Ұмыт болған ұрыс
Ұмыт болған ұрыс
626
оқылды

1969 жылы 13 тамызда Семей облысына (қазіргі Шығыс Қазақстан) қа­рай­тын «Жалаңашкөл» заставасында КСРО мен Қытай  шекарашылары арасында қару­лы қақтығыс болғаны белгілі. Қазақ жерінің шығысында, Жоңғар қақпасы аумағын­дағы оқиға көп жыл құпия болып келді. Сол жылдардың куәгері болған жандар не дейді? Оқиға қалай басталып еді?

Даудың басы...

Жалаңашкөл оқиғасына тоқ­тал­мас бұрын дәл сол жылы 2-15 нау­­­рыз аралығында КСРО-ның Қиыр Шығысындағы, Ус­сури өзе­нінің бойын­дағы Да­ман аралын­да­ғы (қытайша Чжэ­нь­бао, мағы­насы – құт мекен, бұл арал 1991 жы­лы рес­ми түр­де Қы­тай­ға беріл­ді) Қы­тай мен КСРО әс­керилері ара­­сын­дағы жан алып, жан беріс­кен ай­қасты айт­пас­қа болмайды. Дерек­терде шай­қас кезінде КСРО тара­пынан 94 адамның жарала­нып, 58 жауын­гердің қа­за тапқаны, қарсы тарап­­тан 300-ге жуық әс­кер­дің (бір мәліметтерде 800) ажал құш­қа­ны, жалпы, бұл Ре­сей мен Қы­тай­­дың қазіргі заманғы тари­хын­­да­­ғы ең ау­қымды қарулы қақ­ты­­ғыс бол­­ға­ны жазылады. Енді Дамандағы жағдайдан кейін арада небәрі 5 ай өткенде шекарада қайта тұтан­ған Жалаңашкөл оқиғасына (қытайлар мұны Теректі оқиғасы деп атайды) орала­йық. Ғаламтордағы ашық ақпарат көз­дерінде (орыс және қазақ тілдеріндегі) екі ел шекарашылары арасындағы жанжал 13 тамызда болғанымен, Қытай шекарашылары 12 тамызда «Жалаңашкөл» мен «Родниковая» әскери заставаларына жақын аймаққа топтастырылып, сол күні түнгі сағат 3-4-тер шамасында КСРО-ның шекарасын кесіп өтіп, сол маңға окоп қаза бастағаны айтылады. Ал 13 тамызда таңғы сағат 7-лер кезінде 9 және 6 адамнан, яғни екі топ­тан тұратын Қытай шекарашылары «Жалаңашкөл» заставасы тұсынан КСРО шекарасын бұзып, 400 метрдей жерге ішкерілей енеді. Бұл уақытта шекара сызы­ғын­да қытайдың 100-ге жуық солдаты сап түзеп тұрады. Осы кезде сол жақтағы «Теректі» постының тұсынан тағы да 12 қытай солдаты шекараны кесіп өтіп, «Тасты» шоқысын бетке алады. Кеңес шекарашылары әуелі қарсы тарапқа өз аумақ­тарына оралу жөнінде ескерту айтқанымен, олар мұны елемей, жауап ретінде автоматтан оқ жаудырады. Осылайша, сағат 7.50-де қиян-кескі ұрыс басталып, сағат 9-ға дейін жалғасып (кейбір деректерде күні бойы шайқас жүрген делінеді), подполковник Никитенко, кіші лейтенант Пучков, Говор, Теребенков, Ольшевский жетекшілік жасаған шекарашылар «Тасты», «Оң қақпа», «Сол қақпа» шоқыларына бекініп ал­ған қытай жауынгерлерін 3 БТР-дің көме­гімен ығыстырып шығарады. КСРО жағынан 10 адам жараланып, екі жауынгер (В.Рязанов пен М.Дулепов) қаза табады. Қытай тарабынан 19 адам опат болып, үшеуі тұтқынға түсіп, оның екеуі Үшарал қаласына апара жатқанда алған жарақаттан көз жұмады. Айқас алаңынан 4 ТТ тапаншасы, 9 СКС карабині, 4 РПД пулеметі, 4 танкіге қарсы граната, 27 қол гранатасы, 6 снаряд, радиостанса, 2 кинокамера мен 1 фотоаппарат табылады. Ал Қытай тарабы бұл оқиға­ларда КСРО-ны кінәлі деп санағаны белгілі. Бұған сәл кейінірек тоқталамыз. Тарихтан мәлім, ХХ ғасырдың 60-70 жылдарында КСРО мен Қытай мемлекет­терінің арасындағы қарым-қатынас әбден ушығып, екі алып империяның көсемдері Никита Хрущев пен Мао Цзедун жаға жыртысардай жағдайға жеткен еді. Тарихшылар екі тату елдің аяқ астынан алатайдай бүлініп, бір-бірін көрместей жауласуына Хрущевтің билікке келе салып, Сталин­нің жеке басқа табынуын сынға алуы негізгі себептердің бірі болғанын айтады. Осы жәйт Мао Цзедунның көңілін нілдей бұзып, 1960 жылдардан бастап «ана жер біздікі, мына жер біздікі» деп территория­лық талаптарын КСРО-ға ашық түрде қой­­ғаны белгілі. Даман мен Жалаңаш­көлдегі қарулы қақтығыстың да басты себебі жер дауы екені айтпаса да түсінікті шығар.

Ұшақ ұстаған қазақ

Бір қызығы, екі оқиға да бір жылы бол­ғанымен, екеуі де КСРО-ның айқын жеңісі­мен аяқталғанымен, зерттелуі, баға берілуі басқаша. Даман оқиғасы жан-жақты зерттелген, қаншама мақала, қан­шама кітап жазылған, фильмдер де түсіріл­ген. Ал Жалаңашкөл оқиғасы туралы фильмді былай қойғанда, арнайы жазылған кітаптар да жоқтың қасы. Бұған осы тақы­рыпта мақала жазу барысында көз жеткіздік. Дегенмен жергілікті тарихшылар мен Қытайдың қазақ аудандарында туып-өсіп, кейін Атажұртқа оралған зиялы қауым өкілдерімен пікірлескенде қазақ дала­сы сол уақытта үлкен бір қауіп-қатер­ден аман қалғанын аңғарғандай болдық. 1963 жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесі­не қарасты Текес ауданында дүниеге кел­ген, 1993 жылы елге оралған қытайтану­шы ғалым, аудармашы Дүкен Мәсімхан бұл тақырып Қазақстандағыдай Қытайда да жабық тақырып болғанын айтады. «Қытай­да көзімізді ашып көргеннен естіген әңгі­ме­міз: «Кеңес одағы басып кіруі мүмкін. Шекаралас аудандарға қауіп төнуде». Мао өлгенге дейін Қытайдың шекаралық аудандарында осындай үгіт-насихат жүргізіл­ді. Оның «Астықты мол жинап, окопты терең қазыңдар. Соғысқа дайындалайық» деген ұраны болды. Сөйтіп, ауыл-ауылдың бәрі бір-біріне қатынап, жаудан қашып құтылу үшін үйлерінің астынан окоп қазғаны бар. Маоның ас­тықты жеп қояды деп торғайларды, астық­ты ұрлайды деп тышқандарды өлтіртетіні осы кез. Біз балалар, қарапайым халық шынымен де, Кеңес Одағы басып кіре ме деп қорықтық. Мұнда келсек (Қазақстанға), шындық мүлде басқаша. Керісінше, Қытай әр-әр жерден Кеңес Одағының шекарасына басқыншылық жасаған екен» дейді Дүкен Мәсімхан. 1962 жылы Қытайдың Шыңжаң айма­ғының Алтай ауданында туған, 1993 жылы Қазақстанға көшіп келген ғалым, тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зе­кен­ұлы Жалаңашкөл оқиғасына байланысты Қытайда бір генералдың қызметтен алынғанын естігенін жеткізді. «Оны Қытай әскерлерінің қаза табуына байланысты жұмыстан алып тастады деп естідік. Шекарадағы шиеленіс 1979 жылға дейін жалғасты ғой. Қазақстан мен Қытай шекарасына қалың әскер шоғырландырылды. Сол кезден қалған танкілерді Зайсан ауданы аумағынан әлі күнге дейін кездестіруге болады. Мына бір оқиға  есімде, 1974 жылы наурыз айында Кеңес Одағының бір әскери ұшағы адасып, Қытай шекарасы аумағындағы Қаба ауданының жеріне қонды. Соны шекарадағы қазақтың бір мал­шысы ұстап алып, қайыс арқанмен шалма тастап, әрине символды түрде болса керек, терекке байлап қойыпты. Қытай билігі оны отаншыл деп мақтап, Пекинге дейін апарыпты. Суретін шығарып, мектептерге таратты. «Ұшақ ұстаған қазақ» деп бәріміз бұған таңғалғанбыз. Кейін ол ұшқышты Пекин арқылы қайтарды деп естідім» дейді тарихшы. ұрыс 1967 жылы Қытайдың Алтай аймағында өмірге келіп, 1997 жылы атамекенге орал­ған қазақ жазушысы Жәди Шәкенұлының пайымынша, Жалаңашкөл оқиғасын Шығыс Түркістанмен байланыстыра қарау керек. Себебі бұл жерде КСРО басқыншы рөлін атқарған. «Біз айтып жүргендей, Жалаңашкөл екі ел арасындағы тосыннан болған оқиға емес. Саяси астары бар, әлі толық әшкереленбеген оқиға. Қытай шабуылдады деген желеуді тудырған да, шабуылды жасаған да – КСРО. КСРО Шың­жаң­ды Қытайдан бөліп алу әрекетін әуелі 1969 жылы Жалаңашкөлде бастаған. Сәтсіз аяқталған соң 1979 жылы қайта бастаған. Бұ­ған дәлел, сол жылдары КСРО Шыңжаң­мен көршілес аймақтарға әскерлерін апарды. Моңғолия жақтан, Шығыс Қазақ­стан облысының Зайсан ауданындағы Майқапшағай өткелі арқылы Қытайға кір­мекші болған секілді. Мұны кейін Зай­сан­ға келгенде сондағы туған-туыстардан естідім. «Сендер 78-79 жылдары бізге шабуыл­дамақшы болдыңдар ма? Не болды өзі?» деп сұраймын ғой. «Сол кездері шекараға жақын ауылдарға түнде ешкім далаға шықпасын деген бұйрық берілді. Үлкен трассамен ауыр-ауыр зеңбіректер, танкілер дүңкілдетіп өтіп жатты. Шекарада әскер қаптады. Шекара маңы жерасты жолы екен. Жер астын қазып, тұмсығын шығарып, зеңбіректерді Қытайға қаратып құрды» деген еді туыстар. Қытайға қарата құрылған зеңбіректерді кейін Зайсанға барғанда өзім де көрдім. Ал біз Шыңжаңда тұрғанда шекарадағы осындай жағдайларды естіген қытай қарттары: «Қазақтар сендерге тиіспейді, келсе, бізді өлтіреді» деп ішкі Қытайға қарай қашты. Әкем көшкендердің жиһаздарын, мүліктерін сұрап алып қап, арбаға басып әкелгені есімде. 1969 жылы Даман, Жалаңашкөл оқиғаларымен қатар Қытайда шағын ұлттар арасында Шығыс Түркістан төңкерістік халықтық партиясы құрылып, оның белсенді мүшелері ұста­лып, Қызырбек Оралов деген ақын баста­ған көптеген адамдар атылды. Жәркен Бөдеш, Әлімғазы Дәулетқан, Айтан Нүсіп­хан секілді зиялы адамдардың Қытай асып қашып келуі іркес-тіркес оқиғалар. Бұлар бір-бірімен байланысты», – дейді жазушы. Жергілікті тарихшы, Семейдегі Шәкә­рім атындағы университеттің  профессоры Мұхтарбек Кәрімов Жалаңашкөл оқиғасы қарсаңында Шығыс Қазақстанның ше­кара­лық аймақтарында жағдай өте күрделі болғанын, елдің алаңдаулы күй кешкенін жасырмайды. «Ол кезде Ақсуат ауданы Қызылкесік ауылындағы Киров атындағы (қазіргі Би Боранбай) мектептің 9-сынып оқушысы едім. 1969 жылдың сәуір әлде мамыр айы, әйтеуір, қар кетіп, күн жылын­ған кез. Шекараға қарай әскерлер өте бастады. Кейін жылдам ұшатын әскери ұшақ­тар өтетін болды. Мамыр айының 10-ынан ары қарай Ақсуаттың шекараға жа­қын ауылдарына әскери посттар қойыл­ды. Сөйтсек, шекарада үлкен жаттығу жасалмақ, бұл соған дайындық екен. Бір күні жер-көкті әскер басып кетті. «Танкілер мен үлкен техникалар­дың шынжыр табанынан тастар үгітіліп, біршама жолдар тегістеліп қалды» деуші еді қариялар. Сол кезде Мәскеуде парадта ғана көрсететін ракеталардың шынжыр табанды көліктерге тиеліп, үсті жабылған қалпы өтіп жатқанын көрдік. Әскерлер негізінен қазақ жігіттері болды. Кейін естідім, сол уақытта қақтығыс болған жағдайда негізгі күш келгенше алғашқы уақытта ұстап тұратын күш ретінде Аягөз, Шұбартау, тағы басқа аудандар­дың әскерде болған азаматтарын мобилизациялап, уақытша шекараға шақырған екен. Меніңше, бұл КСРО-ның Қытайға көр­сеткен сесі болса керек», – дейді тарихшы.

Әбіш Кекілбаев қызмет еткен әскери застава

Жоғарыда сөздерін келтірген Қытайдан атамекеніне оралған үш азамат та телефон арқылы әңгімелескенде «Жалаңашкөл оқиғасы кезінде КСРО отты қару қолда­нып, қытай әскерлерін жағып жіберген» деген сөзді талай жерде естігендерін айтты. Дүкен Мәсімхан мұны Қазақстанға келген соң тарихшылар аузынан естігенін, Жәди Шәкенұлы Шымкент жақта жарық көретін бір газеттегі жауынгердің естелігінен оқығанын жеткізді. «Кеңес Одағы лазерь нұрын тұңғыш рет КСРО мен Қытай шекара­сындағы жанжал кезінде сынақ ретінде қолданып, қытай жағын жандырып жіберген дейді. Ал арғы беттегі ағайындар: «1969 жылы аса бір қатты жарқыл, дауыс шықты. Содан кейбір кісілердің көзі дұрыс көрмей қалған жағдайлар болды» деп отыратын», – дейді жазушы. Жалаңашкөл оқиғасына қатысты деректерде лазерь нұры секілді жойқын қару түрі қолданылмағаны айтылады. Ал Даман оқиғасы кезінде Қиыр Шығыс әскери округі­нің қолбасшысы Лосик КОКП Ор­талық комитеті саяси бюросының қау­лысын бұзып, «Град» (БМ-21) реактивті зымыранын қолданғаны мәлім. Ендеше, 1969 жылы құпия қару саналған зымыранды Кеңес әскерлері Жалаңашкөлде қол­дан­бағанына кім кепіл?! Мұны біреу білер, біреу білмес, Жалаңаш­көл оқиғасына қазақтың көрнекті жазушысы, мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаев та қатысқан. Қаламгер замандас­тарының айтуынша, оны Жалаңашкөлге өз еркімен жібермеген, айыбын өтесін деп жіберген секілді. Жазушы саналы өмірінің осы бір кезі туралы қазақ тілінде берген сұхбаттарының бірде-біреуінде ашып айтпаған. Тек орыс тілінде берген шағын сұхбатында қысқаша тоқталған. Үзіндіні сол қалпында ұсынып отырмыз. «Начинал как критик в годы хрущевской «оттепели». Юношеский максимализм моих статей не всем было по душе. Попал даже в доклад на пленуме ЦК, еще находясь на студенческой скамье. Передовицей ведущей газеты был квалифицирован как «будущий Синявский» Закончился тем, что я вдруг очутился в Жаланашколських окопах в годы конфликта с Китаем. И после этого долго пришлось искать хлеб на стороне, осваивал азы профессий, далеких от литературы («Нетрадиционный портрет», 337 бет, Әбіш Кекілбайұлы шығармаларының жиырма томдық толық жинағы, 11 том). Әбіш Кекілбаев Жалаңашкөлде жүр­ген­де «Литературная газетаның» Қазақ­стан­дағы меншікті тілшісі болып жұмыс істейтін досы Әкім Тарази арнайы барып қайтқан екен. «Әбіш Жоңғар қақпасын күзетеді екен. Водкин деген капитан қарсы алды. Өзі туралы жазады деп ойлап қалса керек. Кейін сол сапар туралы жазғанда оны да қостым. Әбіш: «Сенің сол келіп-кеткенің жақсы болды. Содан кейін маған офицерлер дұрыс қарайтын болды» деп күлгені есімде. Шіркін, уақыт!..» деп жазғаны бар жазушы­ның естеліктерінің бірінде.

ТҮЙІН:

Біз бұл мақалада Жалаңашкөл оқиғасы куә­герлерінің сөзін келтірмедік. Себебі олар­дың көпшілігінің сөзі орыс тіліндегі уики­педия­дағы деректерді қайталайды. Сон­дықтан қанды оқиғаға КСРО-ның шекарашылары көзі­мен ғана қарамай, Қытайдың қазақ аудандарында дүниеге келген, ар жақтың да, бер жақтың да тарихынан біршама хабардар зиялы азаматтардың және жергілікті тарих­шылардың пікірлерін беруді құп көр­дік.

1969 жылы КСРО әскерлері жан алып, жан беріскен Даман аралы 1991 жылы ресми түрде Қытайға берілді. Осы жылы Жалаңаш­көл оқиғасы кезінде талас тудырған жер 1999 жылы қараша айында Елбасымыздың Бейжіңге сапары кезінде Қазақстан–Қытай шекара мәселелерінің толық реттелуі туралы коммюнике аясында Қытайға берілгені де белгілі. Осылайша, ғасырлар бойы шешілмей келген Қазақ­стан–Қытай арасындағы 1748 шақырым шекара ресми түрде заңдас­тырылған болатын.

Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы Суреттер: Олег Галицкихтың жеке мұрағатынан