі. Қазақстандық балаларды Бразилияда жаттықтырып, кейіннен Астанада құрылған «Бәйтерек» клубында бас бапкер қызметін атқарған Тиаго Козлоски kazfootball.kz сайтына берген сұхбатында Рауанның Қазақстан футболындағы көшбасшы ойыншылардың біріне айналуға мүмкіндігі бар болғанын, бірақ ол басқа жолды таңдағанын айтты. – Рауан, өзім тәлім берген қазақстандық жеткіншектердің арасындағы ең үздігі болды. Бразилияда доп тебуге мүмкіндік алды. Мергендік қабілетінің арқасында көптеген маманның көзіне түсті. 3 жылдық оқу мерзімі аяқталған соң Рауан Бразилиядағы үздік клубтардың бірі «Атлетико Минейроның» қаралымында жүрді. Сол уақытта Диего Тарделли, Даниэль Карвальо, Рональдиньо секілді футбол жұлдыздары осы команда сапында ойнайтын. Біздің академияға 2-3 күннен кейін қоңырау шалып, Рауанды клубты қалдыратындарын, бірақ 18 жасқа толмағандықтан, толық келісімшарт жасай алмайтындарын айтты. Сол уақытта Рауан визасын созу үшін Қазақстанға кеткен. Бірақ қайтып оралмады. Әйтпесе, оны бразилиялық клуб басшылығы күткен еді. Сол кезде Бразилиядағы клубқа берген жауабында Қазақстанда ең үздік клуб оған өте тиімді келісімшарт ұсынғанын алға тартқан. Менің­ше, ол сол Қазақстанда ұсынған ақшаның буынан шыға алмай қалды. Рауан, өкінішке қарай оған дайын болмады. Жас футбол­шының ересектер арасына қосыл­ған кезде өзін жоғалтып алатыны футболда жиі кездесетін жағдай, – дейді Тиаго Козлоски. Ал «Астана» футбол клубы бас бапкерінің көмекшісі Нүркен Мазбаев спортта мінез үлкен рөл атқаратынын айтады. Ол бола­шағы­нан зор үміт күттіретін футболшылардың бірқатары сол мінездің жоқтығынан өздерін жоғалтып алатынын жеткізді. – Кейбір жеткіншектерді жастайынан ерте мақтап қояды, төбеге көтеріп жібереді. Олардың көпшілігі сол мақтауды көтере алмай, босаңсып кетеді. Ал біреулерге мақтау керісінше үлкен мотивация сыйлайды. Мақтауды да, сынды да дұрыс қабылдап, ары қарай жетілдіруін, өзін дамытуын тоқтатпайтын ойыншылар ғана жетістікке жетеді. Көп нәрсе спортшының тәртібіне де байланысты болады. Кейбір футболшылар жарақатына байланысты біраз уақыт футболдан қол үзіп, қайта бабына келу үшін уақыт жоғалтып алады. Солардың бірі – Ұлан Қонысбаев. Қандай талантты футболшы. Қазір қайта бабына келу үшін жұмыс істеп жүр.  Жалпы жарақат кез келген спортшы­ның спорттық мансабына кедергі келтіреді. Сосын кей футболшылар бар, өзінің клубын таба алмай, біраз жүріп қалатын. Енді біреуі легионерлердің тасасында қалып қояды. Жас кезінде, ойнайтын шағында шеберлігін шыңдай алмай, шетте қалған жастар да көп. Қосалқы құрамда отырып оңай жалақысын алғанға үйреніп қалады. Өзін дамытқысы келмейді. Қатардағы футболшы ретінде жүре береді. Ол оны ешқашан жақсылыққа жетелемейді, – дейді Нүркен Мазбаев. Иә, біз сөз еткен футболшы­лардың әрқайсысының спорттағы тағдыры әрқилы. Бірі мол қаржы­ның соңына түсемін деп клубсыз қалса, енді бірі жарақатының кесірінен қатардан шығып, қайта бабына келе алмай жүр. Ал басқалары өзге де себептермен спорттық мансабын құлдыратып алды. Жанкүйерлер олардың ойынын енді тек сағынышпен еске алады.

Абылайхан ЖҰМАШ