Алтын әшекейдің 90 пайызы – шетелдік өнім
Алтын әшекейдің 90 пайызы –  шетелдік өнім
390
оқылды

Республика аумағында сатылатын алтын бұйымдар­дың 90%-ы шетелден заңсыз тасы­малданған. Өйткені мемлекет табысын жасыратын контрабандашылармен емес, керісінше заңды түрде са­лығын төлеп отырған саудагерлерге қарсы күресті күшейткен. Соның салдарынан отан­дық зергерлердің жағдайы қиындап кеткен.

Импорттың көлемі тым үлкен

Ресми ақпарат бойынша, 2017-2018 жылдары Қазақстанға 81,5 млн доллардың зергерлік бұ­йым­дары әкелінген. Ал Түрік зергерлік бұйымдар импорттаушылары қауымдастығының дерегінше, ел ішінде тек бір ғана 2017 жылы құны 267 млн доллар түрік алтын бұйымдары сатылған. Сондай-ақ ресми есепте 2018 жылы Түркиядан Қазақстанға 380 мың доллардың алтын бұйымдары экспортталған десе, аталған қауымдастық экс­портталған тауардың құны 40 млн доллардан асып жығылады деп мәлімдеген. Яғни, бұл жылдары тек түрік ағайындармен арадағы сау­дасы айналымы 100 есе төмен­детіліп көрсетілген. Басқасы – басқа, сарапшылар­дың айтуынша, көрші Қырғыз Республикасынан келетін алтын бұйымдардың өзі Қазақстанда өндірілетін өнімнен он есе көп көрінеді. Ал Ресейдің алтын бұ­йымдар экспортының 48%-ы Қа­зақстан арқылы өтеді. Қазір қазақ нарығына Беларусь пен Армения да өңмендеп еніп барады. «Көлеңкелі нарықтың артуы­мен бірге контрафактілік зергерлік бұйымдар айналымы көбейді. Жа­сырын цехтар айына 1 тоннаға жуық алтын бұйым жасап, оларға Ресейдің және басқа өндіру­ші­лердің таңбасын жапсырады. Шын мәнінде, сатылымға шығарылған зергерлік бұйымдардың тек 1-2 %-ы ғана заңды түрде өндіріледі, – дейді Зергерлер лигасы жетекшісі Қайсар Жұмағалиев. Оның айтуынша, тек бір ғана Алматының өзінде 10-ға тарта жасырын зергерлік цех бар, ал Шымкентте олардың саны 20-дан асып кеткен. Республикада 10 мың­ға тарта адам алтын бұйым­дарды сатумен және өндірумен айналысады. Сөйте тұра, эконо­микалық қызмет түрлерінің жік­телуі бойынша, республикада зер­герлік бұйымдарды сатушы немесе өндіруші ретінде тек 280 адам ғана тіркелген. Көлеңкелі нарықтың ауқымы қаншалықты үлкен екенін нақты саудаға шығарылатын алтын бұ­йымдар көлемінен білуге болады. Мәселен, еліміздегі ірі үш қала – Алматы, Нұр-Сұлтан және Шым­кентте зергерлік бұйымдар сататын үш мыңнан астам нүкте бар. Са­рапшылардың бағалауынша, олар­да ай сайын жалпы сомасы 300 млрд теңге болатын 780 келі алтын сау­даланады. Бір айта кететіні, экономи­каның бұл секторынан бюджетке түсетін салық сағат және түрлі әшекеймен бірге есептеледі. Осы көлемді қосып есептегеннің өзінде 2019 жылы бюджетке бұл сектордан салық ретінде 3,1 млрд теңге жи­налған, ол нақты саты­лым­ның тек 1%-ы ғана. Яғни, алтын бұ­йым­дар нарығының 99% саты­лымы қазы­надан тыс кетіп жатыр. Бұл фактілер Қазақстанда қымбат металдар мен бағалы тас­тар нарығында бақылау жоғын көр­сетеді. Көлеңкелі нарық мем­лекетті мол табыстан қағып отыр­ғаны өз алдына, ол бірінші кезекте заңды жұмыс істеп жатқан зер­гер­лік кә­сіпорындарға көп қиын­­дық туды­рады. Мұндай қысымға шы­да­маған зергерлердің көпшілігі кейін өздері көлеңкелі айналымға кетіп қалып жататын жайттар аз емес.

Қосымша құн салығы қолбайлау болды

Зергерлерді көлеңкелі нарық­қа итермелейтін себептердің тағы бірі – 2018 жылдан бастап тазар­тыл­ған алтынды сатып алуға мем­лекеттің қосымша құн салығын белгілеуінде. Бұл қадам о баста са­лық салынатын базаны ұлғайта­ды деп ойластырылған, бірақ ол керісінше әсер берді. Бұдан бағалы металдың заңды айналымы көбею­дің орнына қайта күрт қысқарып кетті, оларды көлеңкелі саудаға кетуге мәжбүр етті. Мысалы, зер­герлер 2017 жылы «Тау Кен Алтын» ЖШС-нан 30 келі алтын сатып алса, 2020 оның көлемі 12,5 келіге дейін төмендеген. Пандемия жағдайында көпші­лік зергерлер жұмысын тоқтатты. Қазір отандық зергерлік нарықтың жағдайы мәз емес. «Отандық зергерлер үшін тіпті жеңілдіктер берудің де керегі жоқ, Үкімет тек біздің жұмысқа кедергі келтіретін, содан жосықсыз бәсе­келестік тудыратын контрабан­да­лық тауарды шектесе болды. Өйт­кені заңды жұмыс істейтін зер­гер­лер мемлекеттік салықтың бә­рін тө­леп отырғанда, көлеңкелі нарыққа қатысушылар оның бірін де төле­мейді», – дейді Қайсар Жұмағалиев. Оның айтуынша, зергерлік өн­діріс дамыған барлық мемлекет­те сом алтынға ҚҚС салынбай­ды. Салық тек бұйымдар өндірісіне және сатылымына ғана салынады. Мысалы, өз жерінде бағалы ме­тал­дар кен орындары жоқ Түркия ал­тын бұйымдарын сату бойынша әлем­де 2-орынға көтерілген. Бұл ел 2018 жылы құны 4,5 млрд доллар бо­латын алтын бұйымдарды экс­порт­таған. Сондай-ақ Өзбекстанда да алтынды металл ретінде сатып алушыларға ҚҚС салынбайды. Ал Қазақстанда оған салық салынуы біздің елді осы салада басқа мем­лекеттермен бәсекеге түсуге қабі­летсіз еткен.

Ортақ сынама орталығы керек

Оның үстіне, республикада зер­­герлік бұйымдарды сататын кәсіп­керлердің жеке статистикасы жүргізілмейді. Зергерлер лигасы бұған дейін әлденеше рет өздерін басқа бағалы металдар мен тас­тарды, оның ішінде сағат пен түрлі әшекейді сатушылардан бөліп қа­растыру керегін айтып келеді. Бірақ әлі күнге дейін бұл мәселе де оң шешімін тапқан жоқ. «ТМД аумағында Қазақ­стан­нан басқа мемлекеттердің бәрінде бірыңғай Сынама палатасы жұ­мыс істейді. Олар нарықтағы өнім­дер­дің сапасына бақылау жа­сап оты­рады. Ал біздегідей ал­тын өнім­дерін өндіруші барлық ұйым­ға өз бұйымдарын таңба­лауға рұқсат берілуі, таңбаның нақты алтынның сапасына сәйкес келе бермеуіне де ұрындыруы мүм­кін. Сөйтіп, сіздің 585 сұрып­ты деп алған алтын жүзі­гіңіздің сапасы шын мәнінде одан төмен болып шығуы ғажап емес. Сон­дықтан республикада бағалы металдар мен тастардың сынама­сын бақылай­тын бірыңғай ортақ орган болуы тиіс», – дейді «Ұлттық экспертиза және серти­фи­кация орталығы» АҚ-ның филиалы «Сы­намалық Палата» АҚ зертхана­сының бас­тығы Наталья Кузьмина.

Р.S. Қазақстанда 2021 жыл­­ғы 1 қазандағы жағдай бойынша жи­нақталған алтынның көлемі – 392,7 тонна. Яғни, Дүниежүзі­лік ке­ңестің деректеріне сәйкес, елі­міз ба­ғалы металл қоры жөнінде 13-орын­­ды иеленген. Жалпы, алтын қоры бойынша көш басында АҚШ тұр – 8,1 мың тонна, одан кейін Гер­мания – 3,3 мың тонна және Ита­лия 2,4 мың тонна алады. Ре­сей­дің қорларында 2,3 мың тонна, Қытайда 1,9 мың тонна алтын қор­да­ланған. Ұлттық банктің сайтында 1 грамм бағалы металл 24,2 мың теңгеге бағаланады.

Дәулет АСАУ