Қызылжарлықтардың жанайқайы
Қызылжарлықтардың жанайқайы
266
оқылды

Шымкент қаласына қарасты 20 мыңнан астам тұр­ғыны бар Қызылжар шағынауданының тұрғындары көп­тен бері мұңын айтып, құзырлы органдарға ша­ғым­данып жүрген. Елдің ертеңі болар балаларының бола­шағын ойлаған қызылжарлықтар мектепке тиесілі спорт алаңшасының бұзылып, жекенің меншігіне өтіп бара жатқанына алаңдайды.

Себебі мектеп жанындағы спорт алаңшасын жекеменшік  ме­дициналық мекеме сатып алып, басқа ғимарат салып жат­қанын естиді. Бүгінге дейін осы­нау аумақ қоршалып,  ішінде үл­кен-үлкен техникалар құрылысты қыздырып жатыр. Жер толығымен қазылған. Ауыл тұрғыны Кеңес Жақиябековтің айтуынша,  ша­ғым айтып бармаған жері қал­мапты. «Құрғақ уәдеден шарша­дық. Бұл жағдай біздің жанымызға батып жүр. Стадион балалары­мыз­дың болашағы үшін керек. Жеке басымыз үшін шырылдап жүрген жоқпыз. Балаларымыз ойнайтын, бойын шынық­ты­ратын, бос уақытында спорттық ойындар арқылы жаттығатын алаң бұл. Халық үшін стадионды сақтап қалайық, жекенің мен­ші­гіне кетіп өзге мақсаттағы ғима­ратқа айналып кетпесін деген шырылдаған үнімізді билік ести­тін емес», – деп жанайқайын жет­кізді ауыл ақсақалы. Бұл құ­рылыс жұмыстарының заңсыз екенін айтып, бүкіл ауыл өре түрегелген. Талай есікті тоздырып, әділдігіне жете алмай жүр. Осылайша, мектеп стадионын қорғаған Қызылжар шағынау­да­нының тұрғындары Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің Жер ре­сурстарын басқару комитетіне дейін жетті. Қоғамда үлкен пікір­талас тудырған бұл жағдайдан ке­йін  департамент Шымкент қа­ла­сы әкімдігіне қатысты жос­пардан тыс тексеру ұйым­дастыр­ған. Тексерушілер құрылыс ала­ңына барып, біраз  қызықты  де­ректердің куәсі болады. «Медикал Центр Шұбарсу» ЖШС норма­тив­тік құқықтық актілердің та­лап­тарын сақтамай 2,7 гектар аумақты алып жатқан №53 мектеп стадионының орнынан емхана салу жұмыстарына кірісіп кетеді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов атап өтті. «Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44, 48, 109-баптарын бұза отырып, қала құрылысы құ­жаттамасының талаптарын ес­кермей, сондай-ақ аумақтан тыс жер учаскесінде орналасқаны анықталды. 2020 жылдың 12 та­мызында  «Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Гүлістан көшесінде орналасқан 2,01 га жер учаскесін жалға беру құқығын беру туралы қаулы қа­былдаған. Бұл ретте, сәулет және қала құрылыс саласындағы функ­цияларды жүзеге асыратын құ­рылымдық бөлімшенің қорытын­дысында аталған жер учаскесі Шымкент қаласының бас жос­парын нақтылау жөніндегі егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес спорт ғимараттарын ор­нату болып бекітілген», – деді ол. Сондықтан комитет қолда­ныс­тағы ережеге сәйкес сот ор­ны­на талап-арыз жолдапты. Ко­митет төрағасы бұл қадамға әкім­дік олқылықты өз тарапынан жоймаған соң барғанын айтады. «Енді жер учаскесі сотпен мем­лекеттік меншікке қайтарылуы тиіс немесе бастапқы жағдайға келтіріледі», – дейді. Жергілікті билік өкілдері қызылжарлықтарға  жаңа емхана қажет екенін хабар­лаған екен. Алайда заманауи ме­ди­циналық орталық тұрғызуға бұдан өзге орын таппапты. Бұл жер учаскесі «ӘКК» АҚ меншігінде болған кезде акцио­нерлік қоғам сатып алу сату шар­ты негізінде жалға алу құқығын ре­сімдей алған. Алайда Мұрат Те­міржанов Қазақстанда жер учас­келері мен жер заңнамасына қа­тысты мұндай бостандықтарға ты­йым салынғанын еске салады. Жер кодексінің 44-бабының 1-тар­мағына сәйкес жергілікті атқарушы органдар бекітілген бас жоспарлардың немесе елді мекен аумағының схемаларының қатаң сақталуын қамтамасыз етуге мін­детті. «Жер кодексінің 48-бабы­ның 1-тармағына сәйкес, мемле­кет меншігіндегі және пайдала­нуға берілмеген жер учаскелерін жалға беру құқығын беру кон­курс­тарда (конкурстарда, аук­циондарда) жүзеге асырылады», – деп түсін­дірді Мұрат Темір­жанов. Одан бөлек, Қазақстан Жер кодексінің 109-бабының 1-тар­ма­ғына сәйкес қалалардың, кент­тердің, ауылдық елді мекендердің барлық жерлері олардың бас жоспарларына, жер учаскелерін ег­жей-тегжейлі жоспарлау, да­мыту жобалары мен жобаларына сәйкес пайдаланылады. Заң бо­йынша елді мекендердің барлық жерлері тек бас жоспарға немесе жоспарлау жобасына сәйкес пай­даланылуы керек екен. Сол се­бепті Қазақстан Ауыл шаруа­шы­лығы министр­лігінің Жер ресурс­тарын басқару комитетіне анық­талған бұзушы­лықтарды жою және заңсыз қа­былданған шешім­дердің күшін жою туралы орын­дауға ұйғарым жіберілген. Қазір комитет заңды тұлғаға мектеп стадионының жер телімін беру туралы заңсыз қабыл­данған қау­лының күшін жою туралы талап арыз беріпті. Комитет тарапынан қозғалыс бар, енді медициналық орталық­тың құрылысы тоқтамақ. Ал әкім­дік  өз қаулыларын қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіріп, аталған заңбұзушылықтардың алдын алуды жалғастыруы тиіс. Ендеше қызылжарлықтардың қуанатын күні де алыс емес. Бірақ оларды осынша әуреге салып, заңға қайшы жұмыс істеген тиісті орган да жазасыз қалмауы тиіс...

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы