Тәжікстандағы жаттығу: «Талибанның» қаупіне қарсы десек те...
Тәжікстандағы жаттығу: «Талибанның» қаупіне қарсы десек те...
138
оқылды

Қазан айының 17-23 аралығында Тәжікстанның түс­ті­гіндегі «Харбмайдон» және полигонда ҰҚШҰ күштерінің бір­лескен оқу-жаттығуы өтті. Жаттығуға Қазақстан сар­баздары да қатысты. Тек көкейде «бұл жаттығулар «Та­ли­банның» шамына тиіп кетпей ме?» деген сауал қалды.

Негізі, тамыздан бері Тәжік­стан аумағында Ресей әскерінің қатысуымен бірнеше оқу-жаттығу өткен-ді. Қазақстан, Беларусь, Армения, Қырғыз Республикасы сарбаздары «Харбмайдонға» жиналып жатқан сәтте, тәжік пен ресейлік жауынгерлер бұл ау­мақ­тан солтүстікке қарай 400 ша­қы­рым жердегі «Момирак» полиго­нында бірлескен жаттығу өткізіп жатқан еді. Кейін ҰҚШҰ күште­рінің бірлескен жаттығуына қаты­су үшін әлгі сарбаздар «Харб­май­донға» жеткізілді. Осылайша, ұйым­ға мүше 6 мемлекеттің әс­кери бөлімдері Ауғанстан жақтан қандай да бір қатер төне қалса, тойтарыс беру амалдарын пысық­тады. Әрине, тікелей ҰҚШҰ ел­дерінің барлығында тыйым са­лынған «Талибан» қозғалысынан қауіп төнетінін айтқан ешкім болған жоқ. Әскерлер террорис­терге қарсы күрес амалдарын пы­сықтаған «Өзара іс-қи­мыл-2021», «Іздеу-2021», «Эше­лон-2021» деген атау берілген жаттығулар бірнеше әскер түрінің қатысуымен ерекшеленді. Ал бұл жаттығуларға барлаушылар, же­дел әрекет ету күштері, мате­риал­дық-техникалық қамтамасыз ету бөлімдері қатысты. Жаттығуға 6 мемлекеттен 4 мыңнан астам жауынгер, 500-ден астам техника тартылған. Соның ішінде 150-дей қазақстандық жауынгер бар.

Төрт жаттығудың үшеуі Тәжікстанда өтті

Жалпы, ҰҚШҰ-ға мүше мем­лекеттер Қарулы күштерінің бір­лескен жаттығулар өткізіп тұра­тыны баршаға аян дүние. Жыл сайын түрлі тақырыптар бойынша бұл ұйым оқу-жаттығулар өткі­зетіні бар. Ұйым биыл да білге­ні­нен жаңылған жоқ. Бірақ ҰҚШҰ әскери жаттығуларының биыл сәл өзгеше болғанын алға тарту­шылар бар. Бірқатар ақпарат құ­ралдары ұйым аясында өткен төрт бірлескен жаттығудың үшеуі Тә­жікстанда өткенін жазды. Алайда бұл шындыққа жанаспайды. Тә­жікстанда өтіп жатқан әскери жаттығулардың барлығы ҰҚШҰ аясында ұйымдастырылған жоқ. Бірқатары Ресей мен Тәжік­стан­ның бірлескен жаттығуы болса, кейбіреуі ғана ҰҚШҰ ұйымдас­тырған шаралар. Жалпы, ҰҚШҰ жыл сайын мүше елдердің аумақтарында жат­тығулар өткізіп тұрады. Мәселен, биыл «Мызғымас бауырлас­тық-2021» жаттығуын Беларусьте өтсе, Тәжікстан мен Қырғыз Рес­публикасында «Жауынгерлік бауырластық-2021», «Рубеж-2021» жаттығулары ұйымдастырылды. Тек Қырғыз Республикасында қыркүйекте өткен «Рубеж-2021» жаттығуына тәжік әскерилері қа­тысқан жоқ. Шамасы өздерінде басталған Ресей-Тәжікстан бір­лескен жаттығуларына көбірек көңіл бөлгенге ұқсайды. Әйтпесе бұлар тамызда Ауғанстан билігі «Талибан» қозғалысының қолына өткеннен кейін ғана пайда болған жаттығулар емес. Бірақ көптеген сарапшылар ТМД кеңістігінің оңтүстік аймақтарында әскери жаттығулар жиілегенін алға тар­тады. Өйткені қалай болғанда да Ауғанстандағы қарулы топтардың Орталық Азия мемлекеттеріне қауіп төндіруі әбден мүмкін. «Тәліптерге» сенім жоқ. Оны Ресей орталық әскери округінің қолбасшысы, генерал-полковник Алекстанда Лапин ашық айтты. «Тәжікстанда аяқталған ҰҚШҰ жедел әрекет ету ұжымдық күш­терінің жаттығуы Ауғанстандағы жағдайдың күрделенуіне нақты жауап», деді. Ал А.Лапиннің орын­басары Евгений Поплав­скийдің сөзіне сенсек, Ауғанстан Тәжікстанмен арадағы шекараға арнайы күштер орналастыра бастапты. Ол «Талибанның» тағы бір террористік ұйым ДАИШ-қа жақтас топтарды жоюға ұмтыла­тынын, бірақ бәрібір ҰҚШҰ сырт­қы шекарасына қауіп төнді­ретінін айтады. Тәжікстан Қор­ғаныс министрі Шерали Мирзо өз елі «тәліптердің» қолына мол қару-жарақ түскеніне алаң­дай­тынын айтты. Ал Қазақстан әске­рилері бұл жаттығуға қатысудың себептерін атамады. Шамасы қоғамға жыл сайын өтіп тұратын жаттығулардың бірі ретінде ғана месседж жолдауға бекінген сы­ңайлы. Сөзімізге Қазақстан Қа­рулы Күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшылығы, Әскери даяр­лықты ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары Марат Әбділхановтың сөзі дәлел. Ол Тәжікстан жерінде өткен жаттығу тәрізді іс-шаралар ерте жоспар­ланатынын айтты. «ҰҚШҰ Жедел әрекет ету ұжымдық күштері ая­сында бұл оқу-жаттығу жыл бойы жоспарланды. Яғни, біз мұндай жаттығуларды бір жыл бұрын жоспарлаймыз», – деді ол масс-медиаға берген сұхбатында. Тәжікстандағы жаттығу

Тәжікстанның кесірі өзгеге тимей ме?

Әрине, ҰҚШҰ аясында өтетін әскери жаттығуларды ерте жос­парланған шаралардың қатарына жатқызғанымызбен, Орталық Азия аумағында жағдайдың күрделі екенін атап өту керек. Өңірдегі елдердің басым бөлігі Ауғанстанда билікке келген «Та­либан» қозғалысымен азды-көпті диалог орнатты. Өткен аптада Қазақстан Президентінің арнайы өкілі Ержан Қазыхан да Кабулға барған. Өзбекстанның да «тәліп­термен» диалог орнатып жатқа­нын білеміз. Қытай да, Ресей де, Пәкістан мен Иран, Үндістан да, Қырғыз Республикасы да, алыс­тағы АҚШ-та, Франция да, Гер­мания да, қысқасы әлемдегі көп­теген елдер «Талибанмен» тілдесіп үлгерді. Тек Тәжікстан ғана ымы­раға бармайтын сыңай танытып отыр. Ресми Душанбе тамыздан бері «Талибанға» қарсы ұстаны­мын байқатып келеді. Тіпті, Тe­legram арналарда Ауғанстандағы Панджшер шатқалының бірнеше ауданын бақылауында ұстап отырған «Ауғанстан халықтық қарсылық майданы» деп аталатын топқа, оның жетекшілері Ахмад Масуд пен Амруллах Салехқа астыртын көмек көрсетіп жат­қаны да бірнеше мәрте айтылып қалды. Көмегін білмейміз, бірақ Эмомали Рахмон қыркүйектің басында Тәжікстанның ең жо­ғар­ғы марапаты Исмоил Сомони орденімен Ауғанстанның бұрын­ғы Президенті Бурхануддин Раб­бани мен экс-Қорғаныс министрі Ахмад Шах Масудты марапаттаған еді. Қос саясаткер де өмірден өт­кенге дейін «Талибанның» алғаш­қы әрекеттеріне қарсы күрескен «Солтүстік альянстың» жетек­ші­лері болған еді. Ахмад Шах Масуд 2001 жылы, Б.Раббани 2011 жылы «тәліптер» ұйымдастырған тер­рористік акт салдарынан қаза тап­қан еді. Екеуінің де ұлты тәжік бо­латын. Сол қайраткерлерді Тә­жік­станның ең жоғарғы награ­дасымен марапаттау арада 20 және 10 жыл өткен соң ұйымдас­тырылғаны да күмән тудырғаны рас. Сырт көзге тікелей Душан­бенің «Талибанға» қарсы ұста­ным­да екенін байқатады. Шамасы Душанбедегі саясаткерлердің қолтығына біреу су бүркіп, айдап салып отырған сыңайлы. Әйтпесе, Ауғанстанның қос саясаткерін «Талибан» билікті басып алмай тұрып та марапаттауға болар еді. Кім білсін, Эмомали Рахмонға кеңес беріп отырған біреулер Ауғанстан халқының шамамен 33-46 пайызы болуы мүмкін тәжіктердің сөзін сөйлеп, батыр­сынуды тапсырғанға ұсқайды. Әйтпесе, Тәжікстанның әскери күші іс жүзінде «Талибан» қозға­лысының шабуылына төтеп бере қоярына күмән басым. Рас, ресми Душанбенің Ау­ған­стандағы «Джамат Ансаруллах» дейтін топтың бар екені, оның Тәжікстан билігіне қарсы әрекет ететінін біледі. Бәлкім, Душан­бенің «Талибанға» қарсы қатаң позиция ұстануына осы топты «тәліптердің» жоюға ұмтылмауы да әсер еткен болуы ықтимал. Дегенмен Тәжікстанның «тәліп­терге» қыр көрсетуі тұтас Орталық Азияның қылыштың жүзімен жүруге мәжбүрлейтін сыңайлы. Ал мұндай жағдайда «сүйенерің бізбіз» дейтін «аға» жалғыз те­ріскейдегі жұрт. Кім біледі, Ду­шанбені еліртіп отырған сол ел шығар. Ал Тәжікстан жерінде бір­лескен жаттығу ұйымдас­ты­рып, Мәскеуде 27 қазанда өтетін басқосуға «тәліптердің» өздерін шақырып отырған Ресей мемле­кеті аймақтағы ықпалын күшейте берері сөзсіз.

Ардақ СҰЛТАН