Сот процесін жазуға тыйым салмақ. Неге?

Сот процесін жазуға тыйым салмақ. Неге?

Өткен аптада Мәжіліс депутаты Нұрлыбек Ожаев БАҚ пен блогерлер­ге сот процестері туралы жазуға тыйым салуды ұсынды. Халық қалау­лы­сының ұсынысы қолдау табуы мүмкін бе? Маңызды тақырыпты тал­қылауға ұсынуға не себеп болды? Тыйым салу туралы өзгеріс жайында БАҚ өкілдері мен заңгерлер қандай пікірде?

Депутат Нұрлыбек Ожаев ақпарат құралдарына сот процестері туралы жазуға тыйым салуды «Сот жүйесі және судьялар­дың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талқылаған жиында жеткізген еді. Оның сөзіне қарағанда, бұл ұсыныс кеше ғана айтыла салған құрғақ сөз емес. Бұл түзету Мәжілісте талқыланып жатқан «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі» туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасында көрсетілген. Бірақ бұл ұсыныс кері қайтарылыпты. Алайда депутат өз айтқанынан қайтар емес. Яғни, бастама авторы бұл ұсынысты ішінара өзгертіп, қайта қарастыруды жоспарлап отыр. Депутат Нұрлыбек Ожаев тараптар­дың бірі қоғамда теріс пікір қалыптастырып, сотқа қысым жасау үшін дұрыс емес ақпаратты таратуы мүмкін екенін айтады. Сол үшін ақпарат құралдарына сот процестері туралы жазуға тыйым салу керек. «Ұсынысты қайтып алдым. Басқаша өзгер­тіп, жұмыс тобының алдағы отырыстарында қайта ұсынамын. Әлі талқылаймыз. Оның журналистерге қатысы жоқ. Журналистерге ешқандай өкпе-реніш жоқ, олар сот процестерінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Бізде БАҚ туралы заң бар, Конституция бар, бәрі реттеледі. Менің айтайын дегенім, қазір кез келген азамат заңгер болмаса да, сот процестерінің байыбына бармай жатып, әлеуметтік желілерде талқылайды, өзінше баға береді. Әлеуметтік желілерде беделді адамдар жазады, содан кейін қоғамда сот ісіне басқаша көзқарас туындайды»,  – деді ол. Тоқетері, түзетуде сот өндірісіндегі және заңды күшіне енбеген істер туралы деректерді әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құрал­дарында жариялауға ешкімнің құқы­ғы жоқ екені айтылған. Осы тармақты бұзғаны және сот қызметіне өзге де араласқаны үшін жауаптылық керек.

БАҚ өкілдерінен бұрын баспасөз хатшыларын қайтеміз?

Бұған дейін онлайн арқылы заң жобасын талқылауға қатысқан адвокат Гүлнар Сүлейменова жобаны талқылау кезінде пікір айтуға мүмкіндігі шектелгенін желіде жариялаған еді. Құқық қорғаушы ақпарат құралдарында сот процестері туралы материалдарды жариялауға тыйым салу дискриминация екенін жеткізген. «БАҚ өкілдерінің сот үкімі шықпаған істердің қоғамдық пікір талқысына ұшырауына назар аударғанына таңым бар. Олай болса, ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде сот шешімі шықпаған істердегі маңызды ақпараттар мен заңды күшіне енбеген шешімдерді соттың баспасөз хатшылары өздері тарататынын неге білмеген? Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталмаған қыл­мыс­­тық іс материалдарынан мәліметтерді қамтитын қылмыстық қудалау органдары­ның жарияланымдарын қалай бағалауға болады?» – дейді Гүлнар Сүлейменова. Адвокаттың айтқан сөзінің жаны бар. Өйт­кені қазір азаматтық қоғаммен ашық бай­ла­ныс­қа шығу үшін ашылған құқық қорғау қызметкерлерінің жеке парақшаларында да күдіктілердің бет-жүзін көрсетіп, үкім шықпаған адамдар жарияланады.

Жария талқылауға журналистер шақырылмапты

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоры­ның президенті Тамара Қалеева депу­тат­тардың жаппай тыйым салу ұсыныс­тарына таңданысын білдірді. «Біреуі әлеуметтік медианы бұғаттауды ұсынады, екіншісі кейбір субъективті жария­ланым­дарға байланысты барлық сот процестерін жариялауға тыйым салуды талап етеді» деген ол заңға қайшы ұсыныс қолдау тауып кетпеу үшін жақын күндері Нұр-Сұлтанда ҮЕҰ мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қатысуымен үлкен конференция ұйымдастырылатыны туралы жария етті. «Сол жерде бұл заң жобасының қо­ғам­нан құпия түрде талқыланып жатқа­ны­ның себебін сұрап-білетін боламыз.  Біз жұмыс тобына, қоғамдық талқылауға қатысуға тырыстық. Заң жобасының басынан бастап серіктес ретінде бірге жұмыс істеуді ұсындық. Бізге «күте тұрыңыз, жақында жобаны талқылау үшін жариялаймыз» деп жауап беріп еді. Ал өздері журналистерді талқылауға шақырмай-ақ, ұсыныс жасап жатыр», – дейді Тамара Қалеева. Заңгер Мейірман Шекеев өзі секілді біраз әріптесі де бұл заң жобасына қарсы екенін жеткізді. Айтуынша, халық қалау­лы­сының құлаққа қонымсыз ұсынысын қабылдау қисынсыз. «Демократиялы, зайырлы елде сот процесіне журналистерді қатыстырмау – сотты жабық түрде өткізумен пара пар», – дейді ол.

Сот ашықтығы – уақыт талабы

Ал Алматы қаласы адвокаттар алқа­сының адвокаты Мұратқожа Амитов бұл ұсынысты депутат қалай түсіндіргісі келсе де, Конституцияға қайшы келетінін жеткізді. Судьялар сот төрелігін ұйымдастыру кезінде заңға ғана бағынып, тәуелсіз шешім шығаратыны Конституцияның өзінде көрсетілген. «Судья сот шешімін шығарған кезде ешкімге тәуелді болмау керек. Ол сот шешімін заң талаптарына сай, істің мән-жайына және істе көрсетіл­ген дәлелдемелерге сүйене отырып шығарады. Демек, БАҚ бетіне шығып, әлеуметтік желіде айтылған пікірлер іс материалында қаралмайды. Сондай-ақ сот ісін талқылауға тыйым салу да заңға қайшы. Себебі заңға сәйкес кез келген адам өз ой-пікірін білдіруге құқылы. Егер бұл ұсыныс қабылданып кететін болса, сот төрелігінің жылдар бойы жинаған абыройын шашқанмен бірдей. Сот ашықтығы – уақыт талабы», – деп есептейді Мұрат­қожа Шарапханұлы. Өйткені қазір сот шешіміне көңілі толмаған азаматтар да әлеуметтік желі арқылы өздерінің ой-пікірлерін айтып, заңсыздықты тексеруін сұрап жатады. Қазақстандықтар Конституция берген құқықтарын пайдаланып отыр. Ал ұсыныс қабылданып кетер болса, бұл БАҚ өкілдері ғана емес, азаматтардың да заңды құқығына қол сұққан болады. Президентіміз Жоғары Сот төрағасынан сот ашық болуын талап етіп жатыр. Бұл сотқа деген сенімді жоғалтады. Егер депутат айтқандай, журналистер немесе азаматтар сот процесі, айыпталушы мен жәбірленуші тарап туралы жалған ақпарат таратып жатса, ол үшін жаза қарастырылған.

Ұсыныс қайта қаралмайды

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халық­аралық қорының сарапшысы Ғалия Әженова да «Кез келген адам өз еркімен және заңды жолмен ақпаратты алуға және таратуға құқылы» деген Конституция­мыздың 20-бабын,  оған қоса Азаматтық іс жүргізу кодексінің 19-бабында көрсетіл­ген жариялылықтың қағидаларын білмеген депутаттың ұсынысы ұтымды шықпаға­нын жеткізді. «Судьяның шешім шығаруы­на қоғамдық пікір әсер етеді дегенге сенбеймін.  Журналистер сотқа қатысса, бір тарапқа болысқанын көрмеппін. Олар сот процесіне сол болып жатқан сот процесінің қалай өткені, тараптардың не айтқаны және іс материалында көрсетілген жайларды ғана жария етіп келеді. Сондықтан журналистердің ақпарат алудағы құқығын шектеуге болмайды», – дейді Ғалия Әже­нова. Жұмыс тобының мүшесі Снежанна Имашева «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қыркүйектен бастап қаралып жатқанын айтты. Сондай-ақ жұмыс тобына журналистердің шақыртылмағанын, өйткені әріптесінің ұсынысы қабылдан­бағанын жеткізді. Айтуынша, тап осындай  ұсыныс басқа да депутаттардан түспейді. Себебі жұмыс тобының шешімі өз күшінде. Ұсыныс қайта жасалғанымен, қайта қа­был­дау мүмкін емес.

Жадыра МҮСІЛІМ